Алғашында қазақ мектебі болады деп салынған Алматыдағы №224 мектептің төңірегіндегі айқай-шу әлі мәреге жеткен жоқ. Таза қазақ мектебі болады деген мектептің маңында тұратын орыстілді ата-аналар жиналып аралас мектеп жасаңдар деп қысым көрсетіп, содан басшылық солардың ықпалымен аралас мектеп жасауға кіріседі. Бұны естіген қазақ балаларының ата-аналары қарсы шығып, арты үлкен дау-дамайға айналды. Әупіріммен қазақтар мектепті қазақ мектебі етіп ашуға қол жеткізді. Дегенмен, басшылық әлі де аралас мектеп жасау бағдарын ұстанып отыр. Олар орыстілінде сабақ беретін мұғалімдер құрамын жасақтап, аралас мектеп жасаудың әрекетін істеуде.
Ата-аналар неге балаларын орыс мектебіне бергілері келеді?
Егер ақыл таразысына салып қарсақ, бұның бірқатар себептері бар екенін бағамдаймыз. Ең басты себеп: орысша оқыған, қазақ тілін білмейтін ата-аналар өздері сияқты баларының да орыс тілінде сөйлеуін қалайды. Олардың кеңес заманынан саналарына сіңіп қалған бір түсінік: қазақ мектептеріндегі білім сапасы орыс мектептерімен салыстырғанда төмен деген ұстаным. Қазіргі ресми статистикаға назар аударсақ, мектеп бітіріп жатқан түлектердің 70 пайызы қазақ мектептерін бітіруде, жоғары оқу орындарына түсу үшін тест тапсырушылардың 80 пайыздан астамы қазақша тапсырады. Қазақ мектептерінде оқитындар арасында түрлі олимпиадалардың жүлдегері атанып жүргендер, мектепті алтын белгіге бітіріп, мемлекеттік тестіні жоғары деңгейде тапсырып жатқандар көп. Бірақ «көрмес, түйені де көрмес» дегендей, орыс тілді ата-аналар бұның ешқайссын көздеріне ілмейді. Олар баяғыша, «қазақ мектептерінің оқу сапасы төмен» дегенді үнемі алға тартып, балаларын қайткен күнде де орысша оқытуға ынталы. Өкініштісі, 224 мектеп аралас мектеп болсын деп айқайлап ұрандатып жүргендердің дені қазақтар.
Ата-аналардың балаларын орысша оқытуға құлықтылығының тағы бір себебі: Қазақстан деп аталатын тәуелсіз мемлекеттің болашағына сенбеуде екені анық. Көбінің жоғарғы білімі бар сол ата-аналар өздерінің тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқандығын, бұл елде Конституция бойынша мемлекеттік жалғыз тіл – қазақ тілі екендігін жақсы біледі. Бірақ та, отыз жылдан астам уақыт ішінде қазақ тілін үйренбеген олар бұл елдің болашағына сенімсіздікпен қарайды. Олардың түсінігінше, Қазақстан бұрынғыша Ресейдің бір аймағы болып табылады. Соған орай, бұл елде қазақ тілі ешқашан мемлекеттік тіл бола алмайды, сондықтан ол тілді үйренуге уақыт жұмсап, әуре болудың еш қажеті жоқ. Өздері тіл үйренуге құлықсыз олар балаларын да орыс тілінде оқытады.
Қазақстанға қарсы ақпараттық соғыс жүріп жатыр
Ресей президенті Владимир Путин өзінің негізгі мақсатының бұрыңғы КСРО-ны қалпына келтіру екендігін еш бүкпесіз жасырмай айтты. Осыған орай, ресейліктер арасында бұрыңғы одақтан шыққан елдерді өздерінің провинциясы сияқты санау түсінігі қалыптасқан. Таяуда ғана ресейлік пропагандист Мардан орыс тілі мен орыс ұлтына қарсы әрекеттер көбейіп кеткендіктен, Астананы қазақ ұлтшылдарынан тазарту қажет деген ұсыныс айтты. Қазақстанның тәуелсіз ел екенін мүлдем қаперіне алмаған Мардан еш шімірікпестен, Астананы ұлтшыл белсенділерден жедел тазарту әрекетін жүзеге асыруға шақырды. Бұл сөздің астарында оның Қазақстанның тәуелсіздігін мүлдем мойындамайтыны жатқаны айдан анық.
КСРО-ны қалпына келтіру әрекетін Украинадан бастаған Ресей алғашында үш күнде елді жаулап аламыз деп даурықса, қазір үш жарым жылдан астам уақыт бойы мыңдаған әскері мен техникасын құрбандыққа шалып, шағын елді жеңе алмай әуреге түсуде. Осы жылдардың ішінде бір млн-нан астам Ресей сарбаздары қаза тапқан. Әлем елдері тарапынан жасалған санкцияның салдарынан Ресей экономикасы қатты зардап шегуде. Ал соңғы кезде соғыс қимылдары Ресей жеріне ауысып, дрон жасау өндірісін жақсы жолға қойған Украина Ресейдің мыңдаған шақырым ішкергі аумақтарына соққылар беруде. Осының салдарынан энергетикалық инфрақұрылымдар зардап шегіп, қазір елде жанар май тапшылығы анық сезілуде.
Бүгінгі күні мына жай анық байқалып отыр: Ресей енді ешқашан Украйнаны жеңіп, жерін тартып ала алмайды. Ресурстық әлеуеті қатты әлсіреген Ресей соған қарамастан, КСРО-ны қалпына келтіру мақсатынан бас тартар емес. Енді ол бұрыңғы одақ елдеріне қарсы ақпараттық соғысты өршітуде. Ақпарат құралдары тарапынан, жекелеген саясаткерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері атынан бопсалау, қоқан-лоққы жасау әрекеттері әрдайым көрініп қалады.
Қазақстан да соңғы жылдарда Ресейдің ақпарат шабуылының нысанына айналды. Аслан Төлегенов, Эльвира Ваис сияқты жекелеген қазақстандық блогерлердің аузымен Қазақстанда орыс тіліне, орыс ұлты өкілдеріне қарсы жасалып жатқан қысым туралы жарияға жар салынуда. Қазақстандағы белең алған русофобия жайында жағы талмай айқайлайтын Аслан Төлегенов деген блогердің үйінен 3 млн Ресей рублі табылған. Бұның өзі ол блогерлер Ресейдің арнайы қызметі арқылы қаржыландырылып, оларды ел арасына от салу үшін пайдаланып отырғандығын айғақтайды.
Жоғарыда тілге тиек еткен Алматыдағы қазақ мектебінің айналасындағы айқай-шудың астарында да сол Ресейдің арнайы қызметінің ұзын қолының ықпалы жатқанын бағамдауға болады. Ашынған қазақ ата-аналардың бірі әлеуметтік желіде Ресейде отырған біреулердің Қазақстанға қоныс аударған отандастарына «уақытша тіркеуге тұрып, балаларыңды 224-ші мектепке береміз деп қысым жасаңдар» деген мазмұндағы жазбаларын мектеп басшылығының назарына ұсынды. Видеоүндеу жасап, аралас мектеп жасаймыз деп даурғып жүрген шағын топтың кімнің сойылын соғып жүргенін аңғару қиын емес. Егер біздің құқық органдары сол белсенділерді тексерер болса, нешетүрлі былықтары ашылатыны анық.
Осының алдында Алматыда ашылған 115-ші қазақ мектебін де аралас мектеп жасаймыз деп әлдекімдердің даурығып, қанша айқай-шу туғызғаны есімізде. Яғни, бұның бәрі Қазақстанға сырттан жасалып отырған ақпараттық қысым екені анық байқалады. Өкініштісі, сол саяси ойынға өз қандастарымыз да тартылып, азын-аулақ ақшаға ұлты мен елінің мүддесін сатуда. Аслан Төлегенов, Элвира Ваис, Анастасия Ахметова сияқты ресейдің мүддесін жанын сала қорғап, өзі нанын жеп отырған елге қара күйе жағушылар жалғыз емес. Олар бірқыдырау және 224-ші мектеп төңірегінде шу шығарып жүрген белсенділер сияқтыларды азғырып, немесе ақшаға сатып алып, өздерінің бүлдірушілік әрекеттерін ашықтан ашық жасауда.
Жаралы аңның соңғы тұяқ серпуі
Украйнадағы соғыстан әбден қалжырап, әскери қуаты әлеуетін тауысуға айналған қазіргі Ресейді жаралы арыстанға теңеуге болатындай. Қозғалудан қалып, орға құлаған жаралы арыстан өзін жеуге жан-жақтан анталаған шүйебөрілерге жалын күдірейте ақырып, айбат көрсетпей ме. Украинаға қарсы соғыстан әбден қалжыраған Ресей де қазір бұрыңғы КСРО құрамында болған елдерге қарсы жалын күдірейте айбат шегіп, ақпарат құралдары арқылы бопсалауда.
Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейдің атақонысы атап, оны кеңес үкіметі тұсында қазақтарға сыйға тартты деген мазмұндағы мәлімдеулерді жәй біреулер емес Никонов, Федоров сияқты Дума депутаттары айтқаны есімізде. Дума спикерінің орынбасары Петр Толстоидың Украйнадан кейінгі шабуыл нысаны Қазақстан болуы тиіс деген мазмұнда мәлімдеме жасауы кезінде қазақстандықтар тарапынан біраз ашу-ыза туғызған еді.
Қазақстандағы орыс ұлты өкілдерінің мүддесін қорғау желеуімен Ресей билігі тарапынан еліміздегі орыс тілінің жайына қатысты түрлі мәлімдемелер әредік айтылып жүр. Ресейдің ресми билігі осындай ұстанымды ұстанып отырғандықтан болар, Қазақстанда тұратын орыс ұлтының өкілдері және орыстілділер тарапынан қызметті қазақ тілінде көсретуге қатысты қазақтардың пікіріне ашық наразылық таныту, оларды ұлтшылдар деп айыптау белең алды. Орысша білмейтін қазақтарды қазақша сөйлегені үшін айыптап, ұлтшыл атап, тіпті тіл тигізіп, балағаттау оқиғалары орын алып қалуда. Бұның өзі қазақ тілділер мен орыстілділер арасын ушықтырып, текетіресті күшейтуде. Бұндай оқиғалардың сыртында тағы да Ресейдің арнайы қызметінің ұзын қолының ықпалы сезіліп қалады.
Мемлекеттік мекемеге барып, мемлекеттік тілде сөйлегені үшін ұлтшыл атанып, балағат сөз есту кімге жағады дейсің. Бұндай оқиғалардың соңы құқық органдарының араласуымен, тіпті сотта қаралумен аяқталып жатады. Күні кеше қарағандылық Алика Мұхамедиева деген әйелге қатысты сот шешімі шықты. Әлеуметтік желіде қазақтарды “мәмбеттер, калбиттер” деп балағаттаған әйел заң шеңберінде жазаға тартылды. Қазақтарға қара күйені аяусыз жағып, Алаш арыстарын сатқындар деп айыптаған көкшетаулық Аслан Төлегеновке қатысты қылмыстық іс сотта қаралмақ. Өкінішке орай, қазақтың жерінде жүріп, қазақтың тілін менсінбейтін, тәуелсіздігін мойындамайтын және қазаққа жау ретінде қарайтын осындай азаматтар әр өңірден кездеседі. Олардың аспаннан түспегені анық, яғни бұның астарында Ресейдің елімізге қарсы жүргізіп жатқан ақпараттық соғысының салқыны жатқаны белгілі.
Ресейдің қыруар қаржы шығарып, көрші елдерге қарсы жасап жатқан ақпараттық соғыстарының нәтижесі олар күткендегідей болмай тұр. Керісінше, бұның өзі Ресейді одан әрі оқшаулап, бұрын достық қабақ танытып келген елдердің теріс айналуына соқтыруда. Қазір Армения ашықтан ашық Ресейге қарсы бағдар ұстануда. Соңғы кезде Ресейдің Әзірбайжанмен арақатынасы қатты шиеленісіп кетті. Молдовадағы сайлауға араласып, парламентте басым дауыс аламыз деген ресейшіл саяси күш сайлауда жеңіліс тапты. Осылайша, Ресейдің ақпараттық соғысы да Украинадағы сияқты сәтсіздікке ұшырап, алып державаның ахуалы нашарлап барады.
Орыс тілінің болашағы бар ма?
Балаларын орыс мектебіне оқытуға ынталы қазақстандық ата-аналардың осындай қадамға баруының астарында мұрнынан арыны көрмейтін тайыз ойлы надандық жатқаны айдан анық. Неге десеңіз, егер ақыл таразысына салып қарар болсаңыз, орыс тілінің болашағының жоқтығын көкірек көзі ашық әрбір жан анық аңғарар еді.
Мәселен, КСРО болған кезінде онда тұратын 250 млн адам орыс тілін мемлекеттік тіл деп санап, сол тілде сөйледі. Оған шетелдерде жүрген орыс диаспорасын, КСРО-ның ықпалындағы социалистік елдерді қосыңыз. Сонда орыс тілінде сөйлейтін адамдар қатары 300 млн-ға жуықтап қалатынынын бағамдайсыз. Ал КСРО құлаған соң бөлініп шыққан одақтас республикалардың көбі орыс тілінен бірден іргелерін аулақ сала бастады. Балтық жағалауы елдері бірден өз ана тілдерін мемлекеттік тіл деп жариялап, орыс тілінен бас тартса, соңғы кездерде Қазақстаннан басқа Орта Азия елдері де орыс тілінен аулақтап кетті. Кавказ республикалары да орыс тілінен аулақтап барады. Соғыс басталғалы бері украиндар да өз ана тілдеріне көшіп, орыс тілінен бас тартуда. Қазір орысша сөйлейтін Ресей мен Белорусь қана қалды. Оған Қазақстанды қосыңыз. Қазіргі мәліметтерге нгазар аударсақ, бір кезде 300 млн адам сөйлеген орыс тілінде бүгінде 150 млн-дай адам сөйлейді. Яғни, отыз жылдың ішінде орысша сөйлейтіндер қатары екі есеге кеміген.
Ресми мәліметтерге назар аударсақ, Қазақстанда мектеп бітіріп жатқан оқушылардың 70 пайызы қазақ мектептерін бітіруде. 30 жасқа дейінгі жастардың 80 пайыздайы орыс тілінде сөйлей алмайды. Орысша сөйлеп және орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ету қажет деп ұрандатушылар негізінен орта және егде жастағы адамдар. Қазақстандағы орыстілділер саны жыл санап азайып бара жатса, керісінше қазақша сөйлейтіндер қатары көбейе түсуде. Қазақстандықтардың 23 пайызы ағылшынша еркін сөйлей алады екен. Яғни, ұлтаралық тіл мәртебесі ақырындап орыс тілінен ағылшын тіліне қарай ауысуда.
Әлеуметтік желіде жасанды интелектіден “Қазақстанда болашақта қай тіл үстем тіл болады” деген сауалға, 2030 жылға қарай қазақстандықтар түгелдей қазақ тіліне ауысады деген жауап алынды. Жасанды интелект болашақты болжайтын көріпкел емес, дегенмен ол қолдағы бар ақпараттарды талдау арқылы логикалық қортынды жасай алады. Сондықтан, жасанды интелектінің 2030 жылға қарай Қазақстанда қазақ тілі бірден бір кең қолданылатын мемлекеттік тіл болады деген болжамы бос сөз емес, нақты мәліметтерге сүйене жасалған болжам екені анық.
Түйін
Үш жүз жылдан астам уақыт Ресейдің боданы болып, бастандығы шектелген қазақ халқы сол жылдардың ішінде отаршылар тарапынан көптеген зомбылық, әділетсіздік көрді. Дегенмен де, отыз төрт жыл бұрын азаттық таңы атып, еліміз тәуелсіздігін алды. Бірақ та, үш ғасыр үстемдігін жүргізген Ресей бұрыңғы бодандарынан оңай айрылғылары келмей, түрлі айла-шарғылармен өз үстемдігін сақтауға тырысып бағуда. Ықпалынан шығып бара жатқан Украйнаға Ресей ашық басқыншылық жасады. Орыс ұлтының өкілі көп Қазақстанға да Ресей тарапынан үнемі ақпараттық қысым көрсетіліп келеді. Қазақстанда қазақ мектептерін ашуға ашық қарсылық жасалу да сондай саяси қысымның бір тәсілі екені белгілі. Дегенмен де, қазақта “таңның атпасына күн қоймайды” деген мақал бар. Тәуелсіз Қазақстанда қазақ ұлтының өкілдерінің саны жыл санап өсіп, қазақша сөйлейтін жас ұрпақ қатары көбейіп келе жатқан қазіргі таңда жыл санап қатары селдіреп бара жатқан, бүгінде қауқары қайтып, қуатынан айрыла бастаған Ресейге арқа сүйеген орыстілділердің орыс тілін сақтау үшін жасап жатқан әрекеттерінің еш нәтиже әпермейтіні қазір көкірек көзі ашық әрбір жанға тайға таңба басқандай анық жай болып отыр.
Оқу жылының басында дау-дамаймен ашылған Алматыдағы 115-ші мектеп қазақ мектебі болса, 224-ші мектеп те толықтай қазақ мектебі болатыны сөзсіз. Ит үреді, керуен көшеді. Болашаққа бағдар ұстанған тәуелсіз қазақ елінің заманауи көшін ешкім де тоқтата алмайды енді.
Қалкөз Жүсіп.





