23.6 C
Kokshetau
Басты бетКөзқарасОтан соғысы тарихындағы ақтаңдақтар

Отан соғысы тарихындағы ақтаңдақтар

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ұлы жеңіске – 80 жыл. Ертеректе отандық  басылымдар  осылай деп жазып, бұл күнге бүтін бір нөмірді арнап жатар еді. Қазір бір кездегі айтулы мерекенің мәні де, мазмұны да өзгерді. Әсіресе, 2022 жылдың ақпанында Ресейдің Украинаға басқыншылық  жасауынан бастап  Жеңіс күні мерекесіне деген бұрыңғы КСРО елдеріндегі халықтың көзқарасы күрт өзгеріп, біраз елдер ол күнді мереке ретінде атап өтулерін тоқтатты.

Қазақстанда да Жеңіс күні мерекесіне деген жұртшылықтың көзқарасы өзгеріп келеді. Рас, биыл еліміздің біраз қалаларында Жеңіс күніне орай түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды, ал біраз аймақтар мерекені атап өткен жоқ. Бұл күнді ән салып, би билейтін көңілді мереке емес, соғыста Отан үшін опат болғандар мен қазірде көпшілігі бақилық болып кеткен  майдангерлерді еске алатын Азалы күн ретінде атап өтуді ұсынып жатқандар бар.  Бұрыңғы КСРО шекпенінен шыққан көптеген елдерде бұл күн бүгінде Азалы күн түрінде аталып өтуде. Осылайша, бір кезде КСРО елінде ең басты айтулы мерекелердің бірі болған – 9 мамырдың сыйпаты мен мәні қазір қатты өзгерді.

Бұрын КСРО тарихшы ғалымдары жазған тарихтағы бұрмалаушылықтар қазір айқын көрінуде. Осыған орай, ТМД елдерінің көбі өз тарихтарын қайта таразылап, ұлттық мемлекеттік мүдде тұрғысынан қайта жазып жатыр.  Біздің еліміздің тарихында да көптеген бұрмалаушылықтар анықталып, шындық ашылуда. Бұның өзі бір кезде кеңес тарихшылары Ұлы Отан соғысы деп атаған соғыстың мән-мазмұнының Отан соғысы деп атауға келмейтінін көрсетуде. Егер тарихқа шындық өлшемімен қарайтын болсақ,  соғыстың  шығуына  Сталин мен Гитлер сияқты диктаторлардың өзара келіспеушілігі әсер еткенін түсінуге болады. Ол туралы ғылыми тұжырымдалған мақалалар мен кітаптар жазылды. Осыларды ескерсек, бұл соғысты Отан соғысы дегеннен гөрі, Екінші дүниежүзілік соғыс деп атаған дұрыс болады. Кеңес тарихшылары бұрмалаған көптеген жалғандықтар қазір ашылып жатыр. Енді соларға кеңірек тоқтала кетелік.

Ұлы Отан соғысы деп атап, онда күші басым және тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс фашистеріне тойтарыс беріп, ақырсында түбегейлі талқандап жеңген кеңестік қызыл армия деген түсініктің оншалықты шындыққа жанаспайтыны бүгінде ашылған көптеген тарихи нақты деректерден айқын болып отыр. Кеңес тарихшыларының сөзінше, алғашында біраз жерінен айрылып, жеңіліске ұшыраған қызыл армия тез арада тастүйіндей бекініп, маршал Жуков, Роккосвоски, Тимошенко сияқты талантты қолбасшылардың шеберлігінің арқасында күші басым жаудың шабуылын тоқтатып, Мәскеу түбінде, сосын Сталинградта үлкен жеңіске жетті. Бұның бәрі тарихи деректермен негізделген шындық екені рас. Дегенмен де, бұл жеңіс Сталин сияқты ұлы көсем мен атақты қолбасшылардың, ақырсында қызыл армия жауынгерлерінің жанқияр ерлігінің жемісі деген тым асыра айтушылық екенін қазіргі түрлі тарихи деректер көрсетуде.

Соғыс басталған кезде жүздеген, тіпті мыңдаған шақырым шегініп, көп жерін жау қолына тастап кеткен КСРО сол аумақтарда қалған әскери қорғаныс саласындағы өнеркәсіп орындарынан да айрылған еді. Ал әскери саланың өндірісін кеңес тарихшылары айтқандай тылға көшіріп, жедел іске қосты деген шындыққа жанаспайды. Бұл арада КСРО-ның қорғаныс саласын мықтап бекітуі және жауға тегеурінді тойтарыс беруге қажетті қару-жарақпен қамтамасыз етілуді шешкен американдық Ленд лиз бағдарламасы бойынша берілген үлкен көмек екендігін растайтын құжаттар жетерлік. Кеңес тарихшылары американдық көмек туралы ләм деп ауыз ашпайды. Соғыстың алғашқы кезінде қару-жарақ жетіспей, тіпті екі жауынгерге бір винтовкадан беріліп, патронды да санап беретін қызыл армия көп ұзамай қару-жарақ саны мен сапасы бойынша бүкіл Еуропаны басып алып, сол елдердің қорғаныс саласын КСРО-ға шабуылға қолданған Германиядан басып озғаны ақылға сиымсыз іс еді. 1943-44 жылдары қызыл әскердің әскери ұшақтарының саны немістерден екі есеге жуық, танкілері мен артиллериялық қондырғыларының саны 1,5 еседей артық болды. Сонымен бірге соғысып жатқан жауынгер саны жағынан қызыл әскерлер немістерден екі еседей көп еді. Осының бәрі қызыл армияның жау әскерінің шабуылын тоқтатып, оны кері шегінуге мәжбүрлеуге игі ықпалын тигізді.

Отан соғысы туралы қалыптасқан тағы бір жалған түсінік — жаудың шабуылын тойтарып Мәскеу, Сталинград, кейінірек Курск иінінде күйрете соққы берген талантты кеңес армиясының қолбасшылары деген ұғым. Жуковты “Жеңіс маршалы” атап, қызыл армияның қолбасшыларын тарихта жоқ талантты әскери мамандар болды деген түсінікті қалыптастырған кеңестік пропаганданың құдыреті болатын. Іс жүзінде мақтаған қолбасшылардың жауды жеңуге анау айтқандай еш үлес қоспағанын дәлелдейтін тарихи деректер жыл санап табылып және жарияланып келеді. Мақтаулы маршал Жуковтың айтқан “солдаттарды соғысқа аямай сал, орыстың қатыны аман болса тағы да бала табады” деген сөзі  кеңес қолбасшыларының қатардағы жауынгерлердің өміріне қаншалықты баға беретінін айқындайды. Шындығында жеңіс шектен тыс қырылған совет солдаттарының жанқиярлығының арқасында келді. Мынаған назар аударып қараңыз: екінші дүниежүзілік соғыс бойында Германия 10 млн-дай жауынгерінен айрылды, ал Отан соғысы жылдарында ғана КСРО 27 млн адамын жоғалтты. Яғни, жеңіс совет адамының қанымен келді.

Майдангер жазушы Виктор Астафьев соғыс туралы берген бір сұхбатында қызыл армия қарсы шабуылға шыққанда айналма жол салуды қиынсынып, жолда қырылып өліп жатқан қызыл әскер сарбаздарының өліктерінің үстінен  өткендігін айтады. Жер батпақ болыпты. Танкілер мен бронды техникалар, солдаттар отырған автокөліктер өткенде астында тапталып қалған өліктердің мыж-мыжы шығып, кейбіреулерінің ішек-қарындары, басқа ағзалары топырақ бетіне шығып қалған. Өліктің үстінен өткен сол жолмен жүргенде жүрегім айнып, лоқсыдым дейді жазушы майдангер. Міне, соғыс шындығы осындай. Ал бұл туралы кеңестік тарихшылар ләм деп ауыз ашпайды. Олардың айтуынша, қызыл әскерлер өлген жауынгерлерін адамша жерлеп, жер қойнына тапсырып отырған.

Кеңес тарихшыларының мәлімдеуінше, жаулап алған жердегі халыққа құлақ естімеген сұмбдықтарды жасаған неміс фашистерінің зұлымдықтарына қарамай, Берлинді алғанда қызыл әскерлер өте әдепті болған. Трептев парктегі неміс баласын құтқарған қызыл әскердің ескерткіші фашистерден барша Еуропаны азат етуші кеңес жауынгерінің символдық жинақы бейнесі іспетті танылып келген еді. Ал іс жүзінде қызыл әскерлер немістерге фашистер жаулап алған халықтарға көрсеткен зомбылықтарынан да асып түсетін зұлымдықтар жасаған. Жоғарыда айтқан жазушы майдангер Виктор Астафьев өзінің естілігінде  Берлинде өз көзімен көрген бір оқиғаны жазады. “Біз үсті ашық автокөлікте бірнеше офицер отырған едік, тізіліп тұрған қызыл әскерлерді көріп тоқтадық. Олардың арасында қатардағы жауынгерлер де, офицерлер де бар екен. Не себепті тізіліп тұрғанын сұрағанымызда немістің қызының қызығын көруге кезек күтіп тұрғандарын естідік. Әйел затын көптен көрмеген екі офицер серігім соны естіп машинадан секіріп түсіп кезектің соңында тұра қалды. Жүздеген жауынгердің астынан өтіп, есеңгіреп жатқан неміс қызын зорлаған солдаттар шаруаларын бітірген соң оны атып өлтіріп кетті”.

Міне, еуропаны фашизмнен азат етуші қызыл әскерлердің шынайы әрекеті. Бомба мен артиллерия оғынан қирандыға айналған Берлинді қызыл әскерлер бірнеше күн бойы аяусыз тонаған, қыз-келіншектерді зорлаған. Маршал Жуковтың Берлинді тонаудан алған аса бағалы заттар тиелген үш вагонды үйіне жөнелткені кейін оның үстінен әріптестері жазған арызда нақты айтылады. Маршалдар мен генералдар жауды тонап алған мүліктерін вагондап тасыса, офицерлер мен солдаттар қаптары мен қоржындарын толтырған. Қызыл әскерлердің жеңістен кейін жасаған сойқандарын неміс халқы ұзақ жылдар ұмытпағаны анық.

Отан соғысы туралы тарихта бұрмалғанған тағы бір жай: кеңес әскерлерінің арасындағы ұлтаралық татулық пен теңдік, яғни интернацияоналдық туралы ертегі болды. Шындығында, көп ұлтты кеңес әскерлерінің арасында ешқандай теңдік және әділдік болмағанын тарихи деректерден көруге болады. Соғыс басталған кезде қазақ десе көзіне қан толып, ашудан долданатын сталин көсем қару-жарағы жоқ, әскери дайындықтан өтпеген қазақтарды соғыстың ең сұрапыл аумақтарына жіберіп, қынадай қырғызған. Ақмола өңірінен барған өңкей қазақтардан тұратын дивизияда екі жауынгерге бір винтовкадан, бірнеше патроннан ғана  беріледі. Әскери дайындықтан да өтіп үлгірмеген оларды ашықтан ашық өлімге айдап, басынан бақайына дейін қаруланған неміс әскеріне қарсы айдаған. Соғыста дивизия түгел опат болған. Өкінішке орай, әлі күнге дейін тарихи бағасын алып, ашық айтылмай келе жатқан осындай жайлар аз емес.

Кеңес билігі Мәскеу түбінде немістердің қалың қолын тоқтатқан атақты панфиловшылар дивизиясының құрамында шайқасып, полкты басқарған, жау тылынан әскерін аман-есен алып шыққан, өзінің қолбасшылық талантымен талай танылған Бауыржан Момышұлына полковник шенінен артық шенді, полк комнадирінін жоғары басшылықты  қимады. Ал  Рейхстагқа алғаш болып ту тіккен қазақ Рахымжан Қошқарбаев пен татар Григории Булатовтың ерлігі ұлты қазақ және татар болғандықтан ғана көре көзге еленбей, грузин Кантария мен орыс Егоровқа батыр атағы берілді. Барлық атақ та, мансап та аға ұлт саналатын орысқа беріліп, өзге ұлттар төмендетілді.

Жалпы, Отан соғысы тарихы түгелдей қайта қаралып, бағалануды қажет етеді. Өйткені, сол кезең туралы кеңес тарихшыларының бұрмалауы өте көп болды.

Қалкөз Жүсіп.   

 

 

spot_img
spot_img
Мәселе
spot_img
Барлық мақалалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз