-17.8 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарҚазақ тілін дамытуға кім кедергі?

Қазақ тілін дамытуға кім кедергі?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Мемлекет басшысының ұсынысымен Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізілмек. Осы орайда саясаттанушылар, заң саласының мамандары, сарапшылар  аталмыш мәселені талқылап жатыр.  Әлеуметтік желілерде Конституцияға кіргізілетін өзгерістер қатарында тілге қатысты 7 бапқа өзгеріс енгізілуі керек деген пікірлер көптеп айтылуда.  Конституцияның 7 бабының 3 тармағындағы «мемлекеттік органдар мен мекемелерде орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар ресми түрде қолданылады» деген сөзді желеу етіп, орыс тілі  екінші мемлекеттік тіл және қазақ тілімен бірдей қолданылады деп  түсіндіріп жүргендер бар.

Тәуелсіздігімізді алғанымызға отыз жылдан асса да әлі күнге дейін Ата Заңда белгіленген мемлекеттік мәртебесіне сай деңгейге көтеріле алмаған ана тіліміздің жайын ойлап алаңдаушылар көп. Парламент те, Үкімет те түгелдей орыс тілінде сөйлейді. Көптеген мемлекеттік емес ұйымдар да толықтай орыс тілінде қызмет көрсетеді. Өз елінде жүріп ана тілінде қызмет ала алмаған орысша білмейтін қазақтар тарапынан наразылық білдірілсе, олар ұлтшыл деп айыпталып, тіпті  жазаға тартылып жатқандары бар. Осы жайлардың бәрі  қазақ тілінің болашағын ойлайтын ұлтжанды азаматтарды қатты толғандырады. Олардың көбі бар пәле Конституцияның 7 бабындағы орыс тіліне қатысты тармақ деп түсініп, оны Ата Заңнан алып тастасақ, бар мәселе шешімін табады деп ойлайды. Шындығында, ана тіліміздің өрге басуына кедергі келтіріп тұрған Конституциядағы осы тармақ емес. Мемлекеттік мәртебе алғанына қарамастан, өз елінде өгей баланың күйін кешкен ана тіліміздің алға басуына іргелес Ресейдің  орыс әлемін қолдау саясаты немесе өз ішіміздегі қазақ тілін білмейтін және үйренгілері келмейтін орыс және басқа ұлттардың әрекеті де кедергі емес. Бар пәле, қазақ тілін білмейтін және үйренгілері келмейтін ОРЫСТІЛДІ ШЕНЕУНІКТЕРДЕ болып отыр десек, шындықтан алыс кетпейміз. Неге? Енді осы мәселеге кеңірек тоқталайық.

Таяуда әлеуметтік желіде бұрыңғы ақпарат министрі, көп жылдар президенттің кеңесшісі болған Ермұхамед Ертісбаев  Петропавл қаласында қазақ тілінің аяқ асты болуына қарсы шығып, шырылдап жүрген тіл жанашыры Роза апай деген кісінің әрекетіне қатысты теріс пікірін білдірді. Ертісбаевтың айтуынша, Конституциядағы орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей мемлекеттік органдарда қолданылады деген түсінік барлық мемлекеттік емес органдарға да қатысты-мыс, сондықтан дүкендерге,  басқа да мекемелерге барып қазақ тілінде қызмет көрсетілуін талап ету арандатушылық болып табылады екен. Назарбаев билігінің белді өкілі, бүгінде коммунистік партияға жетекшілік жасап отырған адамның көре көзге Конституцияда айтылған жайдың мәнін өзгертіп, бұрмалап түсіндіруінің астарында қазақ тілінің өркендеуіне қарсылық жатқаны тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Оның осы сөзін естіген тіл білмейтін орыстілділердің қазақ тіліне көзқарасы қандай болмақ? Әрине, белгілі, олар Конституцияда орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады деп жазылған, сондықтан кез-келген жерде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді заң бойынша ешкім де талап етуге құқысы жоқ деп түсінеді.

Ертісбаев жалғыз емес, оның жақтастары бүгінгі билікте  жыртылып айрылады. Олар қазақша білмейтін орыстілді шенеуніктер. Қит етсе маған оңтайлы деп орыс тілінде сайрай жөнелетін, қазақша сөйле десе, менің констиуциялық құқым, қай тілде сөйлеуді өзім білемін дейтін сондайлардың кесірінен қазақ тілі әлі күнге дейін отбасы, ошақ қасының тілі болып отыр.

Егер Конституциямызға, басқа да тілге қатысты заңдарымызға зер сала қарайтын болсақ, онда қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіне көтеруге қажетті заңдық негіздер жетіп артылады. Өкініштісі, сол заңдық негіздердің ешқайссы іс жүзінде жұмыс істемейді. Неге десеңіз, оған ең алдымен қазақ тілін білмейтін және білгілері келмейтін шенеуніктер қос қолдап қарсыласып жатыр. Олар отыз жылдан астам уақыт бойы қазақ тілін дамытуға  қасақана кедергі жасаумен келді, әлі де кедергі жасап жатыр.

Бүгінде зейнеткер, ертеректе Астана қаласының әкімі болған журналистермен болған кездесуде бастан аяқ орысша сөйлеген Әділбек Жақсыбековке бір журналист  «қаланы басқару қиын ба, жоқ қазақша үйрену қиын ба?» деп сұрақ қойған еді. Сонда Жақсыбеков «мен болашақта қазақша үйренеді» деп тілін бұрап акцентпен шатып-бұтып бірдеңе деген болды. Ол бірақ та сөзінде тұрмай, зейнетке шыққанша қазақша үйрене алмай кетті.

Назарбаев «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деді, бірақ оны шенеуніктер құлағына қыстырмады, Назарбаев тағы бір Жолдауында «2020 жылға дейін қазақстандықтардың 90 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейтін болады» деді, ол сөзі де желге ұшып кетті. Көзінше жағымпазданып, Назарбаевты тірі Құдайға теңейтін шенеуніктер неге екені белгісіз оның тілге қатысты айтқандарын құлақтарына да, басқа жерлеріне де қыстырмай, қоқыс салатын шелекке тастай салатын болды. Соның нәтижесінде Назарбаев дәуірінде қазақ тілі орыс тілінің тасасында өлі тіл болып қалды.

Назарбаев дәуірі біткенімен, тіл білмейтін және үйренуге құлықсыз, сондықтан жан-тәнімен қазақ тіліне қарсы шенеуніктер әлі де билікте отыр. Олар жәй отырған жоқ, қазақ тілін қос қолдап тамақтан алып тұншықтырып отыр. Күні кеше әлеуметтік желіге салынған видеода бір қазақ шенеунік қалтасына қолын салып шікірейіп тұрып орысша сөйлеп, қазақша сөйле деген жұртшылықа кекете мысқылдай күліп қарады. «Ал не істейсіңдер, қолдарыңнан не келеді» дегенді осы шікірейген тұрысымен сездірді. Қазақ тілін қорғап шырылдап жүрген тіл жанашырын «првокатор» деп айыптаған экс министр Ертісбаев анау.

Осы жайлардан не түйіндеуге болады? Қазақ тілінің дамуына Конституциядағы орыс тіліне қатысты тармақ та, қазақша білмейтін орыс ұлтының өкілдері де, көрші Ресей де кінәлі емес, ең басты кедергі  — ол орыстілдді шенеуніктер. Қазақ тілін дамытамыз десек, онда орыстілді шенеуніктерден арылуымыз қажет, әйтпесе Конституцияны өзгертумен, тіл туралы заң қабылдаумен ештеңе шешілмейді. Қазіргі қолданыстағы заңмен де мемлекеттік тілді дамытуға толық мүмкіндіктер бар. Тек, орыстілді шенеуніктерден құтылмай, тіл дамымайды. Олар әр қадам сайын қазақ тілін аяқтан шалып, алға бастырмай төбесінен тоқпақтайды да отырады.

Өзіңіз ойлап қараңызшы, күні кеше Алматыдағы қазақ мектебі болады деген мектепті аралас мектеп жасаймыз деп, қара халық көтеріліп, әбден ашынып айқай-шуға барғанша міз бақпай сазарған да сол шенеуніктер емес пе. Парламент, Үкімет, барлық деңгейдегі әкімдіктердің орысша сөйлеуі, іс қағаздарының түгел орыс тілінде жүруі – бәрі шенеуніктер жасап жатқан әрекет емес пе?

Жалпы, тілді дамыту үшін мына мәселені нық шешіп алу қажет: орыстілді шенеуніктер не қазақ тілін меңгеруі тиіс, не қызметтерін босатуы қажет. Осындай шартты қоятын уақыт келгендей. Олай болмаса, ҚАЗАҚ ТІЛІ ЕШҚАШАН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БОЛМАЙДЫ.

Қалкөз Жүсіп.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз