Басты бетЖаңалықтарЗаң үстемдігі қайда: көшедегі шындық пен мінбердегі сөз

Заң үстемдігі қайда: көшедегі шындық пен мінбердегі сөз

Сондай-ақ, оқыңыз...

Қостанай көшелерінде орын алған оқиға – тәртіп пен заңның қаншалықты қорғалмағанын көрсететін ащы шындық. Масайған бір топ жігіттің полиция қызметкерін, баласының көзінше, аяусыз соққыға жығуы – жай ғана құқық бұзушылық емес, бұл қоғамдағы заңға деген құрметтің күйрегенінің көрінісі.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Новости | Казахстан | 24KZ (@24kz_tv)

Жергілікті Полиция департаментінің мәліметінше, полицей азаматтық ұстаным танытып, тәртіп сақтауға шақырған. Бірақ оған жауап ретінде жұдырық жұмсалды. Бұл жерде мәселе тек мас күйінде жасалған әрекетте емес. Бұл – жазасыздыққа сенім, заңнан қорықпау, қоғамдағы бақылаудың әлсіреуінің нақты белгісі.

Күдіктілердің ұсталғаны – заңдылық. Бірақ көкейдегі сұрақ басқа: неге мұндай жағдайлар орын алады? Неге құқық қорғаушының өзі қорғансыз күйге түседі? Егер полиция қызметкері көшеде өзін қорғай алмаса, қарапайым халықтың жағдайы не болмақ?

Бұдан бұрын Esilnews.kz желілік басылымында Көкшетаудағы жағдай туралы жазған едік. Абылай хан даңғылындағы «Жақсы» дүкенінің алдында маскүнемдер ашық түрде ішімдік ішіп, тұрғындарға маза бермей жүргені айтылды. Балаларын дүкенге жалғыз жіберуге қорқатын ата-аналар көбейген. Бұл – жай ғана тұрмыстық мәселе емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген нақты қатер.

Ең сорақысы – мұндай мәселелер тек уақытша «шешіледі». Мақала шыққаннан кейін 2-3 күн тыныштық орнайды, кейін бәрі қайта басталады. Тіпті бұрынғыдан да ушығып кетеді. Бұл – жүйелі жұмыстың жоқтығын, тек көзбояушылықпен шектелетінін көрсетеді.

Дәл осы тұста Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты да ойландырмай қоймайды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірқатар полиция басшыларының қызметтен босатылғанын мәлімдеді. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Алматы қаласына арнайы тексеру тобы жіберіліп, өзге де заң бұзушылықтар қаралуда. «Заң бәріне ортақ» деген мәлімдеме тағы да айтылды.

Алайда бұл сөздер бізге таңсық емес. Күні кеше Астанада көтерліген ұран, Көкшетауда орындалмай, Алматыда аяққа тапталып, бүгін Қостанайда тағы да құр сөзге айналып отыр. Бұл – жай сәйкестік емес, жүйенің сыр берген тұсы. Заң бар, талап бар, тапсырма бар, бірақ оның орындалуы оқиғаға тәуелді болып қалғандай.

Бір жерде маскүнемдер көшені билеп жүр, бір жерде полиция қызметкері соққыға жығылады, енді бір жерде жол апаты адамдардың өмірін жалмайды. Ал әр оқиғадан кейін айтылатын сөз біреу – «қатаң бақылау», «тиісті шара», «заң үстемдігі». Бірақ осы сөздердің ғұмыры тым қысқа.

Егер жарияланған қағидаттар Көкшетауда бірнеше күнге жетпей сөніп қалса, Қостанайда қорғана алмаса, Алматыда тек қайғылы оқиғадан кейін ғана еске түссе – онда оның қоғамдағы салмағы қандай? Бұл сұраққа жауап беру енді тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас билік жүйесінің міндеті.

Бүгінгі көрініс бір шындықты айқын көрсетті: бізде заң көбіне оқиғадан кейін «жұмыс істейді». Ал алдын алу, жүйелі тәртіп орнату, жауапкершілікті нақты сезіну – әлі де әлсіз. Сондықтан әр жаңа трагедиядан кейін басталатын тексерулер мен қызметтен босатулар мәселенің салдарын ғана жояды, себебін емес.

Қорыта айтқанда, халық биліктен құрғақ уәде емес, нақты әрекет күтеді. Заң мінберден айтылатын сөз емес, күнделікті өмірде сезілетін шындыққа айналуы тиіс. Әйтпесе, Көкшетау, Қостанай, Алматы – үш бөлек оқиға емес, бір жүйенің үш түрлі көрінісі болып қала береді.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Көкшетауда мәселе шешілмейді – тек орын ауыстырады» тақырыбымен мақала жариялаған едік.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз