Басты бетЖаңалықтарШөптікөл бөгеті: болған жағдай және жедел шара

Шөптікөл бөгеті: болған жағдай және жедел шара

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы Шөптікөл бөгетінде болған алған жағдай көктемгі су тасқыны кезеңіндегі табиғи үдерістер мен гидротехникалық нысандарға түсетін жүктеменің артуын тағы бір мәрте көрсетті. Қардың жаппай еруі салдарынан су көлемі күрт көбейіп, нәтижесінде бөгеттің бір бөлігінің бұзылуы тіркелді.

Мәселе туындаған сәттен бастап жағдай жауапты органдардың қатаң бақылауына алынды. Оқиға орнына облыс әкімі Марат Ахметжанов пен төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков барып, ахуалды көзбен көріп, нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның жетекшілігімен жедел штаб құрылып, күштер мен құралдар шұғыл жұмылдырылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жақын маңдағы Сабынды ауылына төнген қауіптің беті қайтарылды. Елді мекендегі әлеуметтік және шаруашылық нысандар қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда. Қазіргі таңда негізгі күш еріген суды елді мекендерден алшақтатып, ашық дала аймағына бағыттауға жұмсалып отыр. Бұл ретте Астана – Қорғалжын республикалық автожолының жекелеген бөліктерінің деңгейін көтеру арқылы су ағынын реттеу жұмыстары жүргізілуде.

Төтенше жағдайдың салдарын жоюға ондаған техника мен жүздеген адам жұмылдырылды. Қорғаныс шаралары аясында мыңдаған қап төселіп, инертті материалдар жеткізілді, сондай-ақ уақытша жер үйінділері жасақталды. Мұның бәрі су деңгейін тұрақтандырып, ахуалды толық бақылауда ұстауға мүмкіндік беруде.

Шөптікөл бөгеті өңір үшін стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі саналады. Ол тек су қорын жинақтаушы құрылым ғана емес, сонымен бірге жол инфрақұрылымын және бірқатар су айдындарын қорғау қызметін атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, орын алған жағдай көктемгі кезеңде гидротехникалық нысандарды күтіп-ұстау, олардың техникалық жай-күйін тұрақты бақылау және алдын алу шараларын жүйелі түрде күшейту қажеттігін айқын аңғартты.

Қазіргі таңда ахуал тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында. Алдағы міндет – қалыптасқан жағдайдан сабақ алып, су тасқыны қаупін барынша азайтатын кешенді шараларды іске асыру.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз