Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасында орын алған тосын оқиға қоғам назарын өзіне аударды. Басқарма басшысы Нариман Ермек өз жұмыс кабинетінде белгісіз біреулер қалдырып кеткен ірі көлемдегі ақша қаражатын тапқан, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі.
Екі жүз мың теңгеден асатын бұл қаржы қызметтік үстел үстіне әдейі қойылғаны анық байқалады. Жағдайды терең түсініп, салмақты шешім қабылдаған Нариман Ермек ешбір тиынға қол тигізбестен, бірден құқық қорғау органдарына арызданған. Артынша оның қызметтік кабинеті толықтай тексеру үшін мөрленіп, басқарма басшысы уақытша орынбасар кабинетіне ауыстырылды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетерлігі, қазіргі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасында басшыға жәрдемдесетін бірде-бір орынбасар жоқ. Басқарма құрылымы кадр тапшылығын айқын сезінуде. Жаңа кадрлық шешімдер жақын күндері қабылданады деп күтілуде.
Бұл оқиғаның төңірегіндегі негізгі сауал — жаңа келген басшыны осылайша неге, кім және қандай мақсатпен «сынауға» немесе «айыптауға» тырысты? Нариман Ермек бұл қызметке бар-жоғы бірнеше ай бұрын қайтып келген болатын. Денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жұмысты қайта құру, тәртіп пен ашықтық орнату міндеті тұрған сәтте мұндай қитұрқы әрекеттің жасалуы ойландырмай қоймайды.
Құқық қорғау органдары бұл істің барлық мән-жайын анықтау мақсатында тексеріс жүргізіп жатыр. Қоғам үшін маңыздысы — бұл оқиғаға қатысты шынайы әрі ашық ақпараттың уақытылы берілуі, ал басқарма жұмысының тұрақты жалғасуы.
Мұндай жағдайлар мемлекеттік қызметтегі адалдық пен жауапкершіліктің маңызын тағы бір айғақтайды. Сонымен бірге, кадрлық тұрақсыздық байқалған кез келген мекемеде түрлі әңгіме мен арандату әрекеттерінің пайда болатынын да көрсетеді.
Ең бастысы — даулы оқиға шындықтың бетіне қалқан болмай, денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына нұқсан келтірмеуі тиіс. Қоғам мен сала қызметкерлері бұл істің әділетті тергелуін күтеді.






