Бүгінгі күні барша әлем елдерінің назарын аударып отырған маңызды оқиға – Украина қарулы күштерінің Ресейдің Курск облысының аумағына баса көктеп кіруі. Тамыздың 6-да басталған әскери операция әлі күнге дейін жалғасуда. Ресми емес деректерге қарағанда қазір аталмыш облыстың 150 шаршы шақырымдай аумағы украиндықтардың бақылауына көшкен. Оның ішінде аудан орталығы Суджа қаласы мен 15-ке тарта елді мекендер бар. Осы мәселе бойынша Ресей президенті В.Путин күштік құрылымдармен арнайы бас қосу өткізіп, тез арада жағдайды қалпына келтіруді тапсырды.
«Не ексең, соны орасың» деген нақыл бар қазақта. Жалпы, жақсылық та, жамандық та соны жасаған жанға қайтып келетінін өмір тәжірибесі үнемі көрсетіп келеді. Дегенмен де, адамдардың содан сабақ алмайтыны өкінішті. 1941 жылдың 22 маусымында таңғы сағат 4-те КСРО аумағына соғыс жарияламастан басып кірген неміс фашистері төрт жылдай уақытқа созылған соғыстан соң талқандалып, фашизм идеясы толықтай жойылды. Ал 2022 жылдың 24 ақпанында таңғы сағат 4-те соғыс жарияламастан Украина аумағына басып кірген ресей әскерлері үш күнде Киевті аламыз деп лепірсе, қазір міне, соғыс үшінші жылға жалғасып жатыр. Соғыс созылған сайын әлемдегі екінші армия саналатын Ресей әскері қалжырап, қаза тапқандар қатары көбеюде және салынған санкцияның салдарынан құлдыраған экономикасы қазір шатқаяқтап тұр.
Жасыратыны жоқ, Ресей Украина жеріне басып кіргенде халықтың 70 пайыздайы Путиннің басқыншылық саясатын қолдайтындықтарын мәлімдеген еді. Уақыт өткен сайын соғысты қолдаушылар қатары азайып барады. Қашықтан ататын Хаймарс пен дрондардың шабуылына күнде ұшырайтын Белгород облысының тұрғындары бүгінде соғысқа қарсы екендіктерін ашықтан ашық айта бастады. Ал Курск облысының аумағында болып жатқан шайқас қазірдің өзінде жергілікті тұрғындардың арасында Путиннің саясатына, соғысқа қарсылардың қатарын көбейтуде. Украина дрондары шекаралас аумақтарды ғана емес, Дағстан, Татарстан сияқты алыс аймақтарға да соққылар жасауда. Күн өткен сайын ресейліктер соғыстың ащы зардабын өз көздерімен көріп, сезінуде. Ал Курскідегі қанды шайқас соғыс сойқанын ресейліктердің анық сезінуіне мүмкіндік жасады. Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде Ресей жеріне ешбір ел басып кірмеген екен. Ресейдің өзі Грузия, Молдова, Украина елдеріне басып кіріп, қарумен күш қолданды. Бұның өзі ресейліктер арасында «біз қуатты державамыз, ешкім де бізге басып кіре алмайды» деген астам көзқарастың қалыптасуына әсерін тигізген сияқты. Украина әскерінің Курск облысына баса көктеп кіруі сондай көзқарастың тас-талқанын шығарып, астамсыған әсіреұлтшыл патриоттарды ғана емес, билік басындағы саясаткерлердің өздерін қатты састырған түрі бар.
Соғыс ешқашанда ешбір елге игілік әкелген емес. Жер аумағы жөнінен әлемде бірінші орын алатын және жерінің асты мен үсті байлыққа толы Ресей халқы әлемдегі кедей елдердің біріне жатады. Шеткі аймақтарды былай қойғанда, елдің орталық өңірлерінде қаңырап қалған селолар мен деревнялар, кенттер аз емес. Өлген адамдардың саны туған сәбилерден асып түсіп, демографиялық үлкен мәселе туындап отырған ел үшін жер жетпегендей өзге елге басқыншылық соғыс ашу ақылсыздық екендігі кім кімге де белгілі жай. Десе де, ақпарат құралдары арқылы халықтың санасын әсіреұлтшыл шовинизм идеясымен улаған Ресейдің сыртқы саясаты көрші елдерге әрдайым көз алартып, үстемдігін сездіру, жәй сездіріп қоймай реті келсе баса көктеп кіріп, жерін тартып алуға негізделіп отырғанын дәлелдейтін жайлыр көп. Ортақ 7 мың шақырымнан астам шекарасы бар Қазақстанға да да Ресей әлсін-әлі көз алартуын қоймай келеді. Осыдан бірер ай бұрын ғана Дума төрағасының орынбасары Толстои Украинадан кейінгі соғысатын еліміз Қазақстан деген мағынада қоқан-лоққы сөздерін айтты. Еліміздің солтүстік облыстарын ресейліктер өздерінің атажұрты санайтынын әредік айтып қойып жүр. Қазіргі Украинамен соғыс қолбайлау болып, өзге елдерге тиісе алмай отырған Ресей күні ертең екіжақты келісім жасалып, соғыс қимылдары тоқтайтын болса, басқа іргелес елдерге шапқыншылық жасайтын қаупі зор. Шабуылға ұшырау қаупі Қазақстанда аз емес. Осыған орай, қазақстандықтар үшін бұл соғыста Ресейдің күйрей жеңілгені, импершіл пиғылды Путиннің биліктен кеткені тиімді.
Курск облысындағы қанды шайқастар әлі жалғасып жатыр. Оның немен аяқталары белгісіз. Украиндықтар бақылауына алған Суджа қаласы туралы бір блогердің түсірген видеоролигінде украйндықтардың жергілікті халық арасында бақылауға алынған аумақты Украинаға қосуға арналған референдум дайындалып жатыр деген пікір айтылды. Бұл шындық болса, Ресейдің бөлшектенуі басталатын сияқты. Бір ауданның аумағының өзге елдің қанжығасында кетуі импершіл Ресей халқы үшін де, басқарып отырған саясаткерлер үшін де өте ауыр соққы болары анық. Бұның өзі Путинге деген айналасындағылардың теріс көзқарасын қалыптастырып, оны биліктен тайдыру әрекеттерінің болу қаупін күшейтеді.
Қалай болғанда да, Украина әскерінің Ресей аумағына жасаған шабуылы әлем назарын аударған үлкен маңызды оқиға болып отыр. Оның немен аяқталарын уақыт көрсетеді.
Қалкөз Жүсіп.