20.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтар«Арқа ажары» – аты бар, заты жоқ газетке айналып барады...

«Арқа ажары» – аты бар, заты жоқ газетке айналып барады…

Сондай-ақ, оқыңыз...

Кезінде Ақмола өңіріндегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы болған «Арқа ажары» бүгінде құлдыраудың шегіне жетті. Газет – тек ақпарат көзі емес, қоғамдық пікірдің, халық үнінің айнасы болуы тиіс еді. Алайда қазіргі күйінде бұл басылым сол міндетін толық атқара алмай отыр.

Мазмұн жағы жұтаңдап барады

Соңғы жылдары «Арқа ажарының» беттері әкім мен министрлердің суреттеріне, жиналыстардың құрғақ есептеріне толып кетті. Ал өңірдің нақты проблемалары, ауылдағы ауыр тұрмыс, әлеуметтік әділетсіздік, қарапайым адамның мұңы газет бетінен көрінбей кетті. Сараптама, талдау мақалаларының не екенін білмейді. Журналистика – билікке жағыну емес, қоғамдағы шындықты айту. Бірақ бұл қағида «Арқа ажарында» ұмыт қалғандай.

Форматы мен мазмұны – өткен ғасырдың сарқыншағы

Газет әлі күнге дейін кеңестік дәуірден қалған ескі форматпен шығады. Қазіргі оқырман үшін ықшам әрі ыңғайлы формат маңызды екенін көп басылым түсінді. «Егемен Қазақстан», «Айқын» сынды ұлттық газеттер заман талабына бейімделді. Ал «Арқа ажары» сол қалпы. Бұл – тек полиграфиялық емес, редакция басшылығындағы тұтастай ойлау жүйесінің дағдарысы.

Штат қысқарып, ұжым тарады

Ең сорақысы – газеттің шығуына үш-ақ адам атсалысады, қалғандары зейнеткерлер, аты бар, заты жоқ. Бұрын ондаған журналист, корректор, беттеуші, дизайнер, техник қызметкер болған. Бүгінгі таңда бұл тізім жоқтың қасы. Газеттің өзі аптасына екі-ақ рет жарық көреді. Оны да кейде пошта кешіктіріп әкеледі. Шығатын газеттің өзі дұрыс жетпесе, онда оның мәні қандай?

Қаржылық жағдай – тығырықта

Газеттің қарызы 70 миллион теңгеге жеткені айтылып жүр. Оның 60 миллионы – салық органдарына, 10 миллионы – типографияға. Басшылық тарабы бұл қарызды өтеу үшін не істеп жатыр? Подпискамен, жарнама тартумен кім айналысып жүр? Бұрын әр ауданға барып, мекемелермен келісіп жүретін редакторлар бүгінде бұл істен қол үзіп қалған.

Басшылық ауыспай, газет дамымайды

Қазіргі директор – жетпістен асқан зейнеткер. Бас редактор – жетпіске таяп қалған адам. Адам зейнеткер болғаны үшін емес, істеген ісі үшін бағалануы керек. Бірақ жұмысқа келмей, үйде жатып жалақы алу – бұл тек газет ұжымына ғана емес, қоғамға деген құрметсіздік. Ал жастар қайда? Неге жаңа толқынға жол берілмейді? Неге «Арқа ажары» Жарасбай Сүлейменов сияқты өзінен кейінгілерді дайындап, орнын тапсыратын мәдениетті дәстүрді жалғастырмай отыр?

Мысал бар – нәтиже жоқ

Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан» газеті – жақсы үлгі. Тұрғыны аз, қазақтың үлесі төмен облыстың өзінде газет тиражы 8 мыңнан асады. Ал Ақмола облысында – қазақ көп, халық тығыз қоныстанған өңірде – тираж небәрі 1000 дана.

Үлкені де, кішісі де көзінің майын тауысып қарап отыратын әлеуметтік желідегі парақшасы (инстаграм) мүлдем тоқтап тұр (ең соңғы жаңалығы 2024 жылдың ақпан айында жарияланыпты).

Тик Ток, Телеграм дегені мүлдем жоқ. Бұл – жергілікті басшылықтың, редакция менеджментінің біліксіздігінің айғағы, әкімдік пен ішкі саясат басқармасының жауапсыздығы. Орысша айтқанда «дальше некуда» идеологияның «ниже плинтуса» төмен түсіп, жертөлеге келіп тірелгені.

 

Қорытынды

«Арқа ажары» – тарихы терең, беделі биік газет болатын. Қазір ол тек атауы бар, ал мазмұны жоқ, беделі төмендеген басылымға айналып бара жатыр. Бұл – тек бір басылымның мәселесі емес, өңірдегі қазақтілді ақпарат кеңістігінің дағдарысы. Егер бұл ахуал өзгермесе, ертең бұл газет те миллиондаған қарызымен тарих қойнауына немесе Көкшетау және Степной маяк газеттері сияқты біреудің меншігіне өтіп кетуі мүмкін. Газеттің бүгінгі басшылығынан оң өзгеріс күтуге болмайды.

Билік ақмолалық оқырмандардың жанайғайын ести ме? Әлде бәрі тым кеш қалды ма?

Газет тілімен айтқанда, осы мақала жазылып жатқан сәтте «Арқа ажарының» қызметкерлері редакциямызға хабарласып, үш айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүргендерін мәлімдеді.

«Бірнеше айдан бері жалақы жоқ, күнкөріс қиын. Ал басшылық тарапынан жауап та, әрекет те жоқ», – дейді редакцияда қалған санаулы журналистердің бірі.

Бұл сөздер – жай эмоция емес, өңірлік баспасөздің мүшкіл халі мен жүйелі дағдарысының айғағы. Қызметкерлер жалақысыз, газет – оқырмансыз, басшылық – жауапкершіліксіз қалса, «Арқа ажарының» болашағы қандай болмақ?

spot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз