6.7 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарАқмола облысында туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты – Серік Омарханов

Ақмола облысында туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы тұрақты – Серік Омарханов

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облысында туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омарханов 30 қазанда өткен брифингінде мәлім етті, деп хабарлайлды Esilnews.kz тілшісі.

Ол атап өткендей, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіштерде оң динамика байқалады. 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 3,4%-ға төмендеп, 100 мың адамға шаққанда 25,9 көрсеткішін құрап отыр. Барлығы 204 жаңа жағдай тіркелген, өткен жылы бұл сан 211 болған.

«Туберкулездің таралу көрсеткіші 4,4%-ға төмендеді, аурушаңдық 3,7%-ға азайды, ал өлім-жітім жағдайлары 6-дан 4-ке дейін төмендеді», – деді Серік Омарханов.

Ең айқын төмендеу балалар арасында байқалады: 2024 жылы 10 жағдай тіркелсе, биыл небәрі 2 жағдай ғана тіркелген. Ал жасөспірімдер арасында аздаған өсім бар – 4-тен 5 жағдайға дейін.

Сырқаттардың жас құрылымына талдау жүргізгенде, олардың басым бөлігі – 35–64 жас аралығындағы азаматтар, яғни 68%-ы. Барлық науқастардың 82%-ы еңбекке қабілетті жаста, ал әлеуметтік-кәсіби құрам бойынша тұрақты жұмысы жоқ адамдар басым – 77,7%.

Туберкулездің әрі қарай таралуын болдырмау мақсатында санитариялық қызмет кешенді профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыруда. Соның ішінде науқаспен байланыста болған адамдарды анықтау және тексеру жұмыстары бар. Биыл облыста 4434 байланыста болған адам тіркелген, оның ішінде 1085 бала (24%) және 322 жасөспірім (7,2%). Барлығы медициналық бақылауға алынған, ал ересектер арасынан екі адамнан туберкулез анықталған.

Санитариялық ережелерге сәйкес, байланыста болған адамдар жылына екі рет, әр 6 ай сайын тексеруден өтуге міндетті.

Вакцинация да туберкулезге қарсы күресте маңызды рөл атқарады. 2025 жылдың 9 айында облыс перзентханаларында 6159 бала дүниеге келген, олардың 5880-і БЦЖ екпесін алған (95,5%). Вакцинадан бас тарту жағдайлары азайып, өткен жылмен салыстырғанда 17 жағдайға төмендеген. Әр бас тарту бойынша ата-аналармен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Туберкулезді ерте анықтау жұмыстары да оң нәтиже көрсетіп отыр. Балалар арасында туберкулинодиагностикамен қамту 95,7%-ды құраса, флюорографиялық тексерумен қауіп тобы мен міндетті контингенттің 96,4%-ы қамтылған.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, туберкулездің алдын алу қарапайым салауатты өмір салтынан басталады: дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден бас тарту, еңбек және демалыс режимін сақтау, шынығу, үй-жайларды үнемі желдету мен тазалық сақтау. Жыл сайынғы флюорографиялық тексеруден өту де ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді.

«Медициналық қызметкерлер мен тұрғындардың бірлескен күш-жігерінің арқасында туберкулез бойынша сырқаттанушылық төмендеу үрдісін сақтап қалуға мүмкіндік туып отыр. Әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден өтіп, дер кезінде дәрігерге жүгінуі маңызды», – деді Серік Омарханов.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз