Биылғы жылқы жылы әлемдік саясатта күтпеген қолайсыз оқиғалармен басталды. Жыл соңында АҚШ-тың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі басқару жүйесінен ауытқып, өзінше жаңа саяси жүйе құру әрекетін жасау арқылы көзге түсіп келген Трамп жұрт күтпеген тағы бір оқыс қадамға барды. АҚШ әскерлері тәуелсіз Венесуела мемлекетіне баса көктеп кіріп, ел президенті Мадуроны күшпен тұтқынға алды.
Іргелес елдің басшысын тұтқындаған АҚШ президенті Венесуеланы басқаруды АҚШ жүзеге асырады деп мәлімдеді. Осы әрекеті арқылы Трамп 2022 жылы Украинаға басып кіру арқылы әлем елдері арасында жүргізіліп келген мемлекетаралық шартты өрескел бзған Ресейдің теріс әрекетін одан әрі жалғастырып қана қоймай, оны әлемдік саясаттың айнымас заңына айналдырғандай болды. Осылайша 21-ші ғасырда әлем күшті елдердің әлсіздерді бодандыққа салатын 19-шы ғасырдағы саяси жағдайына қайта оралды.
Мемлекеттер арасындағы қантөгіс соғыстан көз ашпаған орта ғасырлар мен өткен ғасырдың ортасына дейінгі кезеңде ешқандай халықаралық шарттар мен келісімдер жұмыс істемейтін. Әскери қуаты мол ел әлсіз мемлекетке кез-келген сәтте басып кіріп, тонауы, бодандыққа салуы үйреншікті жай болатын. Осының салдарынан ғылыми-техникалық, экономикалық жағынан мешеулеп қалған Азия, Африка және Америка құрлығының елдері дамып кеткен Еуропа мемлекеттерінің боданына айналды. Милиондаған адамның өмірін жалмаған бірінші және екінші жаһан соғыстары әлемді қайта бөлісуге байланысты туғандығы белгілі. Фашистік Германия талқандалып, екінші жаһан соғысы аяқталған соң әлем елдері арасында жаңа қарым-қатынас жүйесі орныға бастады. Отарлық жүйе ыдырап, артта қалған елдер тәуелсіз даму жолына түсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдар құрылып, әлем елдері бейбіт қатынасқа көшті.
Еуропа елдерінің басым көпшілігін біріктірген Еуроодақ құрылған кезде енді мемелкетаралық қатынасты соғыс арқылы шешу келмеске кетті, әлемде бейбітшілік берік орнықты деп қуанған едік. Дегенмен де, сүттей ұйыған сол бейбіт тыныштықты 2014 жылы Украинаның Қырым облысын тартып алып, Луганск мен Донецк облыстарының едәуір бөлігін өзіне қаратып, аталмыш аймақта соғыс ошағын қалыптастырған Ресей бұзған еді. Путиннің бұл әрекетіне наразылық танытқан әлем қауымдастығы сол тұста Ресейге қарсы біраз санкциялар салған болатын. Ал 2022 жылы Украинаға ашық басқыншылық жасаған Ресейдің әрекетіне қарсы әлем елдері күшті санкциялар салып, өз елін қорғаған Украинаны ашық қолдауға көшті. Әлем елдері тарапынан жасалған осындай наразылық шараларына қарамастан, Ресей басқыншылық соғысын әлі күнге дейін жалғастырып келеді. АҚШ билігіне Трамп келгелі соғыс қимылдарын тоқтатамын деген желеумен АҚШ басшылығы Украинаны еріксіз қолайсыз шарттарға көндіруге тырысып жатыр. Дегенмен де, ел басшысы Зеленскиидің табандылығының арқасында ондай шарттар қабылданбады.
Мынаны еске сала кетейік: КСРО ыдыраған тұста Украина Ресейден кейінгі яролық қару саны көп қуатты мемлекет болған еді. Қазақстанда да мықты ядролық қару болды. Сол тұста АҚШ-тан бастап Батыс елдерінің бәрінің зәресін алатын КСРО-ның ең қуатты континентаралық «Сатана» аталатын ядролық ракетасы Қазақстан аумағында тұрды. Өкініштісі сол, 1994 жылы Украина мен Қазақстан Батыс елдерінің үгіттеуімен ядролық қарудан бас тартты. Будапешт меморандумы аталған келісімде АҚШ, Ұлыбритания және Ресей ядролық қарудан бас тартқан Украина мен Қазақстанның тәуелсіздігіне, аумақтық тұтастығының сақталуына және қауіпсіздігіне кепілдік берді. Ал 2014 жылы Ресей президенті Путин өзіне дейінгі мемлекетті басқарған Ельцин қол қойған Будапешт меморандумының шарттарын өрескел бұзып, Украинаның аумақтық тұтастығына да, қауіпсіздігіне де нұқсан келтірді. Міне, сол тұста басталған халықаралық шарттарды бұзу Трамптың Венесуелаға басып кіру әрекеті арқылы толықтай орныққан сияқты.
Ендігі арада халықаралық шарттарға деген сенім жоғалары анық. Бұның өзі әр елдің өз қауіпсіздігін ойлап, жанталаса қарулануына, ядролық қаруға ие болуға ұмтылуына ықпал ететін түрі бар. Соңғы жылдарда Батыс елдері әскер қорғаныс саласына бөлетін қаржы көлемін еселеп арттырып жатыр. Өз жерінде соғыс жүріп жатқан Украина қорғаныс саласын барынша дамытып, қазір дрон жасау өндірісін биік деңгейге көтерді. Тіпті, Зеленскии өткен жылы ядролық қаруды қайта жасау ниетінің барлығын да жасырмай айтқан болатын.
Батыс елдерімен қырғи-қабақ жағдайдағы Иран да біраз жылдардан бері ядролық қару жасауды қолға алып жатыр. Міне, осылайша әлем елдері ендігі арада өз қауіпсіздіктерін сақтау үшін жанталаса қаруланып, соның салдарынан соғыс қаупі күшейе түсері анық.
Жыл басынан бері халқы наразылық шерулеріне шыққан Ирандағы саяси жағдай да шиеленісіп тұр. Трамп егер Иран билігі халықтың бейбіт шеруіне қарсы оқ атса, АҚШ бұл оқиғадан сырт қалмайтынын ашық мәлімдеді. Сөйтіп, халықаралық жағдай шиеленісіп барады. Оның ақырының не боларын уақыт көрсетеді.
Қалкөз Жүсіп.









