Журналист Назаровтың оқу орындары туралы деректерге назар аударды
Журналист Гүлбану Әбенова Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың біліміне қатысты Facebook парақшасында жазба қалдырды.
Әбенова жариялаған мәліметке сүйенсек, Назаровтың өмірбаянында Қазақ көлік және коммуникациялар университетін «Экономика» мамандығы бойынша аяқтағаны көрсетілген, алайда қай жылы бітіргені белгісіз. Осыған байланысты ол бұрынғы курстастарынан пікір күтіп отырғанын атап өтті.
Ресми деректерде Назаровтың 2011 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Құқықтану» мамандығын меңгергені, ал 2014 жылы Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене мәдениеті және спорт» мамандығы бойынша тәмамдағаны жазылған.
Әбенованың айтуынша, жуырда Wikipedia парағындағы Назаровтың өмірбаянындағы «білім» бөлімі алынып тасталған. «Кеше жариялаған жазбамды 17,6 мың адам оқыды. Осы аталған үш оқу орнының бірінде бірге оқығандар болса, пікір қалдырса екен», – деді журналист.
Қазір онлайн энциклопедияда тек спорттағы жетістіктеріне қатысты деректер сақталған.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын министрдің атын білмеген депутат Назаров сынға қалғанын жазған едік.


 
                                    





