-17.8 C
Kokshetau
Понедельник, 9 декабря, 2024

Ұлттық спортшыларды дайындауға неге көңіл бөлінбейді?

spot_img

Париж олимпиадасы да мәресіне жетті. Өткен жолғы олимипада сияқты бұл жолы да спортшыларымыз жанкүйер көпшіліктің көңілінен шыға алмады. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен 43 орынды иеленді. Ал Өзбекстан құрамасы 8 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алып, 13-ші орынды бағындырды. Сөйтіп, өзбектер қазақтарды шаң қаптырып, көш соңында қалдырды. Орта Азияның көшбасшысымыз деп кеуде қағатын біздер осылайша жер қауып, көштің соңында қалдық. Уақыт өткен сайын өзбек спорты қарыштап алға басып бара жатса, біздің спорт саламыз ақырындап кері кетіп бара жатқаны аңғарылады.  Әр олимпиадада біз оның алдындағы олимпиададан біршама нашар көрсеткішке жетіп, төмен сырғып барамыз. Бұның себебі неде?

Таяуда әлеуметтік желіде өзбек елінің белгілі бапкерімен қазақ журналисінің сұхбаты жарияланды. Қазақ журналист өзбек бапкерінен «сіздер неге қазақтар сияқты шетелден мықты спортшылар алдырмайсыздар?» деген сауал қойды. Оған өзбек бапкері «біз өзіміздің ұлттық спортшыларымызды дайындауға назар аударамыз, бар жұмысты осы бағытта жүргіземіз» деді. Жасыратыны жоқ, қазақ спорты қазір шет елдерден атақты спортшылар мен бапкерлерді алдырып, соларға ақша төлеп жұмыс істетумен жан бағуда. Алғашқы кезде бұл әдіс біршама дұрыс нәтиже берді. Шетелдік легионерлер дүбірлі жарыстарда бәйге алып, еліміздің атын шығарып жүрді. Дегенмен де, тек ақша үшін жүрген легионерлерден қайран болмайтынын  төреші уақыт үнемі көрсетіп келеді. Қазақ спорты жылдан жылға кері кетіп, бұрын мақтаныш ететін ауыр атлетика, бокс сияқты салалардың өзі қазір тоқырауға ұшырады. Ал допинг туралы дау шыққаннан кейін, көптеген мақтаныш еткен штангашыларымыз  абырой беделден жұрдай болып, үлкен спорттан шеттетілді. Осылайша, бір кезде мақтан тұтқан спортшылар енді еліміздің атына кір келтіріп, жерге қаратты.

Қазіргі қазақ елінің спорт саласын басқарып жүрген шенеуніктер мен бапкерлердің бар қолдарынан келері қыруар ақша төлеп шет елдерден спортшылар  мен бапкерлер шақыру ғана болып қалды. Дағдарыс шарықтау шегіне жетіп, күнкөріс ауырлаған қазіргі кезде қарапайым пенделердің түсіне кірмейтін мөлшерде ақша төлейтін әлгіндей спортшылар мен бапкерлер еліміздің спортын ұшпаққа шығарып жатса, әңгіме басқа. Мәселен, легионрелердің командасы болып саналатын фудболшыларымыз үлкен жарыстарда көштің ең соңынан көрініп, үнемі жанкүйрелерін жерге қаратуда. Осы салаға бапкер болып келген ресейлік біреу өткенде қазақ тілінде сұрақ қойған журналистке «орысша сөйле» деп жекіріп, соған байланысты жұртшылықтың  үлкен сынына ұшырады.

Үлкен теннистен әлемде аты шыққан мықты спортшылар саналатын  бүгінде Қазақстан азаматтығын алған ресейлік Рыбакина мен Путинцева дегендер олимпиада басталар тұста  ауырдық деп жарысқа қатысудан бас тартты. Олармен бірге  тағы да біраз легионер спортшылар жарысқа қатыспай сытылып қалды.   Ауырдық деген сол Рыбакина мен Путинцеваның таяуда Америкада өтетін үлкен коммерциялық жарысқа қатысатыны белгілі болды. Бұл енді қазақ елін таза қорлау емес пе. Бұны қазақ «асын ішіп, аяғына тышып» дейді.

Үміт еткен боксшыларымыз жарыста жерге қаратты. Осыған орай, бокс құрамасы бапкерлерін өзгертіпті. Бірақ ол өзгеріс қаншалықты жақсы нәтиже әкеледі? Назарбаевтың кезінде әкімдер мен министрлер күнде өзгеріп, аласапыран болып жататын. Бірақ одан ешқандай нәтиже болған емес.  Бүгіндегі Қазақстандық спорт саласында қалыптасқан  ақша төлеп шетелден спортшылар мен бапкерлер шақыру дәстүрі жойылмаса, бұл сала ешқашан алға баспайды. Оған дәлел – Өзбекстан спортының қазіргі қадамы. Ұлттық спортшылар дайындауға көңіл бөлетін өзбек елінің спорт саласы жыл санап қарыштап дамып барады, ал ақшаға легионер сатып алудан басқаны білмейтін қазақ елінің спорты құлдырап құлап барады.

Кезінде қарсыластарын гүрзі соққысымен сұлатудан алдына жан салмай, әлемдегі ең мықты боксшы атанған Майк Тайсонды бапкері көшеде төбелісіп жүрген жерінен тауып, үлкен спортқа сүйрегендей етіп әкелген екен.  Біздің елімізде ауылдың талантты баласын үлкен спортқа тартып, биік нәтижеге жеткізген бір бапкер бар ма? Жоқ. Біздің бапкерлердің бар ақылы шетелден ақшаға спортшыларды шақыруға және допинг сияқты тиым салынған тәсілдерді қолдануға ғана жетеді. Таяуда бұрынғы олимпиаданың күміс жүлдегері болған ауыр атлетші Алмас Өтешов журналистке штангашылардың допинг қабылдайтынын жасырмай айтты. Бұны сол тұстағы бапкер Алексей Ни жасайды екен. Ал допингті тексеруге келген сарапшыларға пара беріп ауыздарын жауып отырған. Бірақ «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, жалғандықпен жасалған әрекет ақыры ашылып, қазақ спортшылары абыройдан жұрдай болды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қазақ спортына қазір ұлтжанды, ұлттық спортшыларды дайындауға көңіл бөлетін басшылар мен бапкерлер қажет және бұрынғы шет елден спортшы, бапкер шақыру деген қате және аса залалды ұстанымды түбегейлі жою қажет. Әйтпеген жағдайда қазақ спорты ешқашан дамымайды.

Қалкөз Жүсіп.

 

spot_img
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп
ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.
Сондай-ақ, оқыңыз...
- Advertisement -spot_img
Өзге де мақалалар
spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here