-29.1 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарАлаяқтардың арбауына түскен ақмолалық зейнеткер 10 млн теңгесінен айырылды

Алаяқтардың арбауына түскен ақмолалық зейнеткер 10 млн теңгесінен айырылды

Сондай-ақ, оқыңыз...

Соңғы уақытта интернет алаяқтары инвестиция, криптовалюта және түрлі биржалық сауда арқылы «тез әрі оңай табыс» уәде етіп, азаматтарды алдап соғу жағдайлары жиілеп барады. Осындай кезекті оқиға Ақмола облысында тіркеліп, зейнет жасындағы тұрғын ірі көлемдегі қаржысынан айырылды.

Полиция мәліметінше, Бурабай ауданында тұратын зейнеткер жалған инвестициялық биржаға сеніп, 10 миллион теңгеден астам қаражатын алаяқтарға аударып жіберген.

Жәбірленушінің айтуынша, өткен жылдың қараша айында оған өзін сатып алушы ретінде таныстырған екі белгісіз ер адам хабарласқан. Әңгіме барысында олар биржада сауда жасау арқылы жоғары табыс табуға болатынын айтып, әйелді инвестициялық платформаға тіркелуге көндірген. Ұсынысқа қызығушылық танытқан зейнеткер берілген сілтеме арқылы тіркеліп, алғашқы ретінде 50 мың теңге салған.

Осыдан кейін өзін қаржылық кеңесші және талдаушы ретінде таныстырған белгісіз адамдар үш ай бойы жәбірленушімен байланыста болып, түрлі «тиімді мәмілелерге» ақша салуға үгіттеген. Олар мұнай, алтын, сондай-ақ «Tesla супер мәмілелері» сияқты қаржылық операцияларға қатысуды ұсынып, инвестиция көлемін ұлғайтуға көндірген.

Алаяқтар сенімді арттыру үшін жәбірленушіге жалған дивидендтер түскені жөнінде скриншоттар жіберіп отырған. Соған сенген әйел шотын үнемі толықтыру үшін банктен несие рәсімдеп, алтын бұйымдарын ломбардқа өткізген. Бұдан бөлек, қызын екі несие алуға көндіріп, таныстарынан да қарыз ақша алған.

Осылайша, жәбірленуші жалпы сомасы 10 103 000 теңгені алаяқтарға аударған. Қаражат 12 түрлі транзакция арқылы үшінші тұлғалардың шоттарына жіберіліп, кейіннен ұйымдастырушыларға бағытталған.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Құқық қорғау органдары азаматтарды күмәнді инвестициялық платформалардан сақ болуға шақырады. Мамандардың айтуынша, интернет арқылы ұсынылатын «жоғары әрі жылдам табыс» туралы жарнамалар көбіне алаяқтық схемалардың бір бөлігі болып келеді.

Сондықтан қаржы салу туралы шешім қабылдамас бұрын компанияның заңды тіркелуін тексеріп, белгісіз адамдар жіберген сілтемелерге кірмеу және бейтаныс тұлғаларға ақша аудармау қажет. Сарапшылардың пікірінше, қаржылық сауаттылық пен сақтық қана мұндай алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз