-5.8 C
Kokshetau
Басты бетКөзқарасТілге қатысты дау-дамай көбейіп барады

Тілге қатысты дау-дамай көбейіп барады

Сондай-ақ, оқыңыз...

Өткен аптада Шымбұлақ демалыс аймағында дәмханада болған оқиға әлеуметтік желілерде жұртшылықтың үлкен пікірін туғызды. Дәмханаға кірген қазақ азаматы өзіне қазақша қызмет көрсетуді сұрағаны үшін жазықты болып, әкімшіден нешетүрлі  былапыт сөздер естіген. «Қазақ тілін білуге міндетті емеспін» дейді әкімші. «Қазақстанда тұратын әрбір ел азаматы мемлекеттік тілді білуге тиіс» деген келушінің сөзіне «Мен КСРО заманында туғанмын, сондықтан қазақшаның маған қажеті жоқ» дейді әкімші  орыс келіншек.

Осы оқиғаның алдында  ғана автобуста қазақша сөйлеген қазақ қызын жерден алып, жерге салып, тіпті балағаттап тіл тигізген орыс қызының әрекеті көпшіліктің ашу-ызасын туғызған еді. «Қазақстанда екі мемлекеттік тіл бар, орысша сөйлеуің керек, менің шешем Қазақстан қонақүйін салған» деп айқайлаған орыс қызы тіпті, ашуға булығып қазақ қызын қойға теңеп балағаттап та салған. Оған қасында тұрған орыс жігіті қосылып, ертең тауып алып сыбағаңды береміз деп қоқан-лоққы жасады. Қазақ қызы оқиғаны түгел видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салған.

Қазақ тіліне қатысты орын алған бұл екі оқиғаға қатысты жұртшылық арасында үлкен пікір туып, наразылғын білдірген көпшіліктің үніне құлақ асқан есімі елге танымал бір адвокат осы істі қолға алады. Қазақ тіліне қатысты теріс пікір білдірген екі азаматшаның үстінен арыз жазылып, іс сотқа берілді. Шымбұлақтағы Qusto дәмханасының басшылығы жұртшылықтың қысымымен қазақша сөйлегені үшін дөрекілік көрсеткен әкімшіні жұмыстан шығарған. Ол әйел өзінің теріс әрекеті үшін кешірім сұрап, енді бұндай жағдай қайталанбайды деп сендірді. Автобуста қазақ қызын балағаттаған орыс қызы да жаздым-жаңылдым деп кешірім сұрап, азын-аулақ айыппұлмен құтылды.

Тәуелсіз Қазақстанда тұрып, қазақ тілінде сөйлегені үшін жазықты болып, балағат сөз естіп жататын оқиғалар еліміздің әр өңірінен әредік көрініп қалып жүр. Бұның өзі  Ата Заңда тұжырымдалған мемлекеттік тілімізді ғана емес, жалпы тәуелсіз мемлекетімізді мойындамайтын  жандардың бар екендігін көрсетеді. Осыдан бірнеше апта бұрын Рудный қаласында көшелердің атын қазақыландыруға қарсы шығып, «сендердің күн тәртіптеріңе тышқаным бар» деп балағат айтып, дөрекі мінез көрсеткен Корчагина деген келіншектің әрекеті сол тұста біраз ұлтжанды азаматтардың ашу-ызасын туғызған еді. Ол келіншек те аз-маз айыппұлмен құтылып, тіпті оқиғадан кейін де өзінің дөрекі мінездерін видеолар арқылы көрсетіп, тәубесіне келмегенін дәлелдеді.

Қазақстанда туып өскен, осы елдің азаматы бола тұра не тәуелсіздігімізді, не заңымызды, не мемлекеттік тілімізді мойындамайтын және соларын ашық жария етіп, дөрекі мінездерін көрсетіп жүретін адамдардың  кездесетіні еліміздегі ұлтаралық ахуалдың көңілдегідей еместігін көрсетеді. Рас, бұндай дөрекіліктер өзге ұлттар арасында емес, көбіне орыс ұлтының өкілдері арасында кездесіп жатады. Бұның астарында КСРО заманынан қалған ұлыорыстық шовинизм түсінігі мен бүгінгі Ресейдің жүргізіп жатқан теріс пропогандасының салдары анық  байқалады.

Бұндай оқиғалардың соңғы кезде көбейіп бара жатқанына белсенді қазақтілді ұлтшылдардың көбейгені емес, ең алдымен орысша білмейтін қазақ тілді қазақтардың көбейгені себеп болып отырғаны анық. Ресми мәліметке назар аударсақ, қазіргі күні 30 жасқа дейінгі жастардың 80 пайызы орыс тілін білмейді. Яғни, олар қазақ мектептерін бітірген. Оған алыс-жақын шет елдерден келіп жатқан қандастарымызды қосқанда, бір қауым топ болады. Орысша білмейтін олардың қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрауы заңды құбылыс. Ал бұны орысшадан басқаны білмейтін орыстілді азаматтар ар-намысқа тию деп қабылдап, дөрекі мінез көсретіп жатады. Оның соңы ұрыс-керіске айналып, ұлтаралық қатынасқа сызатын түсіруде.

Атап өтетін жай: қазақша сөйлеуді талап еткендерге қарсы дөрекі мінез көсрететіндердің бәрі орыс ұлтының өкілдері емес, олардың арасында өкінішке орай өз қандастарымыз да бар. Күні кеше Алматының бір дәмханасында қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұраған қызға «мен қазақша сөйлеуге міндетті емеспін, сені қара тізімге алып, екінші қайта бұнда аяқ баспастай етемін» деп дөрекілік танытқан келіншектің ұлты қазақ екен.

Ата Заңымызда, одан қалды «Тіл туралы» заңда мемлекеттік мәртебесі тайға таңба басқандай айқындалған қазақ тілінің мәртебесін қорғау әзірге тек қарапайым халықтың  еншісіне тиіп отыр. Ресми билік бұл мәселені мүлдем жылы жауып қойғандай. Анда-санда бірер депутат тілге қатысты жайды айтып, назар аударған болады, бірақ құзырлы органдар оған құлақ асып жатқан жоқ. Осының салдарынан ұлтаралық араздық қаупі қалыңдап бара жатқандай. Құдай бетін аулақ қылсын, ертең сөзге келіп қалған адамдардың бірі ашуға беріліп жаман әрекетке бара қалса, оның ақыры ұлтаралық араздыққа ұшыратуы әбден мүмкін. Рсейдегі «Русская община» ұйымы бұндай оқиғаларды бағып, сәл себеп табылса айқайға ұран қосуға сақадай сай отыр. Сондықтан, құзырлы органдар бұл мәселені ушықтырмай, оның алдын алу шараларын жасауы тиіс. Ол үшін мемелкеттік тілді қолдануға мүлдем көңіл бөлмейтін мекеме, ұйымдарды заң шеңберінде жауапқа тартып, тәртіп тезіне салуға көңіл бөлуі керек. Сонда  қазақ тілін менсінбейтіндер тәубесіне келіп, мемлекеттік  тіл мәртебесін алған ана тіліміз өз мәртебесіне лайықты деңгейге көтерілетін болады.

Қалкөз Жүсіп.

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз