Көкшетауда Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы парамен ұсталғандығы жөніндегі ақпарат әлеуметтік желіде таралған еді. Кірістер департаментінің басқарма басшысы қызметіне екінің бірінің қолы жетпейтіні белгілі. Оның артында нән көкесі немесе қалталы ағашкасы болуы керек. Қазір үлкен қызметтің тұтқасын ұстағандардың көбі солар екендігі ешкімге құпия емес бүгінде.
Пара алу үстінде ұсталған азамат та жәй адам емес екен. Қазір мына жай белгілі болды: оның әкесі үлкен ақпарат құралының басшысы болып шықты. Бай байға, сай сайға құяды, дегендей, лауазым тізгінін ұстаған әке баласын сүйреп, басқарма басшылығына іліндірген сияқты. Бірақ ол сенімді ақтамай, парақорлықпен ұсталып, өзін де, әкесін де жаманатқа іліндіріп отыр.
Бұл — тек бір отбасының трагедиясы емес. Бұл — жүйе мен сенімнің дағдарысы. Қоғамға үлгі болуы тиіс тұлғалардың, әсіресе ақпарат саласындағы жетекшілердің, жеке беделі де мінсіз болуы керек-ақ. Баласы жемқор атанып, сотқа тартылып жатса, әкесі түк болмағандай креслосында отыра бере ме, жоқ арым жанымның садағасы деп қызметінен кете ме?
Назарбаевтың кезінде қарамағындағы қызметкер жемқорлықпен ұсталса, басшысы қызметінен кетуі керек деген шарт болған еді. Кеңес заманында тіпті, әйелімен ажырасқан басшы моральдық азғындыққа барды деп қызметінен кететін. Бірақ қазір заман басқа, баласы жемқорлықпен сотталған соң да ақпарат мекемесінің басшысы креслосында міз бақпай отыратын болса, оған қайран қалуға болмас.
Пара алу сәтінде ұсталды дегенмен, оны нақты заң шеңберінде жауапқа тарту соттың міндеті және бәрі сот шешімі шыққасын ғана айқындалады. Осыған орай бұл жағдайды біз алдағы уақытта назарда ұстап, оқиға жайымен оқырманды хабардар етіп отырмақпыз.