Orda.kz сайтының хабарлауынша, елімізде бүгінгі күні 57965 долларлы миллионер өмір сүреді екен. Олардың 50 мыңының ақша қоры 1-5 млн АҚШ доллары көлемінде болса, 48-інің ақшасы 500 млн доллардан асады. Осылайша, долларлы милионерлердің саны жағынан Қазақстан әлем елдері арасында ең алдыңғы орындардың бірінен көрініп отыр.
Долларлы милионерлерінің саны жағынан әлемдегі ең алдыңғы сатыда тұрған Қазақстан бірақ экономикалық даму көрсеткіштері бойынша әлем елдері арасында төменгі орындардан орын алған. Өндірістің өсім көрсеткіші бойынша тіпті, іргелес Өзбекстан мен Қырғызыстаннан біраз кейін қалып отырмыз. Инфляция деңгейі өте жоғары. Бағаның шарықтап өсуі халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуіне әсер етуде. Бюджет дефициті жылдан жылға артып, қазына қоржынын қалай толтырамыз деп бастары қатқан билік қит еткендерге айыппұл салып, онсыз да тұрмыс тауқыметін тартқан қарапайым жұртшылықты одан сайын қысуда.
Ұлттық қордағы қаржыға қайта-қайта қол салып, қор көлемін азайтып алған билік экономиканы дамытатын ақшаны қайдан аламыз деп бас қатыруда. Бұрын ағылып келетін шетелдік инвестиция көлемі де жыл санап кеміп бара жатқанын айтып дабыл қағады сарапшылар. Инвестиция негізінен мұнай, газ, басқа да шикізаттар өндіруге салынып, басқа салалар назардан тыс қалып келді. Ал мұнай, газ саласына инвестиция салу тоқталған соң, енді шетелден ағылған қаржы күрт азайды. Бұның бәрі еліміздің экономикасына үлкен кері әсерін тигізіп отыр.
Осы арада экономиканы өрге бастыру үшін қажетті қаржыны 58 мың милионерден неге алуға болмайды, деген сауал көкейге оралады. Милиондаған доллар ақша тапқан ол азаматтар сол ақшаларын егер еселеп қайтару мүмкіндігі болса, ел экономикасына салуға құлшынары анық. Бірақ та, өкініштісі сол, елімізде артық қаржыны өндіріске салып, ақша табу мүмкіндігі жоқтың қасы. Бұған ең алдымен салық саласындағы заңнамалардың қолайсыздығы, содан соң атқарушы билік өкілдері арасында кең жайылған жемқорлық кедергісін тигізуде. Әлгі 58 мың милионердің басым көпшілігі өз ақшаларын шетелдерде ұстайды және нақты бизнеспен емес, құнды қағаздар сатып алу, жылжымайтын мүлікпен айналысу сияқты ивестициялық құралдарды пайдаланумен айланысады.
Әлемдегі ең бақуатты ел болып табылатын АҚШ-та жеке кәсіпкерлікпен айналысуға барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер заң жүзінде жасалған. Өз кәсібін ашқан адамдар 3 жылға дейін салықтан мүлдем босатылады. Ал одан кейін де бірден 100 пайыз салық төлетпей, алдымен 50 пайыз төлеуге міндеттеп, кәсіпкердің өз бизнесін аяғынан нық қойып алуына жағдай жасайды. Осының нәтижесінде АҚШ-та кез-келген адам өз бизнесін ашып, өзін ғана қамтамасыз етіп қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Ал бізде қалай?
Осыдан біраз жыл бұрын артық ақшама шағын бизнес ашып алғым келді. Көп әурешілікпен, бір айдай уақытымды кетіріп, жеке кәсіпкерлікті тіркеттім. Қызығы сол, салықты жұмысқа кіріскен күннен бастап емес, арыз берген күннен бастап есептеді. Тіркелу үшін бір айдай уақыт кеткенін ескермеді. Жәрайды, деп оған да көніп, жұмысымды бастап кеттім. Арада бір аптадан сәл асатын уақыт өткенде салық департаментінен келген тексеруші заң бұздың деп қомақты көлемде айыппұл салып кетті. Мен патентпен жұмыс істейтінмін, ал адам жалдап алсаң, онда ықшамдатылған тәртіппен жұмыс істеу қажет екен. Менің бірнеше айға патент төлеп қойғаным ескерілмеді. Қайта тіркеліп, ықшамдатылған жұмыс тәртібіне көш дейді. Ол аз болғандай, әлеуметтік салық төлеген құжатымды қабылдамай, тағы біраз сандалтты. Өз кәсібімді ашпақ болған бір жарым айдың ішінде жүйкем жүндей түтіліп, біраз уақытымды, ақшамды құрттым. Таусылмайтын проблемалар көбейіп кетті. Осыған күйінген мен жеке кәсіпкерлікті жауып тастадым. Ал оны жабу ашудан да қиын екен, тағы да біраз сандалысқа түстім. Осыдан кейін артық ақшамды кәсіпке емес, жәй инвестициялық құралдарға салып, бас ауыртпауға нық бекіндім.
Қазіргі қолданыстағы Салық кодексі жеке кәсіпкерлікті тұншықтыратын өте қуатты құрал. Бұндай Салық кодексі тұрғанда елімізде ақыл-есі дұрыс еш пенде өз кәсібін ашуға ынталы болмайтыны анық. Артық ақшаң болса депозитке сал, құнды қағаздар, жылжымайтын мүлік сатып ал. Ең тынышы сол. Әлгі 1-5 млн доллары бар адамдардың бәрі дерлік сондай инвестициялық құралдарды пайдаланушылар десек, артық айтқандық болмас.
Қазір мына жағдай барша жұртқа белгілі: біздің елімізде өз кәсібіңді ашып, жүргізу өте қиын және кедергілер өте көп. Керісінше, біздің заңдарымыз шетелден келген инвесторларға барынша жағдайлар жасап қояды. Ал шетелдік инвесторлар отандық экономиканы дамытуды емес, өз қалталарын қампайтуды ғана ойлайды. Олар қайтарымы мол шикізат саласына ғана ақша салады. Ал еліміздегі 58 мың милионер өз ақшаларын шетелдік инвестициялық құралдарға салып, шетелдерді байытуда. Айыппұл салудан басқаға ақылдары жетпейтін депутаттар салық заңнамаларын қайта қарап, отандық инвесторларға жағдай жасайтын мүмкіндік жасаса, еліміздің экономикасын шарықтап дамытуға жол ашылар еді. Өкінішке орай, осындай ақиқатты көруге құзырлы және өкілетті органдардың өкілдерінің өрелері жетпейтін сияқты.
Қалкөз Жүсіп.