24.2 C
Kokshetau
Басты бетКөзқарасШекараны шегендеу – ертеңгі ел қауіпсіздігі үшін қажет

Шекараны шегендеу – ертеңгі ел қауіпсіздігі үшін қажет

Сондай-ақ, оқыңыз...

Соңғы кезде орын алып жатқан  Ресей мен Әзірбайжан арасындағы текетірес жағдай көші-қон мәселесіне назар аудару қажеттігін көрсетіп берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көші-қон мәселесіне арнап қауіпсіздік кеңесінің мәжілісін өткізуі бұл мәселенің бүгінгі күні аса маңызды болып отырғанын айғақтаса керек.

Қазақстан бүгінде әлемнің көптеген елдерімен визасыз  режимдегі байланыс орнатты. Бұл әрине, жақсы. Қазақстандықтар енді өзге елдерге визасыз да барып қайта алады. Дегенмен де, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, бұның теріс залалды жағының да барлығын өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Мәселен,  Ресей азаматтары төлқұжаттарымен елімізге келіп 90 күнге дейін еш кедергісіз жүре алады.  Осыны пайдаланып елімізге Ресейден келіп жатқандар өте көп. Украинамен соғыс жағдайындағы Ресей қазір әлем қауымдастығы тарапынан үлкен санкцияларға ұшырады. Тұрмыстың ауыртпалығынан қашқан ресейліктер шетелдерге кетуде. Екі жыл бұрын Путин жаппай мобилизация жариялағанда соғыстан қашқан ресейліктер елімізге қаптап кірген еді. Сол тұста Қазақстанға келіп, тұрақтап қалғандардың арасында  ІТ мамандары көп десіп қуанысып жүрсек, оның теріс залалының барлығын кейін байқадық. Компьютерлік білімдерін  алаяқтықпен ақша табуға пайдаланатын ресейліктер көп болып шықты. Соңғы кезде елімізде қаптап кеткен алаяқтық қылмыстарға сол ресейлік азаматтардың тигізген ықпалының зор болғандығын өмір тәжірибесі көрсетіп отыр. Интернет арқылы сыртынан құжаттап кредит алған жағдайлардың көбейгені сонша, мәселе ушығып  халық арасында алаяқтардан зардап шеккендердің наразылығы көбейді.

Қазір бірқатар саясаткерлер мен сарапшылар Ресей мен Украина арасындағы соғыс бейбіт келісіммен аяқталар болса, онда Ресейден Қазақстанға жақсы өмір іздеп келетіндер қатары көбейеді дегенді айтуда. Оның теріс зардабы өте ауыр болмақ. Соғысты көріп, психикасы бұзылған бұрынғы жауынгерлер Ресейдің, одан қалды іргелес елдердің криминалдық жағдайын ауырлата түспек.  Соғыстан қашқан аитишниктер елімізде алаяқтықтың өршуіне ықпал етсе, қан көріп, психикасы бұзылған ресейліктер келсе, еліміздегі қылмыстық ахуалдың күрт ауырлап кетуі әбден мүмкін. Осыған орай, Ресеймен арадағы шекараны қазіргідей далитып ашып тастау аса қауіпті дейді сарапшылар.  Ресеймен жеті мың шақырымдық ортақ шекарамыз барлығын ескерсек, шекараны бекіту, көші-қон шарттарын қатаңдату қажеттігі анық байқалады. Шекарамызды шегендеп бекітіп алмасақ, ертең ел үшін қиын жағдайдың қалыптасуы әбден мүмкін.

Ресейлік ақпарат құралдарын тұтынатын орыс тілділердің арасында  Қазақстанды Ресейдің провинциясындай көріп, өздерін сол елдің азаматы сияқты сезінетіндердің көптігі қазір ешкміге құпия емес. Ондайлар өздерінің сепаратистік пиғылдарын жасырмай жарияға жар салып айтып та жүр. Бұл ақпараттық кеңістігімізді қорғамаудың салдары екендігі анық. Ал шекарамызды шегендемесек, онда оның салдары бұдан да ауыр болатынында дау жоқ.

«Өзіңе өзің берік бол, қоңсыңды ұры тұтпа» дейді қазақ. Іргелес елдермен байланысымыз дың жақсы болғаны дұрыс, дегенмен, ішкі қауіпсіздігімізді естен шығармауымыз қажет. Қазіргі көші-қон мәселесінде олқы жайлардың аз еместігін өмір тәжірибесі үнемі көрсетіп келеді. Осы орайда, көші-қон заңнамаларымызды уақыт талабына сай өзгертіп, шеттен келетіндерге талапты күшейткен жөн.

Қалкөз Жүсіп.

spot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз