Кеше ғана «Жақсы» дүкенінің алдында отырған маскүнем қайыршылар полицияның араласуымен «жоғалып еді». Қала тыныстағандай болды. Бірақ бұл – уақытша иллюзия ғана екен. Бүгін сол адамдар «Көкше маркет» дүкенінің алдында қайта пайда болды.
Ал «Жақсының» табалдырығы бос қалған жоқ – оны қаңғыбас иттер «иеленді».
Бұл көрініс Көкшетаудағы әлеуметтік саясаттың нақты бейнесі сияқты: бір мәселені бір жерден алып, екінші жерге көшіру. Нәтиже – нөл.
Қайыршылық – қылмыс па, әлде қоғамның айнасы ма? Бұл адамдар қайдан келеді, неге оларды ешкім жүйелі түрде оңалтпайды? Полиция оларды қуып таратады, бірақ ертең олар қайта оралады – тек басқа мекенжайға.
Ал қаңғыбас иттер ше? Олар да сол жүйесіздіктің құрбаны. Бақылаусыз көбейген жануарлар қала тұрғындары үшін қауіпке айналып отыр. Бірақ бұл бағытта да нақты, тұрақты шешім жоқ.
Ең сорақысы – қалада «тазалық» деген түсінік формальды деңгейде ғана қалып қойған. Көзге көрінбесе – мәселе жоқ сияқты. Бірақ ол бәрібір бар. Тек басқа бұрышта, басқа дүкеннің алдында.
Көкшетауда бүгін «Жақсы» тыныш. Ертең «Көкше маркет» шулайды. Ал арғы күні тағы бір мекенжай кезекке тұрады.
Осыдан-ақ, «Біз мәселені шешіп жатырмыз ба, әлде оны тек көшіріп жүрміз бе?» деген сауал туындайды.








