Мамыр айының ортасынан бастап мектеп бітіргендеріне 30, 40, 50 жыл толған түлектердің басқосу тойлары туралы видеолар әлеуметтік желілерде жарыса беріліп жатыр. Мектеп бітіргендеріне 40 жыл толғандардың жасы 57-де, ал 50 жылдығын атап өткендердің жастары 67-де екен. Тіпті, мектеп бітіргендерінің 60 жылдығын тойлап жатқан 77-ге келген қариялар да бар. Бірақ егде жасқа келген сол кісілердің мерейтойларын қалай өткізгендерін көргенде, көңілің құлазып қалады.
Видеолардан көргендей, ондай тойлардың бәрі бір сценарии бойынша өтеді. Мектеп бітіргендерінің мерейтойларын атап өтушілер ұл, қыз болып қолұстасып мейрамханада тізіліп салтанатпен келе жатады. Жастары келген қариялар мойындарына қызыл галстук тағып, тіпті ертедегі мектеп формасы – ақ фартук киіп алатындар да бар. Содан кейін арақ-шарап ішіп қызып алған ата-әжелер ал кеп биді жарады. Асаба айқайлап ұрандатып оларды қоздыра түседі. Ләңгі теуіп, арқан тартысып, бала кездеріндегі ойындарды ойнап, жас балаша шаттанады. Әрине, балалық шақты еске алып, бір серпілген де дұрыс. Дегенмен де, 60-70-ке келген қариялардың қанша галстук тағып, ләңгі тепсе де бала бола алмайтыны, сол қарт қалпында қалатыны даусыз шындық. Негізінде қариялар жастарға үлгі көрсетіп, жастарына лайықты іс жасаса, құба-құп болар еді.
«Той дегенде, қу бас домалайды» дейтін ежелден тойшыл қазақ соңғы кезде толайым тойшылдыққа салынып алды. Сәбидің дүние есігін ашқан шілдехана тойынан басталатын тұсау кесер, сүндет той, мектепке бару, мектепті бітіру сияқты тойлар бірінен соң бірі ағыл-тегіл келіп жатады. «Қазақтың тойы бітпесін» деп қойып, кредит алып шашылып-шабылып той жасайтындар көп. Мектеп бітірген түлектердің мерейтойлары да сондай ысырапшыл көп тойлардың бірі болып, берік дәстүрге айналып барады. Бір-бірімен жарысып той жасайтындар қатары көбейген үстіне көбеюде. 50, 60, 70-ке келген егде жастағы адамдардың арақ-шарап ішіп алып желкілдеп билеуі ерсі-ақ. Сондай видеоларды көргенде жерге кірердей ұяласың. Ау, айнаға бір қарап алмай ма екен, әжім басқан жүздеріне, селдіреген ақ шаштарына көз тастап, осы әрекетім дұрыс па деп өзіне сауал қоймай ма екен, дейсің. Қазақ “Кәрі түйе ойнақтаса, жұт болады” дейді. Қарт адамдардың желкілдеп билегендері ерсі ғана емес, халық түсінігінде жамандық шақыратын теріс ырым болып табылады.
50, 60, 70-ке келген егде жастағы түлектер той тойлап думандатып жатқанда, мектеп бітіргендеріне 10-20 жыл болған жас түлектердің арасында тойшылдықты емес, ойшылдықты серік еткендердің көп болуы қуантады. Олар мерейтойларын мейрамханада айран-асыр той тойлап өткізбей, ақша жинап оқыған мектептеріне түрлі көмектер беру сияқты жақсы дәстүрді қалыптастыра бастапты. Таяуда ғана сондай түлектер өздері оқыған мектептеріне спорт кешенін салып бергендігі туралы әлеуметтік желіде жарияланған видеоны көріп, қатты разы болдық. Ал өткен жылы түлектер өздеріне сынып жетекші болған қарт ұстаздарына ақша жинап, пәтер сатып әпергендігі жайындағы видео жарияланды. Түлектердің мына адамгершіліктеріне қатты риза болған жұртшылық оларға ақ алғыстарын жаудырып айтып жатты.
Мектептеріне түрлі қажетті бұйымдар сатып әперіп, оқушыларға, ұстаздарына сыяпат жасайтындар қатары жас түлектердің арасында көбейіп келеді. Осындай жақсы дәстүрді жалғастырушылардың бәрі дерлік өкінішке орай 40 жасқа дейінгі түлектер. Ал ел-жұртқа ақыл айтады дейтін егде жастағы аға ұрпақ өкілдерінің мерейтойларын мейрамханаларда арақ-шарап ішіп атап өтетіндігі көңілге кірбің ұялатады. Жастарға үлгі көрсетіп, сондай жақсы бастаманы солар бастаса оңды іс болар еді.
Әлеуметтік желіде келер жылы мектеп бітіргендеріне 15 жыл толатын түлектердің өздері оқыған мектепке қандай сыяпат жасаймыз деп ақылдасқан видеолары жарияланды. Ерте бастан қам жасап, қандай сыйлық жасаймыз деп сондай игі шаруаға дайындалып жатқан жастарға қалай разы болмассың. Мектеп бітіргендердің мерейтойларын осындай игі істерге арнауы айнымас дәстүрге айналса қандай ғанибет болар еді дейсің. Ол кезде бюджеттен жетімсіз қаржы алып, жүдеп-жадап тұрған мектептеріміздің көп мәселесі шешіліп, оқу сапасы арта түсер еді.
«Ақыл – жастан, асыл – тастан» деп халық бекер айтпаса керек. Қариялардың ақылы жетпеген игі істі жастар жасап, жақсы дәстүрді қалыптастырып жатса, еліміздің болашағы жарқын болар деп үміттенеміз.
Қалкөз Жүсіп.