Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеше жасаған Жолдауы қоғамның назарын тағы да билік дәлізіндегі жағдайға аударды. Алайда, ел болашағын талқылап отырған сәттің өзінде бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың ұйықтап отырғаны бейнеге түсіп қалды. Бұл – жай ғана этикалық қателік емес, ел басқарушы элитаның қаншалықты шаршап, қоғамнан алшақтап кеткенін көрсететін символға айналды.
Қазақстандағы саяси элита ондаған жылдар бойы өзгеріссіз отыр. Зейнет жасынан әлдеқашан асқан, талай мәрте министрлік пен әкімдік креслосын көрген тұлғалар әлі күнге дейін мемлекеттік қызметтің шетінде емес, қақ ортасында жүр. Олар билікке сүйенген сайын, жаңа буын саясатқа жол таба алмайды.
Президент Жолдауда айтқан бастамалар мен тапсырмалар әдемі естілгенімен, оны жүзеге асыратын аппарат ескі. Бұл аппарат өзгермейінше, «реформа», «жаңғыру» деген ұрандар құрғақ сөз күйінде қала береді.
Қоғамда «зейнет жасына жеткен шенеуніктерге мемлекеттік қызметтің есігі жабылуы керек» деген талап күннен-күнге күшейіп келеді. Себебі биліктегі артық жас – елдің дамуына артық салмақ. Ал жастардың әлеуеті пайдаланылмай, жаңа идеялар жүйеге кірмей отыр.
Қазақстанға бүгінгі күні кәсіби де, моральдық тұрғыдан да жаңарған элита қажет. Әйтпесе, президенттің кезекті Жолдауы ұйықтап отырған шенеуніктердің бейнесіндей – өміршеңдігі жоқ саяси дәстүрдің жалғасы болып қала береді.