1989 жылдың 3-нен 4-не қараған түні КСРО тарихындағы ең ірі теміржол апаты тіркелді. Уфа маңында екі жолаушы пойызы бір мезетте өртке оранып, жүздеген адамның өмірін қиды.
Қайғылы жағдайға газ құбыры себеп болды. Құбырдағы жарықтан шыққан газ теміржолдың екі қапталына таралып, көзге көрінбейтін қауіп алаңына айналған. Дәл сол сәтте қарама-қарсы бағытта келе жатқан «Новосибирск – Адлер» және «Адлер – Новосибирск» пойыздары бір-бірімен түйісіп қалды. Біреу темекі тұтатты ма, әлде басқа себеп пе – белгісіз. Бірақ сағат 01:14-те жойқын жарылыс болды. Қуаты 12 килотоннаға тең жарылыс Хиросимадағы атом бомбасының әсерімен салыстырылды.
Жалын 230 гектар аумақты шарпып, 575 адамның өмірін жалмады. Кейбірі вагон ішінде тірідей жанып, кейбірі орманға қашқанымен, ажалдан құтыла алмады. Көптеген мәйітті тану мүмкін болмады.
Бұл апаттың зардабын Солтүстік Қазақстан да сезінді. Қаза тапқандардың арасында Петропавлдан шыққан тұрғындар бар еді. Солардың бірі – Сергей Ходиннің әке-шешесі мен туыстары.
«Әкемді бірден таныдық. Қолындағы жазуы бар татуировкасы айғақ болды. Анам қатты күйіп, аз ғана уақыт тірі қалды. Ол дәрігерлерге аты-жөнін, жұмысын айтып үлгерді де, көз жұмды. Ал тәтемізді мүлде таба алмадық. Жерлеуге апат орнындағы топырақты әкелуге тура келді», – деп еске алады ол.
Апаттан кейінгі тергеу қоғам көңілінен шықпады. Нақты кінәлілер толық жауапқа тартылған жоқ. Тек билетке паспорт деректерін енгізу секілді ережелер күшейтілді. Бірақ мыңдаған тағдырды аман алып қалуға ол тым кеш қадам еді.
Уфа маңындағы жарылыс тарихқа ең ауыр қасіреттердің бірі болып енді. Бұл – бейқамдық пен салғырттықтың құны қаншалықты ауыр екенін дәлелдеген оқиға.
Қазір біз үшін бұл – тек естелік емес, сабақ болуы тиіс. Қай салада да қауіпсіздікке салғырт қарау орны толмас өкінішке соқтыратынын уақыт дәлелдеп берді.