Ақмола облысында полицейлер жолдағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында «Құқықтық тәртіп» атты жедел-профилактикалық іс-шара жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Esilnews.kz облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тек екі күннің ішінде өңірде 200-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Олардың арасында 12 дерек — көлікті мас күйде басқару фактілері.
Осындай оқиғалардың бірі 22 қазан күні Бурабай ауданында болған. Щучинск қаласының бір көшесінде патрульдік полицейлер қозғалыс ережесін бұзып келе жатқан көлікті байқайды. Алайда жүргізуші тоқтау туралы талапқа бағынбай, қашуға әрекет жасаған.
Қуғын қысқа ғана уақытқа созылып, көлік тоқтатылған. Тексеру нәтижесінде жүргізушінің орта дәрежелі алкогольдік мас күйінде болғаны анықталған. Бұдан бөлек, оның жүргізуші куәлігі де болмаған — яғни көлік жүргізу құқығы мүлде жоқ екені белгілі болған.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің:
— 608-бабының 6-бөлігі (жүргізу құқығы жоқ адамның мас күйде көлік басқаруы);
— 613-бабының 1-бөлігі (полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау) бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.
«Мас күйде көлік жүргізу — ең қауіпті әрі жауапсыз әрекет. Мұндай жағдайлар көбіне адам өлімімен аяқталатын жол апаттарына себеп болады. Сол себепті мұндай құқықбұзушылықтар қатаң түрде тоқтатылады, ал кінәлілер заң аясында толық жауапқа тартылады», — делінген ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында.