Ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару – Ақмола облысы әкімдігінің басым бағыттарының бірі. Аймақ басшылығы агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында халықаралық әріптестік байланыстарды нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Ақмола облысы мен Эстония Республикасындағы «Muuga Grain Terminal» астық терминалы арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі екіжақты меморандумның қабылдануы болды.
Аталған құжат ағымдағы жылдың ақпан айында облыс әкімінің Эстонияға жасаған жұмыс сапары аясында рәсімделіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін Еуропа нарығына шығарудың жаңа кезеңіне жол ашты. Жеткізілген келісімдер нәтижесінде өңір диқандары үшін эстондық Мууга порты арқылы Еуропалық одақ елдеріне астық экспорттауға мүмкіндік туды. Бұл отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашып, шетелдік серіктестермен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытудың берік негізін қалыптастыруда.
Бүгінде алғашқы нәтижелер де көріне бастады: 2025 жылдың басынан бері Ақмола облысының екі кәсіпорны Италияға 5,6 мың тонна астық экспорттады. Оның ішінде 1,6 мың тонна өнім «Содружество Трейд Восток» ЖШС тарапынан Эстония арқылы жөнелтілді. Бұл – жаңа логистикалық бағыттың тиімділігін, Еуропа нарығына қазақстандық астықты жеткізудің нақты мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.
«Еуропа бағытындағы экспорттық логистиканы дамыту – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тек тұрақты өткізу нарығын ғана емес, сонымен қатар өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасы.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Облыс әкімдігі бизнес өкілдерімен бірлесіп, жеткізу географиясын кеңейтуге, сонымен қатар астықтан бөлек ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзге түрлерін де экспорттауға бағытталған тұрақты арналар қалыптастыру үшін белсенді диалог жүргізіп келеді.