16.7 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарАқмола облысы әкімінің брифингіне барлық журналистер неге шақырылмады?

Ақмола облысы әкімінің брифингіне барлық журналистер неге шақырылмады?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Кеше Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдегі өзекті мәселелерге арналған брифинг өткізді. Жиында тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, жол құрылысы, әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалықтар сөз болды. Алайда бұл жолы облыстағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері түгел қатыса алған жоқ. Бұл туралы Esilnews.kz инстаграм парақшасында жариялады.

Жергілікті журналистер неге назардан тыс қалды?

Брифингке тек белгілі бір республикалық және облыстық БАҚ өкілдері мен орыс тілді блогерлер ғана шақырылған. Ал өңірдің тыныс-тіршілігін үздіксіз жариялап, халық пен билік арасындағы көпірге айналған кейбір аудандық, қалалық және тәуелсіз ақпарат құралдары, әсіресе, мемлекеттік тілде ақпарат таратын ақпарат құралдарының өкілдері (Esilnews.kz желілік басылымы өңірде мемлекеттік тілде ақпарат тарататын жалғыз тәуелсіз ақпарат құралы) бұл жиыннан шеттетілді.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде бірден қызу талқыланып, көптеген журналистер мен қоғам белсенділері тарапынан сынға ұшырады. Жергілікті тілшілер мұндай таңдаушылықты ашық ақпараттық саясатқа қайшы және әділетсіз шешім деп бағалап отыр.

Ашықтық пен теңдік қайда қалды?

Қазақстандағы ақпараттық саясаттың басты ұстанымдарының бірі — ашықтық пен бұқаралық ақпарат құралдарына тең мүмкіндік беру. Ал Ақмола облысы әкімдігі мен ішкі саясат басқармасының ресми жиынға журналистерді іріктеп шақыру, олардың бір бөлігін шеттету – осы қағидаларға қайшы әрекет.

Ақпарат қоғамы үшін маңызды ресурс. Журналистер – сол қоғамның айнасы. Оларды бөліп-жару – ақпаратқа қолжетімділікке, сөз бостандығына нұқсан келтірумен тең.

Бұл – бір реттік кедергі ме, әлде жүйелі көзқарас па?

Мұндай жағдай алғаш рет орын алып отырған жоқ. Бұған дейін де жергілікті журналистердің ресми шараларға толық қатыса алмай қалған кездері болған. Тіпті, кейбір журналистер жылына бір рет өтетін БАҚ күніне арналған мерекелік шарадан тыс қалғанына ренішін білдірді. Көшеде кетіп бара жатқан журналистке «Концертке кіріңіз, День СМИ» деп айтуының өзі – журналисті менсінбеу, кәсіби этикаға сай келмейтін әрекет.  Соны орысша түсіндірсе, «Мы вас не приглашали, но если хотите – заходите» деген көзқарас – бұл билік тарапынан ақпаратқа деген жауапсыздық пен кәсіби немқұрайлылықтың айғағы. Сонда ішкі саясат қызметкерлері үшін журналистер көшеде жүрген адам болғаны ба?

Мұның артында мақсатты саяси-әкімшілік шешімдер тұр ма, әлде ұйымдастырудағы техникалық кемшіліктер ме – бұл жағы беймәлім.

Бірақ мәселенің бір шеті анық: өңірдегі ақпарат кеңістігінің толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық бұқаралық ақпарат құралдарына тең мүмкіндік берілуі тиіс. Бұл тек кәсіби этикаға қатысты мәселе емес, сонымен қатар заң талаптарына да тікелей байланысты. Қазіргі таңда мемлекеттік ақпараттық тапсырыс кейбір өңірлерде әділетсіз үлестірілуде. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Тіл туралы заңында қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп анық жазылған. Демек, қазақ тілінде хабар тарататын БАҚ-қа қаржылық қолдау кем дегенде орыс тіліндегі БАҚ-пен тең болуы керек.

Ал «оқырманы көп» деген сылтаумен мемлекеттік тілдегі басылымдарға азырақ қаржы бөлу немесе бұл науқаннан мүлдем шет қалдыру ұлттық ақпараттық саясатқа және тіл туралы заңға қайшы. Мұндай көзқарас – мемлекеттік тілге жасалған кемсітушілік. Ақпарат таратуда әділеттілік пен теңдік сақталмаса, мемлекеттік тілдің мәртебесі қағаз жүзінде ғана қалып қояды. Бұл басқа тақырып, оны орайы келгенде жазатын боламыз.

Қорытынды

Ал, білдей бір облыстың әкімі өткізген брифингке келетін болсақ, қоғам тарапынан сенімге ие болу үшін билік ашық диалог пен әділеттілікке негізделген саясат ұстануы қажет. Әкімдік алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуі керек.

Бірақ оған сену қиын.  Кеше Esilnews.kz instagram парақшасында «Жабық брифинг: Ақмола облысы әкімінің кездесуіне таңдалған журналистер шақырылды» деген тақырыппен мақала жарияланды. Материалда облыс басшысының қатысуымен өткен маңызды шараға барлық бұқаралық ақпарат құралдары шақырылмағаны айтылған. Бұл жайт қоғамда да, журналистік ортада да сұрақ туындатты. Алайда осы жарияланымнан кейін облыс әкімінің баспасөз хатшысы Қабиба Дарбаева журналистермен байланыс орнатуға арналған әкімдік чатына: «Әріптестер! Біз әрқашан ашықпыз. Барлықтарыңызды әкіммен қатысуымен өтетін шараға шақырамыз. Кім келе алмады, келесі брифингқа шақырамыз» — деп жазып, пікір қалдыру мүмкіндігін бірден жауып тастады.

Бұл әрекеттің өзі «Ашықтық қайда?» деген сұрақты күшейтіп отыр. Егер шын мәнінде ашықтық пен тең мүмкіндік болса, онда неге: кейбір БАҚ алдын ала шақырылмаған?, неге журналистердің пікірін білдіруге мүмкіндігі болмады?, неге ресми түсініктеме берудің орнына чат жабылды?. Оқырман сіздің пікіріңіз қандай?

Ақпарат – баршаға ортақ!

ЕСКЕРТУ: Мақалада айтылған мәселелер Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың жеке басына, жұмысына еш қатысы жоқ. Марат Мұратұлының жетекшілігімен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері уақыт өткен сайын қарқынды дамып келе жатыр, оған еш күмән жоқ. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, құрылыс, әлеуметтік салада оң динамика байқалады. Оны барлығыңыз көріп те, біліп те жүрсіздер.

Мақалада айтылған мәселелерді тек облыс әкімінің қатысуымен өтетін іс-шараларды ұйымдастыруға жауапты облыс әкімінің жеке баспасөз қызметі мен облыстық ішкі саясат басқармасының жұмысына сын деп қабылдаңыздар!

spot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз