18.2 C
Kokshetau
Басты бетКөзқарасГазеттің болашағы бар ма?

Газеттің болашағы бар ма?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Өткен ғасырда газет-жорнал ақпарат таратудың ең пәрменді және негізгі құралы болған еді. Содан кейін телевидение келді.  Көгілдір экран аталған телевидение ақырындап газет-жорланды екінші  орынға ысыра бастады. Ал интернеттің келуі  телевидениені де,  қағаз газетті де ақпарат тарату құралы ретінде кейінге ысырды.  Бүгінгі күні газет ақпарат тарату құралы болып қала ма, жоқ па деген мәселе алдымыздан шығып тұр.

Мен 1988 жылы  аудандық газетке тілші болып журналистика саласындағы еңбек жолымды бастаған едім.  Сол тұста орыс және қазақ тілінде шығатын «Дала таңы», «Степная заря» аталатын газеттерде  жиырмадан астам адам еңбек етті. Редактордың екі орынбасары, секретариат және үш бөлім болды. Газет аптасына үш рет шығатын. Қазақ газетінің таралымы 1,5 мыңдай болса, орыс тілінде шығатын газет 4-5 мыңның көлемінде таралды.  Халқының саны 20 мыңға жетпейтін шағын аудан үшін бұл биік көрсеткіш болатын.

Газетке жазылу науқанын өткізу еш қиындық туғызбайтын.  Әкімшілік ресурс арқылы адамдар мәжбүрлі түрде өңірлік басылымдарға жазылатын. Аудандық газеттерді қаржылық жағынан қамтамасыз ету облыстық полиграфия бірлестігі деген мекеменің қолында болды. Ол мекеме ақшаны да, қажетті қағаз бен басқа да құралдарды да молынан береді. Газет редакторы ештеңеге басын ауыртпайды.  Қаржылық жағынан аудан әкімшілігіне тәуелсіз болғандықтан, аудандық газет аудан басшыларын бет-жүзіне қарамай сынай алатын.  Ал атына сын айтылған басшының мәселесі міндетті түрде райкомда қаралады. Содан болар, жергілікті кәсіпорын, мекеме басшылары газет тілшілерінен өлердей қорқып, бара қалғанда жығылып жастық,  жайылып төсек болуға дайын тұратын.

Ал қазір аудандық, облыстық басылымдардың жағдайы қалай?  Нашар, тіпті өте нашар деп айтуға болады.  Аудандық газеттер аптасына төрт бет болып бір рет қана шығады. Онда ары кетсе 4-5 адам ғана жұмыс істейді. Таралымы да еселеп азайып кеткен. Бұрын аптасына бес рет шығатын облыстық газеттер қазір 3 немесе 2 рет қана шығады. Таралымы аз, қызметкерлерінің саны да азайған. Жемқорлардың майшелпегіне айналған тендер деген газеттердің де құтын қашырып тұр. Тендерге міндетті түрде екі, немесе одан да көп газет қатысуы тиіс. Осыны пайдаланған кейбір пысықайлар газеттердің нәпақаларына көз алартып, орта жолдан қақшып кетіп жатады. Мәселен, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті өткен жылы да, биылғы жылы да тендер арқылы бөлінген қаржының біразынан айрылып, соның салдарынын қаржылық жағынан аса қиын жағдайға ұшырады. Қызметкерлері  бірнеше айлап жалақы алмайды. Сыйақы деген атымен жоқ.

Ақмола облысында аудандық, қалалық газеттердің бәрі дерлік жеке қолға өткен. Меншік иесі газеттің сапалық жағына мүлдем көңіл бөлмейді, бар мақсаты мемлекеттік тапсырысқа бөлетін ақшаны алып, өйтіп-бүйтіп газетті шығару. Соған орай, аудандық газеттерде оқылатын еш материал жоқ. Облыстық газеттердің жағдайы да соның ол жақ, бұл жағында.

Жасыратыны жоқ, қазір аудандық, облыстық газеттердің алдында  «қағаз газет болып қаламыз ба, жоқ жабылып, веб-сайттарға айналамыз ба?»  деген мәселе өткір тұр. Мәселен, 800 мыңдай халқы бар Ақмола облысына таралатын қазақ тілінде шығатын «Арқа ажары» газетінің таралымы – 2073 дана екен. Осындай аудиторияны қамтитын облыстық газет облыс әкімшілігінің  жұмысын халыққа таратып, көрсете ала ма?  Айналдырған екі мыңдай таралымы бар басылымды ұстау үшін милиондаған қаржы бөлу қаншалықты ақылға сыйымды? Оған  жұмсаған қаржыны әлеуметтік желілер және интернет арқылы жұмыс істейтін блогерлерге берген тиімді емес пе? Өйткені, олардың қамтып отырған аудиториясы газетпен салыстырғанда ондаған есе көп.

Қазір елімізде интернетті тұтынатын адамдар саны 12-13 млн. болады екен. Күн сайын 2,5 млн адам кіріп қарайтын Tengrinews.kz  сайтының қамтитын аудиториясы мемлекеттен милиардап ақша алатын «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерін он орап алады, оны айтасыз , «Хабар», «Қазақстан» телеарналарын да шаң қаптырады. Қазақстан аумағында жұмыс істейтін «Феисбук», «Тикток», «Телеграм» сияқты әлеуметтік желілердің қамтитын аудиториясы одан да көп.

Осы жайларға қарап отырып, еріксіз мынадай ойға қаласың: мемлекеттік бюджеттен милиардтап қаржы бөліп, газет  ұстаудың қанша қажеті бар, егер олардың қамтитын аудиториясы мардымсыз болса?  Оқырмандары жоқ, аты ғана бар газеттерді ұстауға қыруар қаржы бөлгенше, сол ақшаны ауқымды аудиторияны қамтып отырған интернет ресурстарға берсе, әлдеқайда тиімді болатыны дау туғызбас шындық.  Қазір, шүкір интернет ресурстар қай жерде де жеткілікті. Жеке меншік сайттар, жеке блогерлер, әлеуметтік желілермен жұмыс істейтін мамандар аз емес. Күн санап өліп, өшіп, жоғалып  бара жатқан газеттерді ұстағанша, ақпарат таратудың пәрменді құралдарына сүйенген тиімді болатыны ақыл-есі дұрыс әр адамға көрініп тұрған шындық.  Дегенмен де, құзырлы органдар осы көрініп тұрған мәселені шешуге асықпайтын сияқты. Соның салдарынан жергілікті әкімшіліктердің жұмысын халыққа көрсету олқы түсіп жатыр. Жергілікті тұрындар өздерінің әкімдерінің атқарып жатқан жұмысы түгілі, аты-жөнін де білмейді. Бұның бәрі жергілікті  әкімдікті халықпен байланыстыратын ақпарат құралдарының  қауқарсыздығынан болып отырғаны анық.

«Ақпаратты билеген, әлемді билейді» деген түсінік бар. «Ақпарат ғасыры» атанған өзіміз өмір кешіп жатқан үшінші мыңжылдықта  өткен ғасырдан жеткен, бүгінде дәурені өтіп, жоғалып бара жатқан  газет сияқты ақпарат таратудың  құралдарын пәрменділігі жоғары жаңа интернет ресурстарға ауыстыратын уақыт жетті. «Таңның атпасына күн қоймайды» демекші, ескі ақпарат құралдарын қимасақ та, заман түптің түбінде өз дегенен бәрібір жасатады. Сондықтан, уақыт өткізбей интернет ресурстарға көшіп алған тиімді болмақ.

Қалкөз Жүсіп.

 

spot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз