Биылғы жылдың қаңтар айында қызметіне кіріскен АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп жұмыс сапарымен Сауд Арабиясына барды. Екі елдің басшылары қандай келісімге қол қойды, нендей мәселелерді талқылап, шешті, онда шаруамыз жоқ. Ол жайында әлемдік ақпарат құралдары айтып, жазып жатыр. Бұл сапардағы қарапайым жұртшылықты, оның ішінде иісі мұсылман халқын қайран қалдырған, ашығырақ айтқанда қынжылтқан оқиға жайлы әңгіме қозғамақпыз.
Әлемнің алпауыт бай елінің басшысын Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы арнайы алдынан шығып, зор қошеметпен қарсы алғанын телехабарлардан көрдік. Кілем төселген жолмен жүріп, салтанатты қарауылдың шығарып салатын ресми рәсімдеріне көз үйренгендіктен, оған ешкім көңіл аудара қоймайды. Ал жұртшылықты таңғалдырған Трампты қарсы алған жұқа ақ көлек киген жас бойжеткендердің қара шаштарын жайып жіберіп, бастарын бұлғақтатып билегені болды. Бұны шаш биі деп атайтынын тележурналист түсіндіріп жатыр. Әйелдерін бастан аяқ қара матамен бүркеп, ер адамдардың көзінен таса ұстайтын ислам діні өркен жайған Мекке мен Медине сияқты қасиетті қалалар орналасқан Сауд Арабиясы елінде жасы сексенге келіп қалған АҚШ президентін әуретті жерлерін бүркемей, бастарын ашық қалдырып, ол аз десеңіз шаштарын бұлғақтатып би билеген жап-жас өрімдей араб қыздарының қарсы алуы мүлдем түсініксіз жай болды.
Интернетте таралған осы видеоға қатысты адамдардың жазып жатқан пікірлерін оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Әншейінде әйелдерін жұрт көзіне көрсетпей, үсті-бастарын түгел қымтап қоятын арабтардың жас бойжеткен қыздарын жұқа көйлекпен билетіп қойғанына қатысты жерден алып, жерге салған теріс пікірлер өріп жүр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің елімізде бір әсіре діндарлар қазақтың ұлттық аспабы домбыраны харам деп, соған байланысты халық арасында үлкен шу туған еді. Қыздарымызды мектепке хиджабсыз жібермейміз деп қиғылық салған сақалдылардың әрекеті де қоғамымызда біраз дүрбелең туғызған болатын. Арабтардың әсіредіндарларының музыка аспаптарын сындырып, өртеп жатқандарын көрсететін видеолар ғаламторда аз емес. Анау харам, мынау ширк деп көрінген нәрсеге тиісетін сақалдылардың әрекеті жұртшылықты әбден мезі қылғаны қашан. Олардың үлгі тұтары арабтар, сол арабтардың діни ұстанымы екендігін сөздерінен әрдайым естіп қаламыз. Тіпті, жеті атаға дейін қыз алмайтын қазақы ұғымды сынап, ағайынды туыстар бірінің қызын бірі алса, тұқым жақсарады деп сайраған ұстазсымақтарды да естідік. Міне, дәл осындай жағдайда Сауд Арабиясы мұрагер ханзадасының АҚШ президентін қарсы алған оқиғасы әсіредіндарлардың аузына құм құйғандай болды. Бойжеткен қыздарын жалғыз жұқа көйлек кигізіп, шаштарын көлбеңдетіп билетіп қойған саудиялықтардың бұл әрекетінің ислам дінінің заң-қағидаттарына түгел қайшы келетінін айтып, жазып жатқандар аз емес. Бірақ та, әншейінде айқай салатын сақалды әсіредіндарлар ауыздарына су толтырып алғандай бұл жолы үнсіз қалды.
«Тәшкенде бір жездем бар, меннен де өткен сорақы» дегендей, АҚШ президентін жас қыздардың билеп қарсы алғаны аздай, үлкен шенді қызмет ете ме, болмаса сондай билік басындағылардың бірінің әйелі немесе қызы болып келе ме, әйтеуір хиджаб киіп, бетін ашық қалдырған жап-жас келіншектің сексендегі Трамппен құшақтасып амандасқаны тіпті, сорақы болды. Бұны енді ислам шарттарын түгелдей аяққа таптау десе, артық айтқандық болмас. Және де бұндай жағдайдың басқа елде емес, исламның орталығы саналатын қасиетті мекенде – Сауд Арабиясы елінде болғаны өте қынжыларлықа-ақ іс.
Қазақта «балық басынан шірдиді» деген сөз бар. Ислам дінінің бүгінгі ахуалын Сауд Арабисында болған осы оқиға анық көрсетіп бергендей. Қит етсе харам, ширк деп бет бақтырмайтын әсіредіндарлар енді бұған не айтар екен? Әлде басқалар үшін харам болған нәрсе, исламның өркен жайған отаны саналатын Сауд Арабиясында халал бола ма? Қалай десек те, бұл оқиға ислам дінінің абырой-беделіне үлкен сызат түсіретін теріс жай болғаны анық.
Қалкөз Жүсіп.