Ақмола облысында құқықтық ахуал туралы халықты ашық ақпараттандыру, қабылданып жатқан шараларды және заманауи технологиялардың тиімділігін түсіндіру – басты мақсат.
Биылғы жылдың басынан бері тіркелген өтініштер мен арыздар санының артуына қарамастан, кейбір аудандарда қылмыс саны күрт азайған. Атап айтқанда, Ерейментау, Бурабай аудандары мен Қосшы қаласында ауыр және орташа ауырлықтағы қылмыстар екі есеге азайған.
Алайда, орташа және онша ауыр емес қылмыстардың азаюына қарамастан, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны көбейіп отыр. Бұл құқық қорғау органдарынан алдын алу шараларын қайта қарауды талап етеді.
«Жыл өткен сайын алаяқтық фактілері, әсіресе интернет алаяқтықтар көбейіп келеді. Онлайн несие рәсімдеумен, жалған лотереялармен, банк атынан келген СМС хабарламалар мен жалған қоңыраулармен байланысты қылмыстардың саны едәуір артты. Мұндай фактілердің басым бөлігі Көкшетау қаласында тіркелуде», – деді Виктор Красноусов.
Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар саны Степногорск қаласы мен Бұланды ауданында өскені байқалды. Сондай-ақ, есірткіге қатысты қылмыстар да айтарлықтай көбейген, олардың жартысына жуығы Көкшетауда анықталған.
Құқық қорғау жүйесіне цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде. Qamqor.gov.kz порталы арқылы азаматтар қылмыс туралы арыз бере алады, айыппұлдарын және өтініштерінің мәртебесін тексере алады. Сондай-ақ, қылмыс картасы арқылы кез келген тұрғын өз ауданының криминогендік жағдайымен танысып, сақтық шараларын жоспарлай алады.
Платформада алты түрлі арнайы карта ұсынылған: қылмыстар, жол-көлік оқиғалары, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар, жыныстық қылмыс жасағандар, мемлекеттік органдарға жолданған өтініштер мен кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілген тексерулер.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі (ЕҚДБ)– құқық қорғау органдарының негізгі цифрлық жүйесі. Соңғы жылдары қылмыстық істердің басым бөлігі электронды форматта тіркеліп, тергелуде. Бұл – тергеудің ашықтығы мен тиімділігін арттырып, азаматтарға істің барысын онлайн бақылауға мүмкіндік береді», – деді Виктор Красноусов.