11.9 C
Kokshetau
Басты бетКөзқарасКөкшетауда қазақ тілі ақсап тұр

Көкшетауда қазақ тілі ақсап тұр

Сондай-ақ, оқыңыз...

Алғашында қазақ мектебі болады деп салынып, кейін билік тарапынан аралас мектепке айналдырмақ болған Алматыдағы 215-ші мектептің дауы аяқталып, таза қазақ  мектебі болды. Аталмыш мектептің 1-ші сыныбына барған балалар 10 сынып болыпты. Әр сыныпта 30-35 баладан бар десек, 300-ден астам бала  қазақ мектебінің 1-ші сыныбына барған. Бұл өте қуанарлық жағдай. Ол жөнінде әлеуметтік желілерде айтылып, жазылып жатыр.

Қазақ мектептерінде оқитын балалар көбеюде

Алматы қаласының орталығындағы қазақ мектептеріне бірінші сыныпқа барғандар 10, 15, тіпті бір мектепте 25 сынып болыпты. Әлгі мектепте 1-ші «ц» сыныбы деген бар екен. Иә, бұның өзі көңілге қуаныш ұялататын жағымды жаңалық. Бірінші сыныпқа баратын балалардың көптігі Оңтүстік аймақтарда ғана емес, Батыс, Шығыс, тіпті бірқатар Солтүстік  облыстарда да байқалды. Осыған қарап, балаларын қазақша оқытқылары келетін ата-аналардың көбейгеніне қуанасың. Дегенмен де, еліміздің барлық өңірлерінде қазақша сыныптарға баратындар қатары көбейіп жатқанда, Көешетауда керісінше аралас мектептің 1-ші қазақ сыныбына баратын бала табылмай әлеуметтік желіде осы жөнінде видео таралды.

Ресми мәліметке сенсек, қалада тұратын адамдардың 60 пайызы қазақтар, соған қарамастан Көкшетаудағы 36 мектептің 6-уы ғана қазақ мектептері. Аралас мектептердің қазақ сыныптары бір сыныптан аспайды. Ал орыс мектептерінде, орыс сыныптарында оқитындардың басым көпшілігі қазақ балалары. Бұның себебі неде? –дегенге келетін болсақ, ең алдымен аймақта қазақ тіліне, ұлттық идеологияға мүлдем назар аударылмайтынын атап өту қажет. Облыстық әкімдіктен бастап, барлық басқармалар, қалалық, аудандық  әкімдік – түгелдей үлкенді-кішілі ресми жиындарды бір ғана тілде – орыс тілінде өткізеді. Іс қағаздары да түгел орыс тілінде жүреді. Автобус аялдамалары жалғыз орыс тілінде хабарланады. Банктер мен басқа да мекемелерде қызмет негізінен орыс тілінде жүргізіледі. Яғни, қайда қарасаң да орыс тілі, ал қазақ тілі отбасында асүйде отырып әңгімелескенде ғана қолданылатын тұрмыстық тіл деңгейінде қалып қойған. Міне, осыны көрген ата-аналар балаларын орыс мектебіне бермегенде не істейді.

Облыстық газетте біраз жыл қызмет істеген уақытымда қазақ тіліне жанашырлықпен қарайтын және қазақ тілінде сөйлейтін облыстық деңгейдегі  екі басшыны ғана көрдім, олар: облыстық соттың төрағасы болған марқұм Ақжан Ештай мен қазір республикалық ардагер судьялар одағын басқаратын Досжан Әмір еді. Басқа мекеме, ұйым басшылары түгелдей орыс тілінде сөйлейтін және кейбір қазақ басшыларының арасында қазақша бір ауыз білмейтіндері де болды. Иә, Қазақстан деп аталатын тәуелсіз елде тұрып, қазақша бір ауыз білместен үлкен мемлекеттік мекемені басқаруға болады. Керісінше, егер сіз орысша білмесеңіз,  мемлекеттік мекеменің басшысы бола алмайсыз. Өйткені, барлық жиындар орысша, іс қағаздары да түгел орыс тілінде жүреді.

Көкшетау қаласы мен жалпы Ақмола облысы тәуелсіздігімізді алғанымызға 34 жылдай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін КСРО дәуірінде өмір сүріп жатқандай әсер қалдырады. Мұнда өзге ұлт өкілдерін былай қойып, қазақтар еліміздің және мемлекеттік мәртебе алған тіліміздің болашағына сенімсіздікпен қарайды. Балаларын орыс мектебіне беріп жатқан қазақтар бұндай әрекетті қазіргі жергілікті жерде қалыптасқан жағдайға қарап жасайтынында дау жоқ. Ал облыста қалыптасқан қазіргі жағдай сонау кеңес заманындағы одақтың құрамында өмір кешіп жатқан шақтағыдай десек, асыра айтқандық болмайды.

Ертеректе тіл басқармасы құрылып, оны Ғосман Төлеғұл, ақын Арман Бердалин сияқты азаматтар басқарған кезде қазақ тіліне қатысты біршама жұмыстар жүргізілді. Дегенмен де, кейін басқарма таратылып, ол ішкі саясат басқармасының құрамына кішкентай бөлім болып кірген соң тілге қатысты жұмыс атаулы тоқталды. Қазақ тіліне қатысты бар шаруа жылына бір рет жергілікті ақпарат құралдары арасында тілге байланысты жарияланған материалдар конкурсын өткізумен, қыркүйек айындағы тілдер мерекесінде өзге ұлт өкілдерін сахнаған шығарып бірер қазақша ән айтумен шектеледі. Сонымен бітті.

Жер-су, елді мекен атауларының  бәрі кеңес заманындағы орысша қалпында мұрты бұзылмай сақталып тұр. Щучинск, Степногорск, Макинск, Державин сияқты қалалар, Балкашин, Степняк, Астраханка сияқты селолар және Покровка, Дорофеевка, Полтавка  сияқты топырлаған ауылдар орыс атауымен аталады. Облысты аралай қалсаң, бейне Ресейдің провинциясында жүргендей күйге түсесің.

Көкшетаудағы қазақ тілінің бүгінгі жайы

Көкшетаудағы қазақ тілінің қазіргі жайын төрт аяғынан айрылып, шойырылып қалған аттың халімен салыстыруға болады. Төрт аяқтан қалған аттың орнынан қозғала алмай мүсәпір халде қалатыны  белгілі. Қазақ тілі қазір Көкшетауда дәл сондай аса қиын ахуалды бастан кешуде. Бірде автобуста келе жатып, қазақ кондуктор әйелдің қазақ баласына ұрысқанын естідім. Әлгі қазақ бала кондуктордың қазақша сауалына жауап бере алмай “казахскии не знаю” деп басын шайқады. Осыған күйінген әйел әлгі баланы біраз жерге апарып тастады. Қазір Көкшетауда қазақша бір ауыз білмейтін қазақ балалары өсіп келеді. Олардың көбі ертең мектеп бітірген соң Ресейге барып оқуға түседі, сонда дұрыс қызмет табылса жұмыс істеп қалады. Жасыратыны жоқ, қазіргі күні солтүстік өңірден Ресейге барып оқып, кейін жұмыс істеп қалып қойған жастар аз емес.

Соңғы жылдарда еліміздің әр өңірлерінде өзгелерден қазақша сөйлеуді талап ететін қазақтардың көбейгені байқалады. Мынау іргелес Петропавлда Рауза апай деген егде жастағы қазақ әйелі бар. Ол түрлі мекемелерге кіріп, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етіп, орыстілділер жайында видеоларды әлеуметтік желілерге жариялап жүр. Павлодарда тіл жанашыры Диас Құзайыр деген азамат бар. Ал Көкшетауда тіл жайында әңгіме айтатын бір тірі пенде жоқ. Керісінше, Қазақстанда орыс ұлтының өкілдеріне күн бермей, қуғындап жатқан русофобия жайында жағы талмай айтып, видеохабарларды таратып жүретін орысшыл блогер Аслан Төлегенов деген бар. Жеке өз басым анау айтқандай ұлтшыл емеспін, бірақ та әлгі Аслан Төлегеновтың қазақ тілі, қазақ халқы мен тарихы жайында айтатын видоларын көргенде қаным басыма шауып, қан қысымым көтеріле бастайды. Түкірігі шашырап, көзі аларып, бетінің түгі тікірейіп “өзім қазақ болсам да жаным орыс, орыс тілі менің ана тілім” деп бастап, жасасын орыс әлемі, жасасын ресей деп ұрандататын оның әрбір сөзінен қазақ тіліне, қазақ халқына, еліне деген жеккөрушілікті анық аңғаруға болады. Соны көргенде “япырым-ау, мына жігітке қазақтар қандай қиянат жасады екен, сонша жеккөретіндей” деп ойлайсың.

Ресей пропагандистері ойдан шығарған “русофобия”, яғни орыстарды жеккөрішілік деген дерт жайында ауыз жаппай айқайлап, өзін орыс тілі мен орыс халқының қорғаушысы сияқты көрсететін Аслан Төлегенов қазақ тілі мен халқына деген жеккөрініш сезімдерін жасырмай айтып жүр. Осыған ыза болған ұлт белсенділері оның үстінен құқық органдарына қаншама арыз-шағымдар жазды. Бірақ та, көкшетаулық құқық қорғаушылар олардың арызына құлақ түрмей келген еді. Тек биылғы жылдың жазында бір азаматшаны балағаттағаны үшін алдымен сот шешімімен он тәулікке қамалған Төлегенов кейін екі ай мерзімге қамаққа алынып, қазір үстінен қылмыстық іс қозалуда.

Міне, Көкшетаудағы қазақ тілінің бүгінгі жайы осындай. Еліміздің, қазақ тілінің ертеңгі болашағына сенбейтін, балаларын орыс мектебіне оқуға беретін  ата-аналар көп, қазақ тілінен мүлдем аулақ өсіп келе жатқан қазақ балалары көп және олардың басым көпшілігі ресейлік БАҚ-тың пропагандасын санасына сіңірген Аслан Төлегенов сияқты ресейшілдер.

Ұлттық идеология ақсап тұр

Ақмола  облысының  әкімі Марат Ахметжанов жаңа оқу жылының басталуына орай өткен бір шараға қатысып, қасында жүрген білім басқармасының өкілдеріне қазақ сыныптарын оқушылармен толықтыруға тапсырма берді. Өкініштісі сол, әлеуметтік желілерде мыңдаған адамдардың пікірін туғызған Көкшетаудағы қазақ сыныбына бала жоқтығы жайындағы видеоны не білім басқармасының, не ішкі саясат басқармасының басшыларының көрмегені, елемегені қынжылтады. Қазақ сыныбын балалармен толықтыру облыс әкімінің араласатын шаруасы ма? Жоқ. Бұны білім саласының басшылары өздері айтқызбай-ақ шешуі тиіс қой. Олар әлеуметтік желіде үлкен шу туғызып жатқан видеоны неге көрмейді, неге қазақ сыныптарына қазақ ата-аналарының балаларын бермейтініне назар аудармайды, оның себебін неге талдап, қажетті шаралар қабылдамайды?

Көкешауда қазақ тіліне қатысты қалыптасқан қазіргі жағдай ұлттық идеология саласында жұмыстың мүлдем жүргізілмейтіндігін көрсетеді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Астанада балаларын қазақ сыныбына бермейміз деп шу шығарған қазақ ата-аналармен депутаттар, басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері барып арнайы сөйлесіп, үгіттеп жүріп көндірген еді. Осындай үгіт-насихат жұмыстарының арқасында Астанада бұл мәселе бүгінде шешімін тапқан сияқты. Осыған ұқсас жайлар еліміздің басқа да бірқатар өңірлерінде болды, онда да құзырлы орган қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері тиісті түсінік жұмыстарын жүргізіп, бұл мәселе шешімін тапты. Ал Көкшетауда  Қазақстан деп аталатын тәуелсіз мемлекетте тұрып, мемлекеттік тілде балаларын оқытуға қарсы шығатын қазақ ата-аналарына қатысты ешқандай да түсінік жұмыстары жүргізілмейді. Қазақ сыныптарына балалардың бармауы осыны анық көрсетеді. Және де елімізде жоқ “русофобия” деген ұлтаралық қатынасқа сызат түсіретін ауруды әбден белең алып кетті деп аттандап ұран шақырып, ұлтаралық араздық туғызып жүрген бүлікші блогер Аслан Төлегеновтың Көкшетаудан шығуы осы өңірдегі идеологияның қазіргі ахуалын анық көрсетіп тұр.

Облыс әкімі арнайы тапсырма берген соң амалсыздан білім басқармасындағылар жуастау ата-аналарды мәжбүрлеп, 5-6 қазақ баласын қазақ сыныбына кіргізеді де, сонымен іс бітті деп жылы жауып қояды. Ал ата-аналармен тұрақты түсінік жұмысын жүргізу, ұлттық идеологияны халық арасына тарату жайы сол төрт аяғы ақсаған ат сияқты тұралаған қалпында қала бермек. Қазіргі қалыптасқан жағдайға қарап, осылай деп нық сеніммен айтуға болады.

Қазақ тіліне қатысты мәселені мемлекеттік бюджеттен миллиондаған ақша алып отырған қазақ тіліндегі “Арқа ажары” газеті, облыстық телевидение неге көтермейді? Әлеуметтік желілер Көкшетаудағы қазақ сыныбына бала табылмай жатыр деп дабыл қаққанда қазақ тілді басылымның үнсыз қалғаны қалай? Қаладағы қазақ мектептерінің жайы, қазақ ата-аналардың балаларын неге орысша оқытқылары келетінің себебі жайында неге талдау мақалалар жазылмайды, неге сюжеттер түсірілмейді? Ұлттық идеологияның жоқтығы осыдан анық көрініп тұрған жоқ па. Қазіргі қалыптасқан жағдай осы салаға жауапты облыстық ішкі істер басқармасының бұл мәселені мүлдем жылы жауып қойғанын аңғартады.

Тілі жоқ елдің, болашағы жоқ

Қазақстан түрлі ұлттардан тұратын Ресей сияқты федерация емес, унитарлық мемлекет. Бұл елде мемлекет құраушы ұлт — қазақ ұлты және жалғыз мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Оның мәртебесі Конституцияда және “Тіл туралы” заңда нақтыланған. Соған қарамастан, Ата заңды, “Тіл туралы” заңды аяқ асты етіп, қазақ тіліне қатысты ешқандай түсінік, идеологиялық жұмысты жүргізбей, осы салада түйткілді мәселелердің туындауына түрткі болып отырған мемлекеттік құзырлы органдардың жұмысына билік тарапынан нақты баға беріліп, бақылау жасалуы керек. Облыс әкімі Ахмметжанов мырзаның қазақ сыныптарын балалармен толықтыруға қатысты тапсырма беруі дұрыс шаруа, дегенмен де, бұл әкімнің айналысатын ісі емес. Одан да, осы салаға жауапты білім басқармасы мен ішкі саясат басқармасының басшыларына тұрақты және кешенді жұмыстар жүргізу жөнінде тапсырма берсе, сол әлдеқайда тиімді болар еді. Әйтпеген жағдайда, күні ертең “для галочка” ретінде білім басқармасының басшылары бес-алты баланы қазақ сыныбына кіргізіп, әкімнің тапсырмасын орындадық дейді де, бұл істі жылы жауып жайына қалдырады. Содан кейін келесі жылы да, одан кейінгі жылы да осындай жағдайлар МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ҚАЙТАЛАНАДЫ.

Сондықтан да, облыс басшылығы қазақ тілі мен ұлттық идеология саласының жұмысын дұрыс жолға қоюға НАЗАР АУДАРҒАНЫ ЖӨН. Сонда ғана  төрт аяғынан ақсаған ат сияқты шойрылған бұл саланың жұмысы алға басатын болады.

Қалкөз Жүсіп.   

 

 

 

spot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз