Өткен аптадағы жұртшылықтың назарын аударған маңызды жағдай – Ресей мен Әзірбайжан арасындағы қатынастың шиеленісе түкені болды. КСРО шекпенінен шыққан елдердің бәріне әлсін-әлі тіс көрсетіп қоятын Ресей дегенмен де, Әзірбайжанмен біршама бейбіт қатынаста болып келген еді. Оның өзіндік себептері де бар. Өйткені Әзірбайжанда орыс ұлты өкілдері аз тұрады және екі елдің арасында аумақтық түсінбестіктер де жоқ.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда қалыптасқан екі елдің арасындағы жылы қатынасқа өткен жылдың желтоқсан айында болған әзірбайжандық жолаушылар ұшағын ату оқиғасы біршама салқын ызғарын тигізді. Грозный қаласына қонбақ болған әзірбайжандық ұшақ әуе шабуылына ұшырап, содан зақымданған ұшақ жергілікті әуежайлар қонуға рұқсат етпегендіктен, ііргелес Қазақстанның Ақтау қаласы аумағына келіп қонған болатын. Қатты зақымданған ұшақ қонар кезде жарылыс болып, соның салдарынан біраз жолаушылар қаза тапты. Кейнірек сарапшы мамандардың ұшақ сыртқы әрекеттің салдарынан, яғни атылған оқтан залалданғанын растаса да, ресейлік билік Әзірбайжан үкіметінен болған оқиғаға қатысты кешірім сұрап, теріс әрекеттерін мойындамады. Осыған орай, екі елдің арасындағы қатынас біршама салқындап кеткен еді. ТМД елдерінің көп басшылары барып қатысқан жеңістің 80 жылдың шарасына да Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің барып қатыспауы екі ел арасындағы салқын қатынсаты тағы айғақтағандай болды.
Әзірбайжанмен арадағы қатынасқа ресейлік жеке саясаткерлер мен БАҚ арқылы беріліп қоятын арандатушылық мақалалар мен пікірлердің де екі ел арасындағы байланысқа сына қақандай болғаны айтпаса да түсінікті жай. Міне, осындай екі ел арасындағы байланыстың күрделі болып отырған шағында одан әрі шиеленістіретін оқиға орын алды. Ертеректе болған қылмыстарға қатысы бар деген желеумен Екатеринбург қаласындағы әзірбайжан диспорасының бірқатар өкілдері ұсталды. Кісі өлтірді деген айыппен қамауға алынған ағайынды Сапаровтар түрмеде қайтыс болды. Олардың мүрделері Әзібайжанға жеткізіліп, сонда жер қойнына тапсырылды. Бірақ та, жерлемей тұрып, сот медициналық сараптама жасалды. Соның барысында қаза тапқан екі әзірбайжандықтың ресейліктер мәлімдегендей жүрек дертінен емес, алған қатты соқылардың салдарынан қайтыс болғандығы белгілі болды. Осыған жауап ретінде Әзірбайжан құқық қорғаушылары ел аумағында жұмыс жасап жатқан орыс диаспорасының бірқатар өкілдерін ұстады. Оларды ұстау операциясы теледидардан көрсетілді. Оған қоса, президенттің тапсырмасымен ел аумағындағы ресейлік ақпарат құралдарының жұмысына тиым салынып, орыс тілінде сабақ беретін мектептер жабылды. Бұның өзі Ресей тарапынан қысым көрсетушілік деп қабылданып, билік өкілдері мен әсіре патриоттар наразылықтарын ашық білдіре бастады.
Ресей мен Әзірбайжан арасындағы текетірестің соңы неге ұрындыруы мүмкін? Оны уақыт көрсетеді. Дегенмен де, қазір мына жай туралы анық айтуға болады: Ресей Кавказдағы өзінің ықпалынан айрыла бастады. Әзірбайжанның алып елдің айбынынан қорықпай, батыл қарсы әрекеттер жасауы осыны анық аңғартады.
Өткен аптадағы тағы бір ірі маңызды саяси оқиға – Абу Даби қаласында Әзірбайжан мен Армения басшыларының кездесіп, келіссөз жүргізе бастауы. Ресейдің және басқа да елдердің делдалдығынсыз ұзақ жылдар бойы жауласып келген екі мемлекет басшылығы өзара келіссөзге ұмтылуы – бұл өте маңызды саяси қадам екендігі анық. Және бұның өзі Ресейдің Кавказ аймағындағы ықпалының қатты әлсірегендігін көрсетеді.
Қалкөз Жүсіп.