5.1 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарАқмола облысында мемлекет меншігіне 5,3 млрд теңгенің жері қайтарылды

Ақмола облысында мемлекет меншігіне 5,3 млрд теңгенің жері қайтарылды

Сондай-ақ, оқыңыз...

Өңірде жер қатынастары саласында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы қадағалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл туралы облыс прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлы брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі

Марат Бақтыбекұлының айтуынша, Ақмола облысының жалпы жер көлемі 14,6 миллион гектарды құрайды, соның 10,7 миллионы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Осыған орай, ауыл шаруашылығына бағытталған өңір үшін жер қатынастары саласындағы заңдылық пен тиімді пайдалануға бақылау жасау – прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.

«Облыс аумағының 90 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына пайдаланылатынын ескерсек, бұл саладағы заңдылықты сақтау – мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызды мәселе», – деді ол.

Заңсыз бөлінген және пайдаланылмаған жерлер мемлекетке қайтарылды

Биылғы жылдың басынан бері облыс прокуратурасы жер заңнамасына қатысты 42 тексеру мен талдау жүргізіп, 44 қадағалау актісін енгізген. Нәтижесінде 9 лауазымды тұлға тәртіптік, 1 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет меншігіне 53 жер учаскесі қайтарылған. Қайтарылған жерлердің жалпы кадастрлық құны – 5,3 млрд теңге.

Атап айтқанда, Ақкөл ауданында орман қоры жерлерінің бірқатары мақсатсыз пайдаланылғаны анықталған. Оларды сауықтыру-туристік және демалыс аймақтары ретінде пайдалану көзделгенімен, бірнеше жыл бойы ешқандай құрылыс немесе жұмыс жүргізілмеген. Прокуратура актісінен кейін жалпы құны 3,6 млрд теңгеден асатын 13 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Сондай-ақ Ерейментау ауданында ауыл шаруашылығына арналған 5 528 гектар жер пайдаланылмағаны анықталып, мемлекет меншігіне өтті. Жарқайың ауданында – 1 401 гектар, Бурабай ауданында – 3 гектар жер учаскесі қайтарылды. Соңғысы бұдан 12 жыл бұрын шыны зауытының құрылысы үшін берілгенімен, жоба жүзеге аспаған.

Жерді заңсыз беру деректері азаймай отыр

Прокуратураның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жер телімдерін сауда-саттықсыз, яғни конкурссыз беру фактілері жиі кездеседі. Мұндай жағдайлар көбіне «инвестициялық жоба» немесе «бау-бақша шаруашылығына беру» сылтауымен жүзеге асырылады.

Мәселен, Ақкөл ауданында 2019 жылы «TOLY SERVICE» шаруа қожалығына ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін 2 мың гектардан астам жер 49 жылға берілген. Алайда ол да пайдаланылмағандықтан, прокуратураның актісімен мемлекетке қайтарылды.

Зеренді ауданында бау-бақша егуге бөлінді деген желеумен 10–250 гектар аралығындағы 30 жер телімі берілген. Ал заң бойынша бау-бақшаға арналған жер көлемі 1 гектардан аспауы тиіс. Бұл – конкурс өткізу талабын айналып өту әрекеті деп бағаланған. Бір телім қазірдің өзінде қайтарылып, қалғандары бойынша сотқа дейінгі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жайылым тапшылығын шешуге үлес қосылды

Бүгінгі таңда өңір үшін өзекті мәселелердің бірі – жайылым жетіспеушілігі. Осыған орай прокуратура бастамасымен пайдаланылмай жатқан жерлердің бір бөлігі ауыл тұрғындарының қажетіне берілуде.

Мысалы, Ерейментау ауданында «Стаханово-Агро» серіктестігінен қайтарылған 5 528 гектар жер Бестоғай ауылдық округінің қоғамдық жайылымына берілді. Соңғы екі жылда атқарылған шаралардың нәтижесінде өңірдегі жайылым тапшылығы 100 мың гектарға қысқарған (2023 жылы – 587 мың га болса, бүгінде – 487 мың га).

Бурабай ұлттық паркінің жерлері қайтарыла бастады

Айта кетерлігі, прокуратура бастамасымен «Бурабай» МҰТП жерлерін мемлекетке қайтару бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Тексеру нәтижесінде ұлттық парк аумағынан тыс заңсыз берілген 1000-нан астам жер телімі (300 гектардан астам) анықталған.

2022 жылы облыстық мәслихат пен әкімдік бірлескен шешім қабылдап, 257 гектар жерді Щучинск қаласының аумағына қосқан. Бұл шешім заңсыз деп танылып, прокуратураның үш наразылығының барлығы қанағаттандырылды. Соның нәтижесінде ұлттық парк меншігіне 85,8 гектар жер қайтарылды.

Қазір бұл бағытта сот арқылы жұмыс жалғасып жатыр. Мемлекет пайдасына 176 жер телімін (31,8 гектар) қайтару туралы 142 талап арыз беріліп, оның 34-і бойынша сот шешімі шығарылған.

Қадағалау жұмысы жалғасуда

Марат Бақтыбекұлының айтуынша, облыс прокуратурасы жер заңнамасының сақталуын тұрақты бақылауда ұстайды.

«Біздің басты мақсатымыз – жер ресурстарын тиімді пайдалану мен қоғам мүддесін қорғауды қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді», – деді ол.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз