Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап қоғамның басты ұстанымы – ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылық болып келеді. Тәуелсіздігін алған алғашқы кезеңде өз елінде азшылық болған қазақтар үшін ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау басты мақсат болатын. Осы мақсатта 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттің этносаралық саясатын жүзеге асыратын ерекше конституциялық орган ретінде бағаланған еді.
Оның негізгі миссиясы – елімізде өмір кешіп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін сақтап, елдің біртұтастығын қамтамасыз ету, бейбітшілік пен келісім идеяларын нығайту. Бірақ та, бүгінгі таңда қоғамда «Ассамблея өз міндетін орындап отыр ма?» деген сауал жиі көтерілетін болып жүр.
Қағаздағы құрылым ба, қоғамдық күш пе?
Ассамблеяның қызметі көбіне жасанды сипат алып бара жатқанын жасыру қиын. Президент Жолдауы кезінде қолдау білдіру, мерекелік шараларда сахнаға шығу, этномәдени фестивальдер өткізу – оның белсенділігінің негізгі көрінісі осы болып саналады. Ал қоғамдағы өзекті идеологиялық және рухани мәселелерде Ассамблея көбіне үнсіз қалады.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілге тіл тигізу, қазақ ұлтының қадірін кемсіту, ұлтаралық араздық туғызу сияқты қауіпті тенденциялар жиілеп кетті. Мұндай жағдайларда Ассамблея нақты ұстаным білдіріп, қоғамға бағыт көрсетудің орнына неге үнсіз отырады.
Әлеуметтік желідегі сын және ассамблеяның үнсіздігі
Мәселен, биылғы жылы қарағандылық Алина Мұхамедиева бірнеше мәрте қазақ тіліне қатысты қорлайтын пікірлер жазып, Threads желісінде ұлтаралық араздық тудырған жазбалар жариялады. Қазір ол ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша сот алдында жауап беруде.
Сол сияқты көкшетаулық Аслан Төлегенов те мемлекеттік тілді кемсітіп, халықты «орыс тілін сүюге» шақырған мәлімдемелерімен көзге түсті. Ал бұған дейін Петропавлда өзін «халықтық жұмысшылар кеңесі» деп атаған топтың мүшелері елдің аумақтық тұтастығына қауіп төндіргені үшін сотталған болатын.
Осы оқиғалардың барлығы бір сұрақты алға шығарады:
«Ассамблея мұндай жағдайда неге үнсіз? Бұл құрылым қайда қарап отыр?»
Ассамблеяның міндеті тек мерекелік шаралар мен символикалық кездесулер ұйымдастыру емес. Оның басты миссиясы – қоғамдағы татулықты қорғау, арандатушылыққа қарсы нақты әрекет жасау, ұлттар арасындағы сенімді күшейту.
Бюджет бар, нәтиже қайда?
Ассамблеяға жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Бірақ бұл қаражаттың қайда және қалай жұмсалатыны қоғамға ашық емес. Егер сол қаржының бір бөлігі жастардың ұлттық санасын көтеруге, мемлекеттік тілді насихаттауға, ақпараттық кеңістіктегі ұлтқа қарсы пікірлермен күреске бағытталса, жағдай басқаша болар еді.
Бүгін орын алып отырған жағдай – тек қаржының тиімсіз жұмсалуы емес, сонымен бірге идеологиялық жауапсыздықтың көрінісі.
Мемлекеттік тіл – ұлт тұтастығының кепілі
Тіл – мемлекеттің рухани тірегі. Мемлекеттік тілге құрметсіздік – ұлтқа құрметсіздік. Ал ұлтқа құрметсіздік – мемлекеттің іргесін шайқалтуға апаратын ең қауіпті жол.
Егер Ассамблея шынымен ел бірлігінің кепілі болса, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесінде алдыңғы шепке шығуы керек. Бұл бағытта қоғамдық талқылаулар, жастармен ашық кездесулер, медиалық түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуге тиіс.
Ассамблеяның құрылымдары аймақтарда бар, бірақ олардың көбісі тек есеп үшін жұмыс істейтінін қоғам сезіп отыр. Қоғамдық келісім тек қағаздағы ұран емес, күнделікті еңбекті, нақты идеологиялық күресті қажет етеді.
Ұлттық саясаттың өзегіне шынайылық қажет
Ассамблеяны реформалау немесе қайта қарау қажет деген пікірлер жиі айтылуда. Расында, бұл құрылымның келешегі оның қоғаммен байланысына тікелей қатысты екені анық. Егер Ассамблея тек жоғарыдан берілген тапсырманы орындап, халықпен араласпайтын болса, оның өміршеңдігіне күмән туады.
Бүгінгі қоғамда ұлтшылдық пен төзімділіктің арақатынасын дұрыс түсіндіру маңызды. Ұлтжандылық – басқа этностарға жаулық емес, өз мемлекетіңе адал болу, өз тіліңді, мәдениетіңді қорғау. Ассамблея дәл осы ұстанымды кеңінен насихаттауы тиіс.
Түйін
Қоғамдағы ұлтаралық татулық – тек мерекелік баяндамалар мен концерттік бағдарламалардың деңгейімен өлшенбейді. Ол күн сайынғы рухани күрестің, мемлекеттік тілдің беделін арттырудың, ақпараттық қауіпсіздікті қорғаудың нәтижесінде қалыптасады. Егер Қазақстан халқы Ассамблеясы өз миссиясын орындамаса, онда бұндай құрылымның керегі қанша деген сұрақ туындайды.
Бұл сұрақтың жауабы қазіргідей жалаң сөзбен емес, нақты іспен берілуі тиіс. Өйткені, елдің бірлігі – ұранмен емес, ұстаныммен сақталады.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Өз қағынан жерігендер» тақырыбымен мақала жариялаған едік.