8.1 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарАқмола өңіріндегі «өркендеу»: қағазда өсім, өмірде құлдырау

Ақмола өңіріндегі «өркендеу»: қағазда өсім, өмірде құлдырау

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облысы биыл 9 айдың қорытындысын шығарып, «экономикалық өсім 107,5 пайыз» деп кеуде қақты. Бірақ сол пайыз ауылдағы жарықсыз отырған жұрттың шамын жаға ма? Қағаздағы көрсеткіш Көкшетаудың кірпіштерімен бірге құлап жатқан жоқ па?

Балуанның ауылы – биліктің ұяты

Балуан Шолақ туған Тастыөзек бүгінде ұлт мақтанышынан гөрі, ұмыт қалған мекенге айналған. Халық Президентке видеоүндеу жолдап, ауылдағы күйді айтып жатыр: дәрігер жоқ, жол тозған, су тапшы, жарық жиі сөнеді.

«Бақылаудамыз» деген шенеунік сөзін ести-ести құлақ әбден талып бітті.

Бірақ қай бақылау ол? Егер тірі жанға пайдасы тимесе, ол бақылау емес – селқостықтың мөрі.

Жарық жоқ, жол жоқ, иіс бар

Біржан сал ауданындағы Степняктың сасық кәріз иісі жеті жылдан бері кетпей келеді. Кешке терезе ашу мүмкін емес.

Ал Ақсуатта тұрғындар қараңғылыққа көміліп, батпақ пен қоқыстың ортасында жүр.

Қояндыдағы заңсыз полигондар сот шешіміне қарамастан әлі жұмыс істеп тұр. Сот бар, шешім бар, бірақ нәтиже – нөл.

Су бар, сапа жоқ

6,3 миллиард теңгеге салынған Көкшетаудағы жаңа су тазарту станциясы іске қосылғанына екі ай өтпей жатып, жұрттың сынына ұшырады.

«Су бұрын таза еді, енді лайланып кетті» дейді тұрғындар. Сонда миллиардтар қайда кетті?

Құлаған кірпіш пен «жарқыраған» есеп

Көкшетаудың жаңа үйлерінің кірпіштері опырылып жатыр. Былтыр да солай болған. Атбасарда су тасқынынан кейін салынған үй пәтер емес, суық қора болып шыққан. Ішінде пимамен отырасың, сыртына шықсаң резеңке етік кимей қадам баса алмайсың.

Осындай сапа үшін миллиардтар бөлінеді, лента кесіледі, есеп беріледі. Бірақ кім жауап береді? Ешкім.

«Көкше цементтің» сызаты – аймақтың сызаты

Біржан сал ауданындағы «Көкше цемент» зауыты тоқтап тұр. Жүздеген адам айлап жалақысыз отыр. Директор кетті, жұмыс тоқтады.

Билік үнсіз, иелері – шетелде. Ал халық күн сайын «ертең не болады?» деген сұрақпен оянады.

Бұл зауыттың тағдыры бір ғана кәсіпорынның емес, тұтас өңірдің тынысын көрсетеді. Өндіріссіз өңір – өмірсіз аймақ.

Жемқордың көлеңкесі – биліктің төрінде

Өңірдің дамуына кедергі – тек сызат түскен жол мен шіріген құбыр емес,
кабинеттерде қатып қалған сана.

Неге баласы жемқорлықпен ұсталған адам жасы жетпіске келсе де мемлекеттік БАҚ-та әлі де креслосын бермей отыр? Неге өңірдің ақпарат саясатын зейнеткер басшылар иеленіп, жастар сыртта қалуда? Жастар жоқ па, әлде орын босамай ма?

Қағаз жүзінде «жаңару», «жасару» туралы жиі айтылады. Бірақ істе бәрі керісінше: жаңа идеяны ескі көзқарас тұншықтырып отыр. Бірі орнын босатпайды, бірі үнсіз келіседі. Сөйтіп, өңірдің ақпараттық кеңістігі «даму» емес, «дағдарыс» дәуірін бастан өткеріп тұр.

Ал әкім не дейді?

Журналистермен кездесуде облыс әкімі Марат Ахметжанов:

«Біраз әлеуметтік-экономикалық мәселелерді оқып, көріп отырмын. Кейбірін айтпай жасырып қалады», – деді.

Көріп отырғаны рас болса, неге көргенінен нәтиже жоқ?

Esilnews.kz айлап жазып жүрген осы тақырыптардың бәрі – көз алдында. Бірақ әкім бұл сайттың бар екенін біле ме өзі?

Білмейтін шығар.

Әкімнің өңірдегі барлық БАҚ-ты жаттап білуі міндет емес, бірақ халық көтерген мәселені білу – оның тікелей борышы.

БАҚ – халықтың үні. Ал сол үн естілмесе, үнсіздік елдің түбіне жетеді.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз