Мемлекеттік тілдің мәртебесі күн тәртібінен түспей жатқан кезеңде тіл мәдениетінің ең төменгі деңгейі – мемлекеттік органдардың ресми хабарламаларынан көрінуі, өкінішке қарай, қалыпты құбылысқа айналып барады.
Соның ең айқын мысалы – Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ақпарат тарату жүйесі. Бұл – жай кемшілік емес. Бұл – жүйелік дағдарыстың көрінісі.
«Жіңішке мұз» деген не?
Тілдік сауатсыздық па, әлде немқұрайлық па?
Жақында Ақмола облысы ТЖД «Абайлаңыз, жіңішке мұз!» деген ақпарат таратты.
Қазақ тілінде мұз жіңішке болмайды – жұқа болады. Мұндай қате – жеке адамның қателігі емес, ведомствоның қазақша ақпаратқа деген көзқарасының айнасы.
Бұл – тек сөздік қателік емес, ресми хабарламаның кәсіби деңгейінің төмендігін көрсететін көрсеткіш.
ТЖД-ның күнделікті хабарламалары да осындай: оқуға қиын, мазмұны түсініксіз, ойы бытыраңқы, сөйлемі калька.
Кейде ақпаратты түсіну үшін амалсыздан орысша нұсқасына қайта үңілуге тура келеді.
Орысша өзгермейді, қазақша – тек аударманың көлеңкесі
ТЖД ресми парақшаларындағы видеоның 90 пайызы – тек орысша.
Қазақша нұсқа жоқ. Субтитр жоқ. Қысқаша түсіндірме де жоқ.
Қазақ тілді көрермен қайда? Оларға бұл видео арналмаған ба?
Қазақ тілін қоғамның негізгі бөлігі пайдаланып отыр.
Ал мемлекеттік орган оны «қажетсіз қоспа» ретінде қарастырып отырса, бұл – кәсіби қателік қана емес, мемлекеттік міндеттемені орындамау.
Ең сорақысы: жедел ақпарат таратқан журналисті чаттан шығару
Журналистер мен мемлекеттік органның негізгі мақсаты – халықты дер кезінде ақпараттандыру. Ал төтенше жағдай орын алған кезде минут емес, секунд маңызды.
Соңғы оқиғалардың бірінде журналист төтенше жағдай туралы жедел ақпаратты сол ақпараттың бастапқы көзі – ТЖД-ның өзінен бұрын таратқан. Яғни, өз жұмысын мінсіз орындаған.
Ал ТЖД баспасөз қызметі не істеді? Журналисті ортақ чаттан шығарып жіберді. Бұл не сұмдық?!
Жедел ақпарат таратқаны үшін журналисті жазалау – мемлекеттік коммуникация мәдениетінің құлдырағанының дәлелі. «Журналисттің бұдан мұрты қисая ма?» Әрине, жоқ.
Бірақ:
– Ертең осы салаға қатысты сын мақалалардың саны күрт көбейеді;
– Мекеменің абыройына нұқсан келеді;
– Қоғам ТЖД-ға емес, журналистке сенетін болады.
Баспасөз хатшысы деген – ресми тұлға. Оның міндеті – журналистпен байланыс орнату, ақпараттық ашықтықты сақтау, сыннан қашпау. Ал ақпарат таратқан адамды чаттан шығарып, байланыс үзу – кәсіби әлсіздік.
Бұл – жеке адамның эмоциясы емес, мемлекеттік органның коммуникациялық дағдарысы.
Баспасөз хатшысы кім болуы керек?
Мемлекеттік органның атынан сөйлейтін адам: қазақ тілін жетік білуі; ақпаратты түсінікті, сауатты, нақты жеткізе алуы; журналистпен тең дәрежеде кәсіби байланыс орнатуы; сынға төзе алуы тиіс.
Ал қазіргі жағдайда қазақ тіліне қабілеті жоқ, журналистпен диалог жүргізе алмайтын, орысша видео түсіріп, қазақша нұсқасын тек аудармашының деңгейінде шығаратын кадрлар отыр.
Бұлар қоғаммен байланыс маманы ма? Әлде мемлекеттік органдардың ақпаратты қазақ тілінде бермеуінің көлеңкелі сүзгісі ме?
Қоғам мемлекеттік тілде жедел әрі сапалы ақпарат талап етеді
Ақпараттың сапасы – халықтың қауіпсіздігі мен сенімінің негізі.
Әсіресе төтенше жағдайлар саласында кез келген қателік, кез келген кешеуілдеу қауіпті.
Тілдік қате – ұсақ дүние емес; жедел ақпарат таратқан журналисті чаттан шығару – тәртіп бұзу емес; қазақша нұсқаны немқұрайды беру – қарапайым олқылық емес. Бұлар – жүйелік мәселе.
Түйін:
Мемлекеттік тілде ақпарат беру – қосымша міндет емес. Ол – мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігі.
Ақмола облысы ТЖД-дағы жағдай – жеке бір қызметкердің қателігі емес,
мемлекеттік коммуникация жүйесіндегі кемшіліктің көрінісі.
Егер біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтергіміз келсе, ең алдымен мемлекеттік органдардың өзінен бастауымыз керек.
Ал баспасөз хатшысы – сол органның бет-бейнесі. Ол БАҚ-пен кәсіби байланыс орнатып, ақпаратты нақты, мемлекеттік тілде сауатты және уақытылы жеткізуі тиіс.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Ақмола облысы әкімінің брифингіне барлық журналистер неге шақырылмады?» тақырыбында мақала жариялаған едік.





