spot_img
spot_img
17.2 C
Kokshetau

Бурабайлық «Алаш» қайраткері- Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімов

Әлемдегі кез келген елдің өзіндік бай тарихы мен мәдениеті бар. Мемлекеттің  өркениеті жоғары өрлеуі үшін қалың жұртты алға бастайтын ұлтына еңбегі сіңген ұлы тұлғасы, көшбасшысы болуы керек. Жалпы тарихта өткен қандай да бір ірі оқиғаны алып қарасақ, онда белгілі бір тұлғаның есімі алтын әріптермен жазылып бөлек орын аталатынын байқаймыз. Осыдан түсінетініміз, ғасырлар бойы біздің уақытқа дейін жеткен мұрағаттардың (оқиғалардың) бар болуы әр кезеңнің әлеуметіне тікелей байланысты. Басқаша айтқанда, тарихты жасайтын, оны өзгертетін, артынан естелік қалдыратын ол – адам. Еліне, жеріне аянбай қызмет етіп өткен батырлардың, ақын-жыраулардың, әкім-болыстардың, әншілердің, жазушылардың атын біліп оны тану, әрбір Қазақстан азаматының міндеті десек қателеспейміз. Бүгінге дейін тарихта XIX-XX ғасырларда өткен біршама қайраткерлердің есімдерімен таныс болдық. Солардың қатарында атақты Ш Құдайбергеновты, А.Құнанбаевты, Ы.Алтынсаринді, М.Сердалинді, Ақан серіні, С.Мұқановты, Ғ.Мүсіреповты т.б. жақсы білеміз. Тәуелсіздік алған күнімізден бастап, өзіміздің тарихымызды, мәдениетімізді, тіліміз бен дінімізді қайта қалпына келтіру мүмкіндігіне ие болдық. Жоғалтып, ұмытылып кеткен құнды дүниелерімізді жаңғырту, қазіргі күн тәртібіне енген күттірмейтін өзекті мәселелерінің біріне айналды.

Солардың негізгісі: Қазақстанның тарихы, діні, дәстүрі мен мәдениеті, қоғамдық-саяси жағдайы, қайраткерлердің өмірі мен қызметтері жөнінде ғылыми зерттеулер жасау аса қажетті. Осы уақытқа дейін тарихта Қазақстанның рухани-мәдени дамуына зор үлес қосып өшпес ізін қалдырған талай майталмандарды білгенімізбен, әлі де тани алмаған тұлғалардың бар екені ақиқат.

Тарих сабағында ұстазымыз Рысгүл Оразбайқызының  жетекшілігімен Бурабай аймағындағы Алашордашыларды анықтау  жөнінде тапсырмалар берілді. Әрине ғаламтор желісінен қарастырдым. Солардың бірі Бурабайлық XIX-XX ғасырларда өмір сүрген Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімов. Ғаламтор желісінде Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімовтің туған жері туралы екі дерек кездесті. Бірінде- ол кісі Біржан  сал ауданының тумасы десе, ал екіншісінде Көкшетау уезі, Қотыркөл болысында туған дейді. Осы дерек мені қызықтырды. Кейін зерттеуге кірістім. Көкшетау қаласында тұратын Мұхаметсәлім Әбдірахманұлының жиен немересі, педагог, аға оқутышы, зейнеткер Мұқышева Теңдік апаймен кездесуге бардым. Теңдік апай нағашы апасынан естіген естеліктері мен өмірбаянынынан сыр шертті.

Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімов 1884 жылы Ақмола облысы, қазіргі Бурабай ауданына қарасты Қымызынай мен Жаңаталап ауылының орта тұсында болған «Жатай» атты ауылда дүниеге келген. Алашорданың қатарында жүргендердің бірі – Көкшетау уезі Алашордасының бірінші хатшысы болған екен.Жас кезінде молда әкесінен хат таныған.

Кейіннен Уфа, Қазан қаласында білім алған. (көнекөз қариялардың айтуы бойынша)

Ол – бірнеше тәлім-тәрбиелік еңбектердің авторы. «Әдеп» (1907 жыл), «Сабақ» (1907 жыл), «Насихат қазақия» (1908 жыл), «Ақыл кітабы» (1908 жыл) сияқты еңбектерінде қазақ балаларына оқу-білім, тәлім-тәрбие, тазалық, мәдениет мәселелері төңірегінде ақыл-кеңес, өнегелі тағылымдар ұсынады.

Ол шәкірт тәрбиесін ұлттық салт-дәстүрге негіздей жүргізуді, мұны имандық пен адамгершіліктің сан алуан көріністерімен ұштастырып отыруды уағыздайды.

1909 жылы «Сұлу қыз» атты өлеңдер жинағы, 1914 жылы «Мұңлы Мәриям» романы жарық көрген.

1911-1914 жылдары «Айқап» журналында қызмет істей жүріп, ел ішінде мектеп-медреселердің жай-күйі, олардағы оқу-тәрбие істерінің барысы жайында ой қозғаса, Жетісу, қырғыз, қытай қазақтарын аралаған кезінде этнографиялық очерктер жазған. Онда елдің тұрмыс-салты, әдет-ғұрпымен бірге оқу-ағарту мәселелерін де сөз етіп, тәлімдік ой пікірін ортаға салады.

Ақмола облыстық мұрағатынан табылған құжатты атап кетсек: «Кокчетавский уездный отдел народного образования г. Кокчетав. № 58 1-21п.»

Бұл құжатта Көкше өңіріндегі мектептердің тізімі берілген екен. Тізім 1919 жылы жасалған. Мектеп саны 64 (алпыс төрт). Осы тізім бойынша «Кашимов» мектебі екі елді-мекенді жерде бар екендігі көрсетілген. Бірі «Боровое» деп берілген, екіншісі, «Котуркуль» деп көрсетіліпті.

М.Ә. Кәшімов 1920 -1928 жылдар аралығында Омбы облысындағы Шарбақкөл елді мекенінде ұстаздық қызмет жасағандығы туралы деректер бар.

1928 жылы оған “халық жауы” деген жала жабылып, абақтыға қамалады. Біраз уақыттан соң  ақталып шыққан.

1929-1934 жылдар аралығында Ташкент қаласындағы бір мектепте мұғалім болған.

1934 жылы Ташкент қаласындағы мектептердің бірінде сабақ беріп жүрген кезінде НКВД-ның адамдары оны тұтқындайды.

1935 жылы Қызылжар (Петропавловск) қаласындағы «ақ түрмеде» қайтыс болды.

“М.Ә. Кәшімовтың мәйіті Бурабай баурайындағы қазіргі Қымызынай мен Жаңаталап ауылдарының орта тұсында, яғни өзі дүниеге келген жерде жатыр”,- деп ұрпағы Теңдік апай сөзін аяқтады.

Қорытындылай келе, зиялы қауым өкілі Мұхаметсәлім Кәшімов қазақ қоғамының мүддесін қорғап, рухани құлдыққа қарсы шыққанын айта кеткен жөн. Қоғамдық, интеллектуалдық және адамгершілік сезімі жоғары зиялы қауым өкілдері жеке тұлғаның қоғамдағы орны, халықтың жаңа қоғам құруға қатынасы мәселелерін көтерді. Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы өз уақытында қоғамдағы теңдік пен адамгершілікті басты орынға қойған дара тұлғалар қатарында болды. Осындай тұлғаның халқына көрсеткен жанашырлығын, білім мен ғылым өркендеуіне қосқан үлесін оқып-білу, зерттеу, ұсынған идеяларын дамыту – жас ұрпақтың міндеті болып табылады.

Еліне еңбегі сіңген ұлт қайраткерлерінің есімі ел жадынан өшпек емес. Жерлесіміз алашордашы М.Кәшімов есімін ардақтай отырып, ауданымыздағы маңызды нысандардың біріне неге М.Кәшімов есімі берілмейді екен деп ойладым, осы ой- ұсынысым қолдау тапса екен.

Аяулым Жұмабаева,

8 сынып оқушысы, Оқжетпес орта мектебі.

Бурабай ауданы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

spot_img