«Жастық шақ баршаға тиесілі, қарттық тек таңдаулылардың ғана еншісіне тиетін игілік» депті бір ғұлама. Сондай таңдаулылардың ғана маңдайына нәсіп етіліп жазылған игілікке ие болған әріптесіміз Талғат Қасен мерейлі 70 жасқа толып отыр. Ол осы саналы өмірінің 34 жылын журналистика саласына арнаған екен. Адам өмірі үшін бұл аз уақыт емес.
«Сен де бір кірпіш, дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дейді ұлы Абай. Өмірден орныңды тауып, жаның сүйетін іспен айналысу, қоғамның кетігіне жамау болып, ел игілігі үшін еңбек ету, жәй еңбек етіп қоймай, жұртшылықтың есінде сақталатын маңызды шаруалар атқару екінің бірінің маңдайына жазылмайтын бақыт. Талғат Қасеннің өткен еңбек жолын ақыл таразысына сала қарасаң, осындай биік өлшем джеңгейінен көрінетінін бағамдайсың. Рас, оның кеудесінде кеңес заманының түсінігін санасына сіңіргендер үшін үлкен игілік болып саналатын самсаған орден-медальдері жоқ, биік мансапқа да қол жеткізбеді, атағын аспандатып, алашқа танымал да болған жоқ, десе де, өз деңгейінде елдің игілігі, қоғамның қажеті үшін аянбай жұмыс жасады.
Өмірде мынадай адамдар болады: көзге түсуге тырыспайды, атағын шығарып, биік марапаттар алмайды, бірақ та ортақ істе айтулы орны бар және ол кетсе-ақ орны опырылып көрініп тұрады. Тәкең – Талғат та сондай адамдардың санатынан. Целиноградтың инженерлік құрылыс институтын бітірген оның журналист боламын деп ойламағаны анық. Ол кезде инженер деген екінің бірінің қолы жетпейтін мәртебелі мамандық болып саналатын. Біраз жылдар инженер-механик қызметін атқарған Тәкең 1985 жылы аудандық газетке қызметке ауысады. Бұның өзі тағдырдың жазуымен дейтін өмір жолының өзі салған соқпағы еді. Алғашында аудармашы, тілші қызметтерін атқарған ол уақыт өте келе шығармашылық жұмыстың қызығына елігіп, енді журналистікке шындап бетін бұрады. Қазақ тілінде шығатын аудандық газетте редактордың орынбасары қызметіне дейін өсіп, журналистиканың біраз баспалдақтарынан өтеді.
Содан 1995 жылы ол облыстық «Арқа ажары» газетіне ауысты. Бұл Астана әлі көшіп келмеген, бірақ Арқа өңіріне ауысады екен деген әңгіме шығып жүрген шақ еді. Өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар өркендеген іргелі облыстың бас газетінде істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол газеттің ең ауыр және жауапты бөлімі саналатын экономика бөлімінде тілші болып еңбек етті. Қазақ журналистері үшін экономика тақырыбы ауыр тақырып саналады. Соған орай, екінің бірі бұл салаға баруды қалай қоймайды. Тәкең ә дегеннен журналистер үшін ауыр тақырып саналатын экономика саласына қалам тартып, сөйтіп сол саланың білікті маманына айналды.
Мен 1999 жылдың маусым айында “Арқа ажарына” қызметке келдім. Міне, сол кезден бастап Тәкеңмен бірге жұмыс істеудің сәті түсті. Бірге еңбек ете жүріп, оның біраз қырларын тереңірек танып, білуге мүмкіндік туды. Ол “редакцияның сары өгізі” деп әзілдеп атайтын газеттің жарты жүгін көтеріп жүретін Амангелді Жұмабектің бөлімінде Аужекеңмен бірге қызмет істеді. Алғашқы жылдары электр машинкамен жұмыс істейтін ол кейінірек компьютер шыққанда бірден оңай компьютерді меңгеріп алды.
“Арқа ажары” газеті 2007 жылдан Көкшетау қаласындағы баспаханада басылып шығатын болды. Астанада тек тілшілер қосыны қалып, Елорда төңірегіндегі аудандардан хабарлар жазып тұрды. Ол кезде облыс әкімінің аудандарға сапарлары жиі болып тұратын және оны тәжірибелі, әсіресе экономика саласын жақсы білетін журналист жазуы тиіс болатын. Міне, сондай облыс әкімінің іссапарларын Тәкең жиі жазып тұрды. “Акмолинская правда” газетінің Астанадағы тілшілер қосынының автокөлігі бар, ал “Арқа ажарында” көлік жоқ. Әкімнің сапарларына Тәкең “Акмолинканың” көлігіне мінгесіп барады. Біреулерге мінгесіп жүрудің қандай болатынын сондай сапаралға талай шыққан мен жақсы білемін. Ондайда көлік жүргізушілері нағыз қатал әміршіге айналады. “Аяғыңды сүртіп кір, есікті қатты жаппа деп тақылдап отырсаң опық, тұрсаң сопық қылады. Солай жүргізушінің қабағына қарап жаутаңдаумен күнің өтеді.
Астана төңірегіндегі аудандарға ғана емес, Есіл, Жарқайың сияқты шалғай аудандарға да Елорададағы тілшілер қосынының қызметкерлері барып жүрді. Жүздеген, тіпті мыңдаған шақырым жол жүріп шаршап келген соң бірден кешіктірмей жолсапарды жазып нөмірге жіберу қажет. Бұның бәрі тілшіден жеделдікті, ұшқырлықты талап етеді. Жарты беттік облыс әкімінің сапары туралы алдын ала дайындалған жазбада ештеңе болмайды, сондықтан іссапар кезінде облыс әкімінің әр сөзін бағып, не нәрсе айтылды, қандай мәселе талқыланды, соның бәрін қойындәптерге жазып немесе диктафон таспасына түсіріп алып, содан сараптамалық көлемді мақала дайындау қажет. Бұндай жұмысты тек білікті, тәжірибелі журналистер ғана жасай алады. Соған орай, облыс әкімінің сапарларына тәжірибелі журналистер ғана жіберілетін.
Астанадағы тілшілер қосынының жетекшісі Бәдуан Имаш зейнеткерлікке шыққан соң, бұл қызметті Тәкең — Талғат Қасен мойнына алды. Сол жылдарда ол Астананың өз ішіндегі ғана емес, Елорда маңындағы аудандарда болатын барлық шараларға қатысып, жазып жүрді. Бұндай сапарларға ол өзінің жеке меншік көлігімен баратын. Бензинге ақша бер, машинам сынып қалды, соған қосалқы бөлшек алуға көмектес деген жоқ, ол жұмыс сапарына берілетін азын-аулақ ақшаны қанағат етіп, жұмыс сапарларына жиі барып жүрді.
Астанадағы тілшілер қосынында еңбек ете жүріп ол көптеген депутаттармен, министрлермен, ақын-жазушылармен, аудан әкімдерімен түрлі өзекті мәселелерге арналған сұхбаттар алып, газетте жариялап тұрды. Тәкеңнің сондай сұхбаттары газеттің абырой-беделін көтеріп, басылымның ауыр жүгін арқалайтын ауқымды материал болатын. Ара-тұра ұзақ жылдар қалам тартып келе жатқан экономика, ауыл шаруашылығы тақырыптарында көлемді сараптамалық талдау мақалалар жариялап тұрады. Жанды цифрлармен, айғақтармен өрілген мұндай мақалалар нөмірдің жүгін көтеретін салмақты дүние болып шығатын.
2017 жылдың көктемінде “Арқа ажарының” сол кездегі басшылығы зейнет демалысына екі жылға жетпейтін уақыты қалған Тәкеңді Астанадағы тілшілер қосынының қажеті жоқ, қаржылық жағынан тиімсіз деген желеумен оп-оңай жұмыстан қысқартты. Басшылық тіпті, сол тұстағы Үкіметтің зейнеткерлікке шығуға жақын қалған адамды жұмыстан шығаруға болмайды деген арнайы қаулысын да назарға алмады. Басқа біреу болса жиырма жылдан астам жұмыс істегенін, зейнет демалысына аз қалғанын айтып кетпеймін деп тіресіп отырып алар еді, тіпті соттасуға дейін барар еді. Бірақ Тәкең соттаспады да, боқтаспады да, есікті тарс жаппай үн-түнсіз кетті.
Көп ұзамай газеттің басшылығы ауысып, Жабал Ерғалиев директор болып келді. Содан ол Тәкеңді қайта жұмысқа шақырды. Сөйтіп, ол 2019 жылдың соңына дейін газетте жұмыс істеді. Ал қаңтар айында зейнет демалысына шығысымен бірден арызын жазып, өз еркімен жұмыстан кетті. Оның бұл әрекеті кеңес заманынан қалған қызметтен қуып жібергенше кетпей жүріп алатын бүгінгі аға ұрпақтың бойында қалыптасқан әдетке қайшы еді.
Жалпы, Тәкеңнің бойында кеңес заманының адамдарында жиі кездесетін біраз қасиеттер болмайтын, ол бәлкім заман ағымына тез бейімделудің салдары ма, болмаса туа бітті бойына дарыған қасиет пе, кім білсін. Өзім араласа жүріп байқағанымдай, оның бойында басшылардың алдында құлдық ұрып жағымпаздану, ол не айтса да жалпақтап қоштай кетуге дайын тұратын жасанды елгезектік, біреулерді сыртынан жамандау сияқты жаман қасиеттердің бірі болған жоқ. Керісінше шындықты бетке айтып, кейде басшылардың өзімен келіспеген мәселелер болса ашық тайталасып сөз жарыстыра кететін қызбалау әдеті болды.
“Ат аунаған жерде түк қалады” дейді қазақ. Өмірден орнын тауып, жапырып жұмыс істеген адамның соңында істеген жақсы істері қалады. Астаналық облыстың бас газеті саналатын “Арқа ажарында” Тәкең жазған көптеген материалдары оқырмандарының көзайымы болды. Оны сол тұста қалың оқырман оқып, түрлі салалар бойынша ақпараттар алды. Ал болашақта қажет еткен адам архивтерден тауып, кәделеріне жаратары даусыз.
Жетпіс жас адам өмірі үшін үлкен айтулы кезең, өткеніне ой жүгіртіп, не тындырдым, не істедім деп өзіне өзі есеп беретін шақ. Тәкең Астанадағы тілшілер қосынында еңбек еткен жылдарында жазған сұхбаттарының басын құрап, “Қаламмен өрілген өмір” атты қалыңдығы үш жүз беттен асатын көлемді кітап шығарды. Сол кітапты шығаруға қатысқан мен ондағы сұхбаттарды түгел оқып шықтым. Шынын айтқанда кітапты Елорда Арқа жеріне көшіп келген алғашқы жылдардағы еліміздің экономикасы тұрақты дамуға көшкен, халық еңсе көтеріп, тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі қалана бастаған тарихи кезең туралы жазылған шежіре десе болады. Онда экономика да, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт, саясат, әлеуметтік сала да бар. Яғни, барша жұртты толғандыратын ең өзекті мәселелер туралы жан-жақты баяндалған. Сол бір тарихи кезеңнің шежіресі ретінде кітап оқырмандар тарапынан жақсы бағасын алып, кітапхана сөрелерінен лайықты орын алатынында дау жоқ. Отыз жылдан астам уақыт журналистика саласында еңбек еткен Талғат Қасен осы жинағымен бұл салада текке уақыт өткізбегенін, ел есінде сақталар сүбелі дүниелер жазғанын нақты дәлелдеп тұрғандай.
“Арқа ажарында” қызмет етіп жүрген кезімде Атбасар ауданының бір шаруашылығында жұмыс сапарымен болған едім. Сонда жасы жетпісті алқымдаса да мығым, кәрілікке бой алдырмаған темір ұстасымен кездесіп, сол туралы материал жаздым. Ол әскерден келген соң алдымен темір ұстасының көмекшісі, кейінірек темір ұстасы болыпты. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Осы кезең ішінде оның қолынан қаншама темір бұйымдар шыққан және зейнет демалысына шықса да сол кезге дейін ол темір ұстасы болып еңбек етіп жүрген көрінеді. Өз мамандығының хас шебері дейтін кәсіби биік деңгейге жеткен, темірден түйін түйетін оның орнын басатын адам табылмапты. Ал ол еңбек еткен жылдардың ішінде шаруашылықтың қаншама басшылары, бас мамандары ауысқан, бірі кетіп, бірі келіп жататын ол мамандарды ешкім есінде де сақтамаған. Ал темір ұстасы еңбек демалысына шықса немесе науқастанып қалса-ақ, жұмыс тоқтайды екен. Осылайша жасы сексенге таяп қалған темір ұстасы ауыстыруға болмайтын нағыз білікті кәсіби маманға айналған.
Қоғамнан өз орнын тапқан, “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан” деп ұлы Абай айтқандай, дүниенің кетігіне кірпіш болып қаланған сол темір ұстасы сияқты қай салада да өзіне тән орны бар адамдар болады. Талғат Қасенді де сондай ауыстыруға болмайтын кәсіби мамандардың бірі десе, шындықтан алыс кетпейміз. Ол зейнет демалысына кеткеннен кейін орны опырылып үңірейіп қалды. Газетте Тәкең жиі жазатын биік лауазымды адамдармен, депутаттармен, әкімдермен сұхбаттар мүлдем көрінбейтін болды. Экономика тақырыбына арналған салиқалы сараптамалық мақалалар да жоқ. Осылайша, Тәкеңнің орны опырайып тұр.
Бүгінде жақсы жар, сүйікті әке, сүйкімді ата болып отырған Тәкең — Талғат Қасен мерейлі жетпіс жастың табалдырығын аттады. Мерейлі жасың құтты болсын, деніңе саулық, отбасыңа береке-бақыт тілей отырып, туыс-бауыр, дос-жаранның көзін қуантып әлі де ұсзақ ғұмыр сүре бер, дейміз.
Қалкөз Жүсіп.





