Елімізде соңғы күндері қызу талқыланып жатқан бастамалардың бірі – екі жерде жұмыс істеуге шектеу қою. Алғаш естігенде, бұл шешімнің астарында жастарға орын беру, еңбек нарығын реттеу, жұмыссыздықты азайту секілді игі мақсат жатқандай көрінеді. Бірақ ел ішіндегі әңгіме мүлдем басқа арнада өрбіп отыр. Қарапайым халықтың көкейінде бір ғана сауал тұр: бұл заң бәріне бірдей қолданыла ма, әлде тағы да қарапайым жұртқа ғана ма?
Қосымша табысқа мұқтаж жұрт
Көшеде келе жатып, кез келген адамнан «бір жұмыспен күн көріп отырсыз ба?» деп сұрасаңыз, көбі күліп қояды да: «Жоқ, әрине» деп жауап береді. Өйткені бүгінгі күнде бір жалақымен отбасын асырау мүмкін болмай қалды. Мұғалімдер кешкісін қосымша сабақ бермесе, дәрігерлер жекеменшік емханаларға барып істемесе, күзетшілер вахтадан бөлек жүк түсірмесе – айлықтары азық-түлік пен коммуналдық төлемнен әрі аспайды.
Мәселен, Көкшетаудағы тәрбиеші Айнұрдың қолына тиетін айлығы небәрі 200 мың теңгеден сәл асады. Оның 150 мыңын пәтерақы мен коммуналдық төлемге жібереді. Баласын балабақшаға берсе – тағы біразы кетеді. Қалғанын азық-түлікке жеткізудің өзі қиын. Амалсыздан кешкісін оқушыларға репетитор болып, қосымша табыс табуға мәжбүр. «Қосымша жұмыс істемеңдер» деген заң күшіне енсе, Айнұр сияқты мыңдаған ұстаз қалай күн көреді?
Ал қаладағы аурухананың жас дәрігері Нұрлан күндіз емханада, кешке жекеменшік медициналық орталықта жұмыс істейді. Айтуынша, бір жерде ғана істесе, алған айлығы несие мен пәтерақыға жетпейді.
Заң кімге жүреді?
Қарапайым жұртты қосымша табысынан айыру оңай-ақ. Бірақ зейнет жасына жетсе де креслосын босатпай, әрі зейнетақысын, әрі қомақты жалақысын алып отырған шенеуніктерге бұл заң жүреді ме? Әрине, елдің күдігі де осында.
Жылдар бойы парламентте, министрліктер мен әкімдіктерде отырған «ардагерлердің» бір емес, бірнеше табыс көзі бар екені жасырын емес. Бірінің мемлекеттік қызметтен бөлек жеке компанияларда үлесі бар, бірінің отбасы мүшелері арқылы қосымша табыс түсіп жатады. Ал қарапайым халықтың жалғыз күнкөріс көзі – қосымша жұмысына тыйым салынбақ. Бұл – әділет пе?
Журналистикада бір қағида бар: «Әділеттілік – халықтың нанын емес, биліктегі артықшылықты шектеу». Егер билік шынымен әділет орнатқысы келсе, әуелі жоғарыдағы қос табысты шенеуніктерден сұрау алсын.
Орташа жалақы мен өмір шындығы
Ресми деректерде елдегі орташа жалақы 400 мың теңгеден асады дейді. Бірақ бұл – қағаздағы көрсеткіш қана. Шын мәнінде қолға тиетін одан анағұрлым аз. Оның өзін салықтар мен жарналар ұстап қалады.
Ал коммуналдық төлемдер мен азық-түлік бағасы күн санап шарықтап барады. Сиыр етінің келісі 4 мың теңгеден асса, бір литр сүттің бағасы 500 теңгеден асып кетті. Мұндай жағдайда халықтың бір жұмыспен күн көруі мүмкін бе?
Халық пен биліктің арасы
Жұрттың ашу-ызасы түсінікті. Әлеуметтік желілерде «Екі жерде жұмыс істеуге болмайды екен, ал екі жерде жалақы алуға бола ма?», «Халыққа тыйым, шенеунікке еркіндік» деген сарказмға толы пікірлер қаптап кетті.
Шындық мынада: қарапайым халық қосымша жұмыс істегісі келмейді, ол – қажеттіліктен туған амал. Егер мемлекет бір кездері Назарбаев айтқандай, орташа жалақыны шынымен 500 мың теңгеге жеткізсе, бір жұмысқа ғана барып, үйіне тыныш қайтатындар аз емес. Бірақ қазір халықты екінші жұмысынан айыру – отбасын табыссыз қалдырумен тең.
Әділет қайда?
Ал Мәжіліс депутаттары миллиондаған айлықты армандап отырғанда, қарапайым халықтың 100-150 мың теңге үшін қосымша жұмыс істеуіне неге шектеу қойылуы тиіс? Әлде депутаттар сол миллиондарды халықтың соңғы тиыны есебінен алмақшы ма?
Қазақта «хан қарашасыз болмайды» дейді. Биліктің бар болуы – халықтың арқасында. Егер халық үнін естімесе, ертеңгі күннің сұрауы ауыр болмақ.
Әділеттілік – қарапайым халыққа емес, халыққа қызмет етуге тиіс «ардақтылардың» артық табысына шектеу қоюдан басталады. Халыққа «екі жерде жұмыс істеме» деместен бұрын, оның жалақысын жеткілікті деңгейге жеткізсін. Сонда ғана жұрт бір жерде тұрақты еңбек етуге дайын болады.
Әйтпесе, мұндай тыйым – халықтың сорын қайнатқаннан басқа ештеңе емес.