Бұланды ауданының оқушылары Бішкекте өткен «Біз — XXI ғасыр зияткерлеріміз» атты халықаралық байқауда Қазақстанның намысын абыроймен қорғап қайтты. Бұл шара жыл сайын оннан астам елден келген дарынды жастарды жинайды. Биыл үздіктер қатарынан Макинск қаласындағы мектеп-гимназияның оқушысы Анна Петровская мен Никольское ауылының №2 мектебінің оқушысы Асанәлі Әшімов көрінді. Екеуі де III дәрежелі диплом иегері атанды.
Жас өнертапқыштардың жетекшісі — Артём Цимбал. Ол бірнеше жылдан бері оқушылардың халықаралық деңгейде жетістікке жетуіне жол ашып келеді. Оның шәкірттері түрлі беделді байқаулардың жүлдегері атанып жүр.
Асанәлі Әшімов байқауға «К-700А тракторы» атты стендтік үлгі дайындап, инженерлік нақтылығы мен шығармашылық шешімі үшін қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ал Анна Петровская «Робототехника және автоматтандырылған жүйелер» номинациясында стоматологиялық жұмыстарға арналған ерекше манипулятор-роботын таныстырды. Оның жобасы өзінің практикалық мәні мен бірегейлігімен мамандардың қызығушылығын тудырды.
Бұл жеңіс — табанды дайындықтың, оқушылардың қызығушылығы мен ұстаздарының қолдауының жемісі. Мұндай жетістіктер өңір жастарының әлеуетін дәлелдеп қана қоймай, олардың қатарластарына да ғылым мен техника саласындағы ізденістерге жол ашады.