24.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтар«Арқа ажары» газеті  қоғамның үні ме, әлде көлеңкесі ме?

«Арқа ажары» газеті  қоғамның үні ме, әлде көлеңкесі ме?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Соңғы кездері осы мәселе жиі мазалайтын болды. Оған себеп, газеттің бүгінгі жүргізіп отырған саясаты дер едім. Бүгінгі таңда ел ішінде қызу талқыланып жатқан әлеуметтік мәселелер жеткілікті. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз – Перизат Қайраттың соты, қазақтарды «мәмбеттер» деп атаған Алика Мұхамедиеваға қатысты дау, «Бағанашыл» балалар үйіндегі жанайқай… Мұндай тақырыптар қоғамда үлкен резонанс туғызып отыр. Желіде желдей ескен осы жаңалықтардағы пікірлерді оқып, халықтың алаңдап, әділет пен ақиқат іздеп отырғанына куә боласын.

Алайда, осындай өзекті мәселелер еліміздің аймақтық баспасөзінде, соның ішінде Ақмола облыстық «Арқа ажары» сияқты басылымда көрініс таппай отырғаны мені ойландырмай қоймады. Газеттің сайтын ашып қалсаң «Таңдаған мамандығына адал азамат», «Белсенді ұзақ өмір сүру – қамқорлық пен құлшыныстан», «Кадр тапшылығын белсенді түрде шешу керек» тәрізді оқырманға жауыр болған, құрғақ отчет сипатындағы мақалалар. Жетістікті дәріптеу, ресми жиынды баяндау, басшыны мақтау, құрғақ статистиканы тізу кімге керек? Нағыз жанды, қоғаммен байланыстағы шынайы журналистика қайда? Неге үнсіз?!.

Бұрындары обкомның айдағанымен жүретін редакторлар «Үнсіздік – әлсіздік емес, мықтылық» деп ақталатын еді, ал қазір бұқаралық ақпарат құралдары үшін «Бүгінгі үнсіздік – ертеңгі сенімсіздік» болып саналады. Газет ол халықтың үні, шежіресі, кез келген газет қоғамда қайнаған шындықты жеткізе алмаса, өз миссиясынан алыстай бастайды.

Қоғамдағы мәселеге үнсіздік таныту, өткір тақырыптардан бойын аулақ салу, тек жағымды жаңалықтармен шектелу газеттің ақпарат кеңістігінде өз орнын жоғалтуының бір белгісі болып табылады. Дәл бүгінгі күні «Арқа ажары» газеті ақпарат кеңістігінде өз орнын жоғалтып барады. Газетте оқитын түк жоқ.  Сол себепті, оқырман ретінде «Арқа ажары» газетінен қоғаммен бірге тыныстап, ел ішінде айтылып жатқан мәселелерге назар аударуын сұраймын.

Егер қоғамның жанайқайына үн қоспаса, ел ішіндегі шындықты көрсетпейтін болса, оқырманның сұранысын қанағаттандырмаса, ондай газетке бюджеттің ақшасын шығындап не керегі бар? Баспасөз халықпен бірге өмір сүріп, оның үміті мен мұңын жеткізе алуы тиіс. Әйтпесе, ол – жай ғана қағаз бетіне түскен бос сөз.

Сырым Өтенов, Көкшетау қаласының тұрғыны, тұрақты оқырман.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Газетке күштеп жаздырту: Ұстаз — газетке емес, газет — ұстазға қызмет етуге тиіс!» тақырыбымен мақала жариялаған едік.

spot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз