-8.5 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарАқмола облысындағы құтқарушылар төңірегіндегі кезекті дау: оңтайландыру өрттен де қауіпті ме?

Ақмола облысындағы құтқарушылар төңірегіндегі кезекті дау: оңтайландыру өрттен де қауіпті ме?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облысында азаматтық қорғау жүйесіне қатысты кезекті дау туындады. Бұған дейін төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері артық жұмыс пен кадр тапшылығын көтерсе, бұл жолы мәселені олардың отбасылары ашық айтып отыр. Себеп — Бурабай ауданындағы екі өрт сөндіру бөлімшесін жабу туралы шешім. Бұл — облыстағы ең қауіпті әрі ең көп жүктеме түсетін өңірлердің бірі.

Құтқарушылардың жұбайлары әлеуметтік желіде жариялаған үндеу аз уақыттың ішінде ондаған мың қаралым жинап, қоғамның ашу-ызасын туғызды. Бурабай тұрғындарының пікірінше, курортты аймақта өрт-құтқару қызметін қысқарту — адамдардың өмірі мен мүлкіне тікелей қауіп. Орманды алқап, пешпен жылытылатын жеке үйлер, туристік нысандар, көлдер мен маусымдық демалушылар легі бұл өңірде төтенше жағдайлар қаупін арттырып отыр.

Ресми түсіндірме — «оңтайландыру», яғни күштерді қайта бөлу, елорда маңындағы аймақты күшейту. Алайда «таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл шешімнің екінші жағы да бар: курортты өңірде құтқарушылардың жетіспеуі, оқиға орнына жету уақытының ұзаруы. Ал төтенше жағдай кезінде әр минуттың бағасы — адам өмірі.

Бұл жағдай тосыннан туындаған жоқ. Өткен жылдың көктемінде Шортанды ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бүкіл жеке құрамы жұмыстан кету туралы рапорт жазған еді. Қызметкерлер өз міндеттеріне кірмейтін жұмыстарды орындауға мәжбүр болғанын мәлімдеген. Сонымен қатар олар бөлімнің бұрынғы басшысы Ербол Әубәкіровты қорғап шықты. Оған қызметтен кету ұсынылғаннан кейін, Шортанды ауданындағы өрт сөндіру бөлімшесінің ұжымы жаппай жұмыстан кетуге дайын екенін білдіріп, бұл жағдай бөлімшенің тұрақты жұмысына нақты қауіп төндірген.

Ол кезде жанжал сырттай басылғандай көрінді. Бірақ бүгінгі ахуал сол мәселенің салада түбегейлі шешілмегенін аңғартады. Себептер өзгермеді, тек географиясы ауысты: кеше — Шортанды, бүгін — Бурабай.

Ең алаңдататыны — бұл жолы мәселені құтқарушылардың өздері емес, олардың жұбайлары көтеріп отыр. Күн сайын қауіппен бетпе-бет келетін адамдардың отбасылары үшін бұл жай ғана реформа емес, бұл — үрей. Жүйеге деген сенім жоғалғанда, қоғамға шыққан үндеу — эмоция емес, дабыл.

Жауапты органдар жағдайды зерттеп, өзгерістердің салдарын бағалауға уәде беріп отыр. Алайда қоғамды мазалайтын сұрақ басқа: бұл тек кезекті кешігіп жасалған қорытынды болмай ма? Тағы бір ірі төтенше жағдайдан кейін айтылатын өкінішке айналып кетпей ме?

Қауіпсіздік саласындағы «оңтайландыру» көбіне қателікті кешірмейді. Әсіресе орман, от, тұрғын үйлер мен туристер бір-біріне тым жақын орналасқан өңірде. Бүгін Ақмола облысында бұл қауіп айқын көрініп тұр. Ал құтқарушылар төңірегіндегі кезекті дау ақпараттық шу емес, нақты трагедияға ұласуы әбден мүмкін.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз