13.8 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтар«Арқа ажары»: атауы бар,​ оқырманы жоқ,​ мазмұны әлсіреген басылым

«Арқа ажары»: атауы бар,​ оқырманы жоқ,​ мазмұны әлсіреген басылым

Сондай-ақ, оқыңыз...

Бір кездері өңірлік журналистиканың беткеұстары болған «Арқа ажары» газеті бүгінде оқырманынан алыстап, ақпарат кеңістігіндегі өз орнын жоғалтудың аз-ақ алдында тұр. Газеттің таралымы облыстық деңгейдегі басылымдар арасында ең төменгі көрсеткіш – 1,4 мың  данаға құлдыраған. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, іргедегі «Солтүстік Қазақстан» газеті – 8 мың, Қызылорда облысының «Сыр бойы» газеті – 21,7 мың, «Қостанай таңы» газеті – 4 мың, «Орталық Қазақстан» газеті – 3,5 мың дана.

 

«Бұл көрсеткіш – жай ғана статистика емес, газет пен қоғам арасындағы байланыстың әлсіреуінің айқын белгісі.

Бұл туралы бұған дейін​ Esilnews.kz​ порталында «Арқа ажары» газетінің қазіргі мүшкіл жағдайы туралы мақала жарияланып, мәселе көтерілген болатын. Алайда сол сәттен бері ешқандай өзгеріс, реакция, не ресми жауап болмады. Тек редакция басшысының әлеуметтік желідегі бір жапырақ, ақталу хатына ұқсайтын жазбасын көрдік.

Мұндай көлемді әрі нақты деректерге сүйенген сын мақалаға басшы тарапынан солай жауап беру – ұяттан бөлек, кәсібиліктің жоқтығын көрсетеді. Егер іске жаны ашитын білікті басшы болса, атқарылған нақты жұмыстарды, жетістіктерді дерекпен дәлелдеп, қазіргі қалыптасқан қиындықтан шығатын жоспарлары туралы ​ жазбас па еді? Сондай-ақ, ​ «көрмес түйені де көрмес» дегендей, құзырлы органдар облыстық әкімдік пен ішкі саясат басқармасы және газетке құрылтайшылық ететін Ақмола облыстық мәслихаты да үнсіз қалды. Бұны жай ғана енжарлық деп емес, өңірлік ақпараттық саясаттағы жауапсыздықтың нақты көрінісі десе, артық айтқандық болмас.

«Арқа ажары»​ – қазақтың белгілі тұлғасы Сәкен Сейфуллин негізін қалаған, ғасырлық тарихы бар газет. Газетте көптеген айтулы тұлғалар еңбек етті және басылымды халықтың сүйікті газеті деңгейіне көтеру жолында аянбай тер төкті. Ғасырдан астам тарихы бар газеттің жеткен жетістіктері де аз емес. Міне, сондай басылымның бүгінгі мүшкіл халін көргенде ​ Сәкен бастаған ұлы тұлғалардың әруақтарынан ұят болды-ау, деп ойлайсың. Орыстарда «ломать не строит» деген сөз бар. Өткен ғасырдағы небір ауыр кезеңдерден сүрінбей өтіп, халық үні болған басылымды батпаққа батырып, бүгінгідей ауыр жағдайға жеткізген газет басшылығында отырған зейнет жасындағы азаматтар өздерінің осы істері үшін қымсынбайтын да сияқты. Ең өкініштісі де сол.

Біз осы мақалада бұрын қозғалған мәселелерді​ жүйелеп, тереңірек зерттеп, жауаптылардың әрекеті мен әрекетсіздігін ашық көрсетіп, нақты ұсыныстармен бөлісеміз.

Басылымның басты проблемасы – заманауи форматқа ілесе алмауы. Дизайны мен құрылымы өткен ғасырда қалып қойғандай әсер қалдырады. Қарапайым оқырман үшін тартымдылықтан жұрдай, ескі үлгідегі беттеу, көз тартпайтын айдарлар – бәрі де газеттің бәсекеге қабілетсіздігін айқындап тұр.

Мазмұн жағы да мәз емес. Жаңалық атаулы кешігіп шығады, ал оқырман сұранысына сай сараптамалық, проблемалық мақалалар мүлде жоқтың қасы. Қазіргі ақпараттық дәуірде жұрт тез, нақты әрі терең мағлұмат іздейді.​ «Арқа ажары»​ ұсынған жазбалар көп жағдайда жалаң есептер мен протоколдық жаңалықтарға толы.

Газеттің цифрлық кеңістікте де ізі көмескі. Әлеуметтік желілердегі белсенділік төмен, сайттың жаңартылуы жүйесіз. Бүгінгі таңда әрбір басылымның медиаэкожүйесі болуы қажет: сайт, Telegram, Instagram, TikTok – осы алаңдарда жұмыс істей алмаған басылым өміршең бола алмайды.

«Арқа ажары»: өңірлік басылымның қазіргі келбеті

Қазақстандағы өңірлік ақпарат құралдары арасында өзіндік тарихы мен орны бар​ «Арқа ажары»​ газетінің қазіргі жай-күйі қоғам назарынан тыс қалып отырған жоқ. Алайда, таралымы бойынша республикадағы облыстық басылымдар арасында соңғы орынға табан тіреген бұл газеттің бүгінгі даму деңгейі алаңдаушылық тудырады.

Біріншіден, басылымның форматы заман талабына сай емес. Газеттің беттелуі, графикалық безендірілуі мен визуалды шешімдері – барлығы ескірген. Ақпараттық бәсеке өршіп тұрған бүгінгі медианарықта мұндай техникалық артта қалушылық оқырман қызығушылығын төмендететін факторлардың бірі болып табылады.

Екіншіден, мазмұндық тұрғыдан да айтарлықтай жаңару байқалмайды. Газет беттерінен сараптамалық, өзекті мәселелерді көтеретін, қоғамдық пікір тудыратын мақалалар жоқтың қасы. Көп жағдайда жарияланымдар формальді сипатта, ресми есепке құрылған.

Үшіншіден, цифрлық платформада газеттің белсенділігі төмен. Әлеуметтік желілерде тұрақты әрі мазмұнды жұмыс жүргізілмейді, ал ресми сайтының жаңартылуы жүйелі емес. Бұл – заманауи медиа құралдарының талабына сай келмейтін айқын кемшілік.

Өңірлік басылым – тек ақпарат көзі емес, ол – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан да оның мазмұны, сапасы, таралымы – өңірдің ақпараттық дамуының көрсеткіші ретінде бағаланады. «Арқа ажарының»​ бүгінгі жағдайы – өңірлік журналистикаға жаңа серпін керек екенін​ анық​ аңғартады.

Мемлекеттік тапсырыс – мазмұн емес, есеп үшін бе?

«Арқа ажары»​ облыстың басты ресми басылымы саналады. Оның жұмысына қаржылық және ұйымдастырушылық қолдауды облыстық Ішкі саясат басқармасы көрсетіп отыр. Алайда, дәл осы құрылымның тарапынан​ басылымның мазмұнына, сапасына, таралымына қатысты жүйелі бақылау мен талаптың жоқтығы​ – бүгінгі дағдарысты жағдайдың басты себептерінің бірі.

Жыл сайын​ мемлекеттік ақпараттық тапсырыс арқылы​ миллиондаған қаржы бөлінеді. Бірақ бұл қаржы қандай нәтиже беріп жатыр? Оқырманға пайдасы тиіп жатқан ақпарат бар ма? Әлде, бұл – қағаз жүзіндегі есепке айналып кеткен формальді процесс пе?

Ішкі саясат басқармасы​ ақпараттық саясат жүргізуші орган ретінде​ өңірлік басылымдардың деңгейіне, мазмұнына, кәсіби талаптарына тікелей жауапты. Егер​ «Арқа ажары»​ сынды облыстық газет сапасыз, тартымсыз әрі оқырмансыз ​ қалып отырса, бұл – ең алдымен сол басқарманың​ стратегиялық көзқарасы мен бақылау жүйесінің әлсіздігін​ білдіреді.

Мемлекеттік тапсырыс – есеп емес, елге қызмет болуы керек.​ Ақпараттық саясат тек қаржыландырумен шектелмей, мазмұндық модернизация мен кәсіби талаптармен қатар жүруі тиіс.

Полиграфиялық саясат – тиімді ме, әлде үйреншікті жол ма?

«Арқа ажары»​ газетінің таралымы төмен, мазмұны әлсіз болғанымен қатар, оның басып шығарылу сапасы да сын көтермейді. Газеттің беттеріне көз салсаңыз – көмескі бояу, сапасыз қағаз, түсініксіз әріптер бірден көзге түседі. Бұл – оқырман үшін тартымсыз ғана емес, көзге ауыр, оқуға қиын.

Алайда бұл мәселенің түп-төркіні – редакцияның полиграфиялық шешімдерінде жатыр. Бүгінгі таңда газет​ «Көкше»​ полиграфиясы​ арқылы басылып жатыр. Бірақ бұл баспаның ұсынған қағазы – өте сапасыз, ал қызмет құны – негізсіз қымбат. Яғни,​ төмен сапаға – жоғары баға​ төленіп отыр.

Мұндай жағдайда заңды сұрақ туындайды:​ Неліктен редакция басшылығы тиімдірек әрі сапалы баламаларды қарастырмайды?

Іргедегі Астана қаласында ондаған полиграфиялық орталықтар заманауи техникалармен жабдықталған. Олар​ сапалы қағазда, толық түспен, әлдеқайда арзан бағаға​ газет басып беруге дайын.

Бұл мәселе – тек техникалық емес,​ менеджменттік жауапкершіліктің​ көрсеткіші. Егер газеттің сапасы мен тиімділігі маңызды болса, редакция басшылығы​ тұрмыстық үйреншіктілік пен шектеулі серіктестікке байланып қалмай, ашық тендер немесе балама ұсыныстар арқылы шығынды оңтайландырып, өнім сапасын арттыруы тиіс.

Өңірлік газет тек ақпарат көзі емес – ол аймақтың айнасы. Сондықтан басылымның сыртқы формасы мен ішкі мазмұны бірдей деңгейде кәсіби болуға тиіс.​ Оқырманның сенімі мен ықыласы – арзан жолмен емес, сапалы ұстаныммен келеді.

Ғимарат жалдау: кең болса да – керексіз

«Арқа ажары»​ редакциясы қазіргі таңда үлкен ғимарат жалдап отыр. Сырт көзге бұл кеңсе кең, бөлмелері жарық сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, бұл – ақшаны босқа шығындаудың бірден-бір үлгісі.

Ғимарат ішіндегі​ пайдасы жоқ кең дәліздер мен баспалдақтар, артық екі дәретхана, бос тұратын бөлмелер – бұлардың ешқайсысы тікелей өндірістік процеске қатыспайды. Ал мұндай аумақтарға әр шаршы метр үшін ақы төлеу – редакция үшін​ қаржылық тиімсіз шешім.

Көкшетау қаласының өзінде-ақ осы көлемнен​ екі есе ықшам, бірақ тиімді орналасқан​ кеңселерді оңай табуға болады. Мұндай қадам – редакцияның шығынын едәуір қысқартып, үнемделген қаражатты мазмұндық сапаны арттыруға, жаңа авторлар тартуға немесе заманауи техникалар алуға жұмсауға мүмкіндік берер еді.

Кәсіби басылым болу үшін – ең алдымен, басқару тиімді болуы керек.​ Ақша мен алаңды оңтайлы пайдаланбаған ұжымның ақпарат кеңістігінде ұзақ өмір сүруі неғайбыл.

Заманауи журналист – кеңседе емес, қоғамда өмір сүреді

Бүгінгі таңда интернет пен әлеуметтік желілердің дамуы, онлайн коммуникацияның артуы – журналистиканың жұмыс әдісін түбегейлі өзгертті. Бұрынғыдай кеңседе отырып, әкімдіктен дайын пресс-релиз күтіп, соны көшіріп басатын кезең әлдеқашан артта қалды.

Алайда​ «Арқа ажары»​ редакциясы әлі күнге дейін​ кеңсеге байланған ескі жүйеде​ жұмыс істеп отыр. Әр журналистке жұмыс орнын, бөлмені, үстел мен орындықты сақтап қою – бұл қазіргі заманның талабына мүлдем сәйкес келмейді.

«Қасқырды аяғы асырайды» дегендей, журналист те үнемі сапарда болып, өзіне қажетті ақпаратты іздеу арқылы жұмысын нәтижеге жеткізеді. ​ Ол – қоғамда, көшеде, ауылда, базарда, сот залында, мектепте жүруі керек. Нағыз ақпаратты дәл сол жерден табады. Ал оны күнұзақ бос кеңседе отырғызу – оның еркіндігін шектеу, шығармашылығын тұншықтыру деген сөз.

Бүгінгі медианың қағидаты –​ еркіндік пен мобильділік. Көптеген алдыңғы қатарлы редакциялар қазір​ дистанциялық модельге​ көшіп жатыр: журналистер материалын жолдан жібереді, редакторлар онлайн тексереді, ал газет редакциясы шағын, тиімді топпен жұмыс істейді.

«Арқа ажары»​ секілді өңірлік басылымға бұл –​ қаржылық жағынан үнем ғана емес, шығармашылық серпін беретін тәсіл. Ескі кеңселер мен бос бөлмелерге қаражат жұмсаудың орнына, еркін журналистикаға жол ашатын кез келді.

Айлығы аз, шабытсыз журналистен не күтуге болады?

Редакцияның кең кеңселер мен тиімсіз бөлмелерге қаражат жұмсауы – ақшаның босқа рәсуа болуы ғана емес. Бұл –​ журналист еңбегін елеусіз қалдырудың жанама көрінісі.

Егер осы қаражаттың бір бөлігін​ журналистердің гонорарына​ бағыттаса, бүгінде сылбыр көрінетін редакция​ бірден жанданып, сапалы мақалаларға толып шыға келер еді. Себебі журналист – үнемі ынталандыруды қажет ететін шығармашылық сипаттағы адам. Оның күші – сөзінде, ал серпіні – шабыт пен стимулда.

Алайда қазіргі шындық қандай? Журналистердің​ жалақылары төмен, сол аз жалақының өзін ​ кейде​ екі-үш айға дейін кешіктіріп береді.​ Мұндай жағдайда шығармашылық тұрмақ, күнкөріс үшін басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болатыны – шындық.

Журналистің еркіндігі мен мотивациясы – оның тұрақты еңбекақысында.​ Тәуелсіз ойлауды талап ететін маманға сенімсіз, кешігіп берілетін айлық – ауыр жүк. Бұл шабытты тұншықтырып, жұмысқа деген құлшынысты жояды.

Мәселенің шешімі қарапайым: Редакция өз бюджетін оңтайландырып, басы артық кеңсе мен қызмет түрлерінен бас тартса,​ сол үнемделген қаржыны журналистің қаламақысына​ жұмсауға әбден болады. Бұл бір ғана сәттік емес,​ ұзақмерзімді тиімді инвестиция​ болар еді – оқырман сапалы контент алады, газетке деген сенім артады, ал редакция өз беделін қайтадан қалпына келтіре бастайды.

«Aqmolanews.kz»​ – сайты кім көрінгеннің қолбаласы ма?

«Арқа ажары»​ басылымымен бірге жұмыс істейтін​ «Ақмола ​ — Тіршілік»​ ЖШС-не​ тиесілі «Aqmolanews.kz»​ сайты бүгінде өздігінен ақпарат өндіретін платформа емес, тек аты бар сайт күйінде қалып отыр. Бұл – өңірлік ақпараттық жүйенің​ цифрлық кеңістіктегі әлсіздігін​ нақты көрсететін мысал.

Сайт беттерінде​ редакциялық мақалалар мен эксклюзив материалдардың​ мүлде аздығы байқалады. Керісінше,​ Sinegor.kz​ сынды жеке меншік пабликтерден дайын материалдарды көшіріп басып, тіпті олардың жарнамаларын​ ақысыз жариялап отыруы​ – түсініксіз әрі кәсіби этикаға жат әрекет.

Sinegor.kz​ өз платформасында бұл жарнамалар үшін ақша алып отырса, ал​ Aqmolanews.kz​ сол жарнаманы​ тегін жариялап, сыртқы сайтқа аудитория апарып беріп отыр.​ Бұл – бәсекелес медианың табысын арттырып, өз ресурсын жұтаңдатып отырған ұстаным. Мұндай жағдайда сұрақ туындайды:

Редакция қайда қарап отыр? Бұл бақылаусыздық па, әлде бейқамдық па?

Мұндай саясаттың түп негізінде –​ редакция басшылығының цифрлық стратегиясының жоқтығы, контент жоспарлау мен авторлық құқықты қорғау принциптерінің сақталмауы жатыр.​ Егер өңірлік сайт өзінің медиалық миссиясын осылай жоғалтса, онда оның болашағы туралы сөз қозғау да артық.

Әлеуметтік желі – бейтарап аймақ па, әлде ұмыт қалған алаң ба?

«Арқа ажарының»​ әлеуметтік желілердегі жұмысы –​ жоқтың қасы. Ақпарат тарату мен аудиториямен байланыс орнатудың басты алаңына айналған желілерде газеттің белсенділігі сын көтермейді.

Мәселен,​ Facebook парақшасындағы жаңалықтар екі-үш күн кешігіп жарияланып жатады. Ақпарат тасқыны минут сайын жаңарып жатқан қазіргі заманда бұл – аудиторияны жоғалтудың тура жолы. Оқырман ескірген жаңалықты оқымайды. Ал​ Instagram парақшасында соңғы мақала бір жарым​ жыл​ бұрын жарияланған.​ Бұл – платформаның мүлде қараусыз қалғанын көрсетеді.

TikTok пен Telegram секілді қазіргі таңда қолданушылар саны қарқынды өсіп келе жатқан платформаларда​ «Арқа ажары»​ мүлде жоқ.​ Ал дәл осы алаңдарда басқа аймақтардағы өңірлік басылымдар күн сайын белсенді контент таратып, оқырманмен тікелей байланыс орнатып отыр.

Сонымен қатар,​ газеттің сайтына жарияланған мақалалар​ әлі де ескі газет стилінен аса алмайды. Тақырыптары да, құрылымы да –​ интернет оқырманының талабына сәйкес емес.​ Бұл – сайттың да, әлеуметтік желілердің де​ тартымсыз, формальді контент алаңына​ айналғанының дәлелі.

Осындай жағдайдан кейін сұрақ туындайды:​ Редакцияда қазіргі заман талабына сай жұмыс істейтін SMM маманы, копирайтер немесе цифрлық коммуникация бойынша сарапшы бар ма?​ Көп жағдайда бұл міндеттерді қосымша жүктеме ретінде беріп қояды немесе мүлде назардан тыс қалдырады. Ал мұндай көзқарас – бүгінгі медиажүйеде кәсіби өліммен тең.

Редактор үнсіз болса – газет кімнің сөзімен сөйлеп отыр?

Бұрындары кез келген газеттің бірінші бетінде​ редактордың арнайы бағаны​ болатын. Бұл – басылым ұстанымын айқындайтын, қоғаммен ашық диалог орнататын, белгілі бір мәселе бойынша көзқарас білдіретін кәсіби дәстүр еді. Ондай мақала – оқырман үшін бағдар, ал ұжым үшін бағыт болатын.

Ал бүгінгі​ «Арқа ажары»​ бұл дәстүрден мүлде алшақтап кеткен.​ Газеттің алғашқы бетінде бас редактордың сөзі жоқ. Тіпті​ редактордың аты-жөні газеттің соңғы бетінде,​ «подвалдан»​ ғана көрінеді.​ Бұл – формализм мен шығармашылық жауапкершіліктің арасындағы алшақтықты айқын аңғартады.

Редактор – тек ұйымдастырушы емес,​ көшбасшы,​ тұлға,​ газеттің бет-бейнесі. Егер ол үндемес ойнап, өз сөзін ешқашан айтпаса, онда газет кімнің атынан, қандай ұстаныммен ақпарат таратып отыр? –деген сауал туындайды. ​ Бұл – ашық күйінде тұрған маңызды сұрақ.

Одан бөлек, басылымда​ сарапшы авторлар​ мүлде көрінбейді. Ешқандай бағыт бойынша​ талдаушы аналитик, тұрақты сарапшы бағандары​ жоқ. Мұндай жағдайда газетті кімдер шығарып жатыр? Беттер кімнің мақалаларымен толтырылып жатыр? –деп ойлайсың.

Оқырманға ой салатын, көзқарас қалыптастыратын, қоғамдық пікір тудыратын​ кәсіби контенттің болмауы – газет тек бет толтыру үшін ғана шығып жатқанын​ көрсетеді. Бұл – редакциялық саясаттың формалды деңгейге түсіп кеткенінің нақты көрінісі.

Газетті кімге, қалай ұсынбақ? Маркетингсіз медиа өмір сүре ме?

«Арқа ажарының»​ таралымы – небәрі мың дананың төңірегінде. Бұл – бүкіл облыс үшін мүлде жеткіліксіз көрсеткіш. Бірақ осы мәселені шешуге бағытталған​ маркетингтік немесе жарнамалық стратегия мүлде байқалмайды.

Газетті​ әлеуметтік желілер арқылы жарнамалау жоқтың қасы.​ Facebook, Instagram, Telegram, TikTok сынды қазіргі таңда оқырманы көп платформаларда​ жазылу науқандары туралы ақпарат, ақылы жарнамалар, ынталандыру акциялары жүргізілмейді.​ Бір сөзбен айтқанда,​ газетті танымал етуге арналған цифрлық әрекеттер жоқ.

Газетке жазылу туралы айтылғанда, бұл науқан​ тек сол газеттің өзінде ғана жарияланады.​ Яғни, оны тек жазылған 1,4 мың адам ғана оқиды. Бұл​ айналмалы шеңбер, жаңа оқырман тартуға мүлде әсер етпейді.

Сонымен қатар,​ қалалық және облыстық коммуналдық мекемелермен, кітапханалармен, мектептермен немесе басқа да бюджеттік ұйымдармен бірігіп газетке жазылу немесе таралымды арттыру бойынша серіктестік жұмыс жүргізбейді.​ Бұл – әкімшілік ресурстарды да, әлеуметтік серіктестіктерді де мүлде пайдаланбау деген сөз.

Ал жарнама мәселесі – тіпті бөлек әңгіме. Газетте​ жарнама тарту жүйесі жоқ, не мүлдем құрылмаған. Кез келген кәсіби басылым үшін жарнама – табыс көзі ғана емес,​ оқырманмен және кәсіпкерлермен тікелей байланыс алаңы. Ал​ «Арқа ажарында»​ жарнама деген –​ «біреу әкелсе, жарияланады, болмаса – жоқ»​ деген бейқам ұстанымға айналған. Газетте жарнамамен айналысатын кәсіби маман менеджер жоқ. Әдетте бұндай үлкен басылымда жарнама бөлімі жұмыс жасауы қажет, яғни онда бір емес, бірнеше адам еңбек етеді

Ақпараттық өнім өзінен-өзі сатылмайды.​ Ол үнемі аудиториямен жұмыс істеуді, іздеуді, ұсынуды талап етеді. Қазіргі таңда​ «Арқа ажары»​ бұл міндетті атқарып отырған жоқ.

Қорытынды: дағдарыс терең, бірақ қайтар жол бар

«Арқа ажары»​ – жай ғана газет емес,​ өңірдің ақпараттық бейнесі. Оның қазіргі жағдайы – жүйелі тоқыраудың көрінісі. Бірақ оны қайта жандандыруға мүмкіндік бар, егер:

Редакцияның зейнеткер басшылары түбегейлі ауысса;

Басшылық жаңашыл әрі батыл шешімдер қабылдаса;

Цифрлық стратегия мен әлеуметтік желіге басымдық берілсе;

Сараптамалық контент күшейіп, редакциялық көшбасшылық қайта оралса;

Қаржылық саясат оңтайланып, журналист еңбегі әділ бағаланса.

Бұл мәселелерді дер кезінде​ Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы​ мен газеттің құрылтайшысы –​ Ақмола облыстық мәслихаты​ тексеріп, мәселе етіп көтеруі тиіс еді. Алайда аталған құрылымдардың әрекетінен​ «сен тимесең, мен тимен»​ деген бейтараптық пен бейқамдық байқалады.

Мұндай көзқарас – бұл жалпы ​ журналистикаға ғана емес, ​ өңірлік ақпараттық саясатқа деген жауапсыздықты көрсетеді.​ Ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық пікірдің сапасы осындай жаныашымастық бейтараптық ұстанымнан әлсірейді.

Газет​ –​ халық үні.​ Бұл үн өшпеуі үшін – оны заман ағымына сай қайта жаңғыртып, соған бейімдеу қажет. Жаңа Қазақстан құрамыз десек, уақыт талабына сай бейімделіп, жаңаша әрекет етуге тиіспіз, қазіргі талап осындай. Оны түсінбейтіндер замана көшінде шаң қауып қалады.

Айта кетсек, бұдан бұрын «Арқа ажары» – аты бар, заты жоқ газетке айналып барады… тақырыбымен мақала жариялаған едік.

spot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз