Астана мен Алматыны былай қойғанда, еліміздегі ірі шахарлардың бәрінде дерлік филиалдары бар аса ірі сауда орталықтарының бірі саналатын Магнумның басына қара бұлт үйірілді. Қазақстан халқының 70 пайызын құрайтын қазақтар Магнумға байкот жариялады. Соңғы бірнеше күн ішінде алып сауда орталығы қаңырап қалды. Бұрын ағыл-тегіл келіп жататын адамдар легі сап тиылып, азық-түлік өнімдерінің мерзімі өтіп, орталық иелері шығынға бату қаупі төнді.
Магнумға қазақтар неге байкот жариялады? Оның астарында елімізде соңғы жылдарда көбейіп кеткен тілге байланысты мәселе тұр. Магнумда курьер болып істейтін бір қазақ жігіті азық-түлікке тапсырыс берген екінші қазақтың үйіне тапсырысын алып барады. Тапсырыс берген жігіт курьердің қазақ екенін көре тұра орысша сөйлейді. «Қазақша айта берсеңші, түсінеміз ғой» дейді оған курьер. Сол-ақ екен тапсырыс беруші шартпа-шұрт ашуланып, неге қазақша сөйлеймін деп өрекпиді. Курьер мен тапсырыс беруші осылайша тілге қатысты біршама сөзге келіп қалады. «Клиент всегда прав» деген қағиданы ұстанған тапсырыс беруші өзіне қазақша сөйле деп «дөрекілік» көрсеткен курьердің үстінен компанияға шағымданады. Компания басшылығы бір ауыз сөзге келместен, қазақша сөйле деп талап қойған курьерді жұмыстан ышғарып жібереді. Ол осы оқиға жайында өз пікірін айтып, әлеуметтік желіге салады. Оны қарапайым халық әп сәтте іліп әкетеді.
Магнумда болған оқиғаның ұзын-ырғасы осындай. Бір қарағанда ештеңе бүлінген жоқ, бас жарылмады, көз шықпады. Рас, мемлекеттік тіл мәртебесі бар қазақ тілінің абыройын асырмақ болған жігіт сол әрекеті үшін жұмыстан қуылды. Орыстілділер арасында қазақ тілін қорлау оқиғалары жалғыз бұл емес, талай сорықылықты көріп, естідік. Осылардың бәрі қазақ тілді қазақтардың ашу-ызасына тиіп, іштей бітеу жара сияқтанып жиналып қалғандығы, Магнумдегі оқиға кезінде анық байқалды. Бірқатар блогерлер оқиғаның бояуын қалыңдатып, видороликтер түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы қалың көпшілікке таратты. Жәй таратып қоймай, қазақ тілін қорлаған Магнумге қарсы байкот жариялады. Бұны сол сәтінде қарапайым жұртшылық бірден іліп әкетіп, қолдау танытты.
Қазір әлеуметтік желілерде Магнум сауда орталықтарының қаңырап қалғандығы туралы видеолоар көптеп салынуда. Күндіз де, түн мерзімінде де сауда орталығында халықтың саны өте аз. Сауда жасап, орталықтан тауар алып жатқандардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері. Бұның өзі әлеуметтік желі арқылы жарияланған байкоттың әсері екендігін анық көрсетеді.
Магнум басшылары қиындықтан шығудың жолын қарастырып, сауда жасап жатқан адамдарды көрсетіп, орталық қаңырап қалды деген жалған сөз деген мазмұнда қазақ тіліндегі виеороликтер түсірді. Оған қоса, мерзімі өтіп бұзылып бара жатқан тауарларының бағасын түсіріп, жеңілдіктерге байланысты акциялар жариялады. Кейбір жекелеген қазақ тілді блогерлер «бұл тілге қатысты ұлтаралық дау емес, жәй екі адамның арасындағы тұрмыстық жанжал, оны әкімшілік жолмен шешуге болады» деген мазмұнда ақпараттар таратты. Бірақ та, осының бәріне қарамастан, жағдай түзелген жоқ. Магнум сауда орталықтарына келушілер қатары көбейер емес. Енді осылай бірнеше күн жалғасса, азық-түлік өнімдерінің сақтау мерзімі өтіп, орталықтың шығынға бату қаупі бар.
Министр Жаманғарин осы мәселеге қатысты берген түсінігінде оның ұлтаралық қатынасқа қатысты дау емес, екі адамның арасындағы тұрмыстық дау екендігін айтып, оны сауда орталығы өзі шешеді деді. Министр қанша сылап-сипаса да, дегенмен де, бұл шын мәнінде екі адамның арасындағы тұрмыстық дау емес, оның астарында отыз жылдан астам тәуелсіздік алған жылдардың ішінде өз елінде өгей баланың күйін кешкен ана тіліміздің аянышты ахуалы тұрғандығы айтпаса да түсінікті. Қазір мына нәрсе дау туғызбас шындық: елімізді мекен ететін орыс ұлтының өкілдерінің 90 пайыздан астамы мемлекеттік тілді білмейді. Оған қазақша білмейтін орысша оқыған қазақтарды және өзге ұлт өкілдерін қосыңыз. Сонда еліміздің халқының кем дегенде 30 пайыздан астамының мемлекеттік тілді мүлдем білмейтіндігін бағамдайсыз. Мемлекеттік тілді білмейтін бұл азаматтар қазақ тілін үйренудің орнына ол тілге қажеттілік жоқ, сондықтан үйренудің негізі жоқ деген мазмұндағы өз пікірлерін үнемі айтып, жазып жүреді. Осындай көзқарастарын қызмет көрсететін орындарда қазақша сөйлеген қазақтарға ашық айтып, тіпті дөрекі мәнез көрсетіп жататындар да бар. Осы жайлардың бәрі қазақ тілді қазақтардың ашу-ызасына тиетіні анық. Ал сол ашу-ыза жинала келе күндердің күнінде кішкентай сылтау табылса жанартаудай бұрқ ете қалуы мүмкін. Магнумдағы жағдай осыны көрсетеді.
Құзырлы органдар бұл оқиғаны жәй тұрмыстық дау деп елемей қоя салмай, оның астарына үңіліп, айыптыларға заң шеңберінде жаза қолданып, бұндай оқиғалардың алдағы уақытта қайталанбауына жағдай жасауы тиіс. Әйтпеген жағдайда, осындай дау-дамайлардың болашақта да қайталану мүмкіндігі сақталып қалады.
Қалкөз Жүсіп.