Ақмола облысында кәсіпкерлікті қолдау және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Негізгі мақсаттар – қаржыға қолжетімділікті жеңілдету, бюрократияны азайту және өндірісті қолдау.
2025 жылы шағын және орта бизнесті тұрақты қолдау үшін облыстық бюджеттен «Даму» қоры арқылы несие пайыздарын субсидиялау мақсатында 2 млрд теңге бөлінді. Оның 300 млн теңгесі қосымша қаражат ретінде қарастырылды. Бұл кәсіпкерлерге несиені оңай алу мүмкіндігін беріп, қаржыландыру бағдарламаларына тұрақты қатысуына жағдай жасады.
Осының нәтижесінде бизнесте өндірілген өнімнің жалпы көлемі 2 трлн теңгеге жуықтап, 185 млрд теңге салық төленіп, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Арнайы маңызды бағдарлама – «Кең Дала – 2» шеңберіндегі жеңілдетілген несие. Осы жоба аясында өңірдің аграрлық секторына 100 млрд теңгеден астам қаржы берілді. Қаржыландыру 2024 жылғы желтоқсанда басталып, егіс науқанына уақтылы дайындалуға және уақытылы егуге мүмкіндік тудырды.
«Жеңілдетілген несие – нәтиже үшін еңбек ететіндерге мүмкіндік. Мемлекет қолдау көрсетеді, ал бизнес оны тиімді пайдалануға тиіс», – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов кәсіпкерлермен кездесуде.