Көкшетаудағы жол мәселесі жылдар бойы айтылып келе жатқаны жасырын емес. Халықтың шағымына құлақ түрмей келген билік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары қарсаңында кенет қимылдап, бір түн ішінде талайдан жөнделмеген көшелерді «жөндеп тастады».
Кеше ғана ой-шұқыры көп жолдардан тұрғындар арыз айтып шаршаса да, еш қозғалыс болмаған. Ал ел Президенті келеді деген күні қалаға жан біткендей болды: көшелер тазаланып, жамалған жолдар жаңарғандай түрге енді.
Тек жол емес. Қаладағы шаң басқан гүлзарлар ретке келтіріліп, ағаштар түгенделіп шықты. Бұрын бейқам жатқан биліктің бұл жолғы асығыстығы көп сұрақ туғызды. Әсіресе, орталық алаңдағы бедер тастардың сабынмен жуылғаны жұртшылық арасында әртүрлі пікірге себеп болды. Бұл қарапайым жағымпаздық па, әлде Мемлекет басшысының «тас төсеу схемалары» жөнінде айтқан сынына үнсіз жауап па — ол жағы беймәлім.
Айта кетерлік жайт, жаздың басында дәл осы бедер тас төңірегінде дау туған еді. Қала әкімдігі бүтін тұрған тасты орынсыз алып тастаған. Әкім Әнуар Кумпекеев «ол басқа нысандарға қайта қолданылады» дегенімен, оның мемлекеттік мекемеге ме, әлде жеке компанияға ма берілгенін ашық айтпады.
Президент сапары кезінде қалада беймәлім «тәртіп» орнады. Бұрынғыдай көше бойын жағалаған маскүнемдер де, қайыр сұраған қаңғыбастар да көзге түскен жоқ. Бірақ Президент кеткен соң бәрі бұрынғы қалпына келді: қаңғыбастар қайта пайда болды, ал тәртіп сақшылары ғайып болды.
Ең басты қауіп – сол асығыс жөнделген жолдар мен үстіртін төселген тастардың ертең-ақ қайта қопарылып жатпасына кім кепіл? Бүгінгі жасалғанның ғұмыры бір күнмен ғана шектелмесіне сенгіміз келеді.
Әзіл аралас шындық та бар: қисайып тұрған бағдаршамдардың өзі бір түнде түзеліп шыға келді. Бірақ, әттең-ай, Сүлейменов көшесіндегі қирап, қаңырап жатқан балалардың ойын алаңы жөнделмеді. Тоқаев ол көшеден өтпейтін болды ма, әлде «көзін байлап» өткізетіндей амал тапты ма — ол жағы белгісіз. Демек, Президент өтпеген көшелердің тағдыры әлі де ұмыт қалуда.
Сонда бұл не? Халық үшін емес, бір адам үшін ғана жұмыс істейтін билік пе? Тәртіп те, жол да, бедер тас та тек Президент сапарына қажет пе?
Көкшетаудың «бір түндік тәртібі» мен «сабынмен жуылған бедер тасы» – биліктің көзбояушылығының айнасы іспетті.