Қазір әлеуметтік желілерде Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі қызу талқылануда. Биліктің өкілдері бұл елімізді заман талабына сай өркендететін жақсы істің бастауы болады десе, кейбір белсенділер оны сынап, теріс пікірлерін білдіруде. Әсіресе, мемлекеттік тілге қатысты 9 баптағы өзгерістерге байланысты теріс пікір айтушылар көп. Ата заңның еліміздің болашақ дамуына белгілі дәрежеде әсер ететінін ескерсек, халықтың бұл мәселеге ерекше назар аударуының себебін ұғынасың.
Конституцияны өзгерту қажеттілік пе?
Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері қабылданған бұл екінші Конституция екен. Жетпіс жыл өмір сүрген КСРО төрт конституция қабылдапты, ал мемлекет болып құрылғанына төрт ғасырға жуық уақыт өткен АҚШ жалғыз конституциямен өмір кешіп келеді және ол үш рет қана аз-маз өзгертіліпті. Осыған қарап, конституцияны жиі өзгертіп, не қайта қабылдаудың ел өміріне, оның дамуына анау айтқандай үлкен ықпалын тигізбейтінін бағамдайсың.
Халық қахарманы, еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров айтқандай, біздің Конституциямыз черновикке айналып кеткендей. Назарбаев билігі тұсында Ата заңымыз өте көп өзгертулерге ұшырады. Бәрін сол тұстағы билік еліміздің игілігі, заманның талабына орай жасалып жатыр деп түсіндірді. Енді, міне Конституцияның сексеннен астам бабы бірден өзгертілмек.
Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда бізде бір палаталы парламент болды, сосын Сенат құрылып, екі палаталы парламентке көштік. Конституциялық сот деген құрылып, ол кейінірек Конституциялық кеңеске ауысты. Вице президент лауазымы да алынып тасталды. Енді соның бәрі қайтадан қалпына келтіріліп жатыр. Бір палаталы парламент, конституциялық сот, вице президент лауазымы қалпына келмек.
Назарбаевтың тұсында жасалған өзгерістер елімізде демократиялық үдерістерді дамытып, адам құқығын кеңейтті деп айта алмаймыз. Керісінше, ол өзгерістердің бәрі президент билігі мен оның жеке баысының қауіпсіздігін нығайтуға қызмет еткендей болды. Қазіргі өзгерістің басы-қасында жүргендердің айтуынша, бұл президент билігін шектеп, Парламент құзыретін арттырады, құқықтық-демократиялық игіліктерге жол ашады. Оның қаншалықты шынайы екендігін алдағы уақыт көрсетеді деген ойдамыз.
Мемлекеттік тілге байланысты мәселе
Конституциядағы өзгерістердің орыс тілінің мәртебесіне қатысты жайдан айналып өтуі қазақ тілді қауымның көңіліне күдік салып, көп адамдар өз наразылықтарын айтып жатыр. Атап айтқанда, 9 баптың 2-тармағындағы «орыс тілі мемлекеттік тілмен тең дәрежеде жергілікті басқару ұйымдары мен мемлекеттік органдарда ресми түрде қолданылады» деген сөз қазақ тілінің мәртебесін төмендетіп, қолдану аясын тарылтпай ма деп күдік білдіреді белсенділер.
Осы арада мына жайға назар аударғымыз келеді. Конституцияда еліміздегі жалғыз мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігі анық жазылған. Ал 2-тармақ орыс тіліне мемлекеттік мәртебе беріп тұрған жоқ, онсыз да басқару орындарында көп қолданылатын орыс тілінің қазіргі дәрежесіне сай анықтама беріп тұр. Көрші қырғыз елінің Конституциясында орыс тілі қырғыз тілімен бірге мемлекеттік тіл мәртебесін алғаны нақтылап жазылған. Яғни, оларда екі мемлекеттік тіл бар. Бізде бұл мәселе ашық айтылып, мемлекеттік тілдің жалғыз екендігі нақтыланған.
Ал 2 тармақты алып тастағаннан қазақ тілінің қолдану аясы бірден кеңіп кетеді деген бос сөз. Осыдан бұрын сайтымызда жарияланған мақалада айтып көрсеткеніміздей, мемлекеттік тілдің дамуына ең басты кедергі – бұл орыстілді шенеуніктер. Парламент, Үкімет, барлық деңгейдегі әкімдіктер түгел орыс тілінде сөйлейді және іс қағаздарын да сол тілде жүргізіп отыр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын сол тұста Ақмола облыстық сотының төрағасы болған ұлтжанды азамат Досжан Әмірмен болған сұхбатымда ол кісіден мынадай әңгіме естіген едім. Ақмола облыстық соттарында сол тұста сотта қаралған істердің 1-2 пайызы ғана қазақ тілінде қаралған екен. Оның саны неге аз деген мәселеге талдау жасап көргенде, мынадай жай анықталған. Қазақша білмейтін судьялар қазақ тілінде талап арыз жазып келген адамдардың арызын алмай, орыс тілінде жазуын талап ететін көрінеді. Олар амалсыз орысша жазып әкеледі. Соны алға тартып, енді судья істі орыс тілінде қарайды. Осы жай белгілі болған соң, облыстық соттың төрағасы пәрменімен сот әкімшісіне талап арыз қай тілде түссе, сол тілде қаралуын талап еткен. Осыдан кейін қазақ тілінде қаралатын істер саны 5-6 пайызға дейін көбейген.
Бұндай жай тек сотта ғана емес, барлық мемлекеттік органдарда орын алып жататыны құпия емес. Яғни, қазақша білмейтін басшылар мен мамандар қазақ тілінің қолданылуына қасақана кедергі жасайды. Ал Констиция мен тілге қатысты заңнамаларда мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тек соны дұрыс пайдалану қажет.
Тағы бір назар аударатын жай: Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі заңгер Абзал Құспан мемлекеттік тілге байланысты заңнамаларды жүзеге асыру тетігі қарастырылмағандығын айтты. Тіпті, жан-жануарларды қорғауға байланысты заңдарды жүзеге асыру тетіктері жасалған және онымен айналысатын құзырлы органдар нақтыланған, ал мемелкеттік тілге қатысты мұндай тетіктер жоқ. Соның салдарынан заң бұзушылықты анықтау және оны жоюмен ешкім айналыспайды.
Әитпесе, тілге қатысты заңдардың аяқ асты болуын тексеріп, соны анықтау және заңсыздықты жоюды талап ету ұлтжанды белсенділердің ісі ме? Диас Құзайыр, Роза апай сияқты тіл жанашырларына ешкім ақша төлемейді, керісінше оларды қуғындап, тіпті заң шеңберінде жазаға тартқан жайлар да болды. Бұның бәрі тілге қатысты заңның орындалуын қадағалап, бақылайтын тетіктердің жоқтығынан болған іс екені даусыз. Осы мәселе шешімін тапса, онда мемлекеттік тілге қатысты заңсыздықтар жойылар еді.
Қазақстанда жалғыз мемелкеттік тіл болады
Әлеуметтік желіге салынған бір видеода жасанды интелектінің алдағы 10-15 жылда Қазақстанда жалғыз мемлекеттік тіл – қазақ тілі болады, ол барлық жерде қолданылады дегенін естідім. Жасанды интелект деген көріпкел әулие емес, десе де, ол қолдағы бар деректерді талдау арқылы, сараптама жасай алады.
Қолымыздағы бар мәліметтерге назар аудара отырып, алдағы болашақта қазақ елінде қазақ тілінің жайы қандай болады деген сауалға былай деп жауап беруге болар еді. Ресми мәлімет бойынша өткен жылы мектеп бітірген түлектердің 70 пайызы қазақ мектептерін бітіріпті. Тағы бір ресми мәлімет бойынша, еліміздегі 30-ға дейінгі жастардың 80 пайызы орыс тілін білмейді екен, яғни олар қазақша оқыған жастар.
Тәуелсіздігімізді алған 1991 жылы Қазақстан тұрғындарының 39 пайызы қазақтар, 48 пайызы орыстар болған. Қазір 70 пайыз қазақтар, орыстардың үлесі 15 пайыз. Осы цифрлардан ұғарымыз: қазақтардың және қазақ тілділердің саны жыл өткен сайын көбейіп келеді, керісінше орыстар мен орыстілділер саны азайған үстіне азаюда. Осы жайлардан мынаны ұғуға болады: енді 10-15 жылда Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік қана емес, ұлтаралық ортақ тілге айналады. Бұл болмай қоймайтын құбылыс.
Конституциядағы 2 тармақты алып тастай ма, жоқ па, оның мәні жоқ. Қазір 30 жасқа дейінгі орысша білмейтін 80 пайыз жастар енді 10-15 жылда билікке келеді. Орысша білмейтін қазақ тілді адамдардың билікке келуі мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілде сөйлеуін қамтамасыз ететіні даусыз. Осылайша, қазақ тілі өз мәртебесіне сай орынды еш айқай-шусыз, ұрыс-таласыз табиғи түрде алатын болады.
Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді
Қазір Конституцияа енгізілетін өзгерістерді талдауға қатысты және оны қабылдау жөнінде сын айтып, наразылығын білдіріп жатқандар баршылық. Дегенмен де, мына жайды ескерген жөн, қалай болғанда да билік өз ұстанымын қабылдаттырады. Оған күмән жоқ. Осыдан бұрын АЭС салуға байланысты референдум өткізілді. Біраз белсенділер қарсы шығып, АЭС қажет емес деп жар салды. Бірақ іс жүзіне келгенде референдум қортындысына сай ол салынатын болды және оны салу басқа елге емес, Ресейге жүктелді.
Сол сияқты бұл референдумның нәтижесінің қандай болатыны қазірден-ақ белгілі болып тұр. Ата заңдағы өзгерістер билік өкілдері айтқандай еліміздің дамуына күрт серпін бере қоймас, дегенмен де, анау айтқандай залалын тигізбесі де анық. Сондықтан, босқа арамтер болмай, жүйкені жұқартпай Конституциядағы өзгерістерге бой үйреткеніміз жөн болар.
Назарбаев билігі тұсында да бірнеше рет референдум өткен, бәрінде де биліктің ұсынысы қабылданып, халық өз дауыстарын соған берді. Бұл жолы да солай болары анық. Мына жағдайды ескерген дұрыс болады: жалпы заңдағы өзгерістер, биліктің жүргізіп жатқан реформалары қарапайым халықтың тұрмысын, өмірін жақсартуға анау айтқандай әсерін тигізбейді. Өйткені, әр адам өз тұрмысын өзі жақрсатады. Бұл ежелден келе жатқан ақиқат шындық.
Алладан – берекет, адамнан – әрекет
Өз басым осы өмірімде 5 реформаны басымнан өткеріппін. Бала кезімде Хрушевтың реформасының шет жағасын көрдім. Есімде қалғаны, жүгері ұнынан пісірілген сап-сары нанды жегеніміз. Ол кісі КСРО-ны түгел жүгері алқабына айналдыра жаздаған. Соған орай «Кукурузник» (жүгеріші) деген лақап атқа ие болды. Содан соң Брежнев заманы келді. Азық-түлік қорын молайтуға байланысты оның ұзақ жылға арналған программасы болды. Баспасөз беттерінде жиі ұрандар жазылып жататын. Содан кейін Горбачевтың қайта құруы келді. Ақырсында, Назарбаевтың «Қазақстан-2030», Нұрлы жер, Нұрлы жол, Рухани жаңғыру сияқты толып жатқан бағдарламаларын көрдік.
Сол реформалар қарапайым халыққа не берді? Ештеңе де. Ебін тапқандар кеңес заманында да байып, жақсы өмір сүрді. Өтпелі кезең аталған 1990-шы жылдары шылқып байығандар мен қайыршылыққа түскендер көп болды. Осы жайлардан не түюге болады?
Қалай өмір сүрмегі, тұрмысының қандай болмағы – әр адамның тікелей өзіне байланысты, мемлекет қабылдаған заңдарға емес. Назарбаев айтқандай, екі сиыр ал да, өзіңді асыра. Оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған бір блогер келіншектің әлеуметтік желіге салған видеоларын үнемі қарап отырамын. Малы бар, күйеуі жұмыс істейді, сәулетті кең үйі бар, тұрмысымыз жақсы деп солтүстікке шақырып жатады. Сауылатын екі сиырың болса, соның сүтімен де тұрмысыңды жақсартуға болады дейді ол. Сүт зауытының адамдары машиналарымен өздері келіп, сүттің литрін 200 теңгеден сатып әкетеді екен.
Малын бағып, бақшасын салып, өз шаруасын дөңгелетіп жатқан әлгі блогер келіншек Ата заңға өзгеріс енгізіле ме, жоқ па, оған басын ауыртпайды. Ең бастысы – ел аман, жұрт тыныш болсын деп тілейік. Анау Украинадағы сияқты соғысқа ұрынып, тауқыметке тап болудан сақтасын. Соғысып жатқан Ресейдің жайы да оңып тұрған жоқ, халқы аш-жалаңаш. Өткен жылы Қазақстан жан басына шаққандағы табыс көлемі бойынша ТМД елдері арасында бірінші орынға шықты. Тәубе, дейтін жағдай.
Қалкөз Жүсіп.








