spot_img
spot_img
13.8 C
Kokshetau

Ербол екі жерде немесе, Абылай бабамыз неге жоқ?

Қазақстан Конституциясы көшесі Н.Погодин атындағы орыс драма театрынан басталып, Егемен Қазақстан көшесімен аяқталады.

Облыс орталығында бұл көшеге тең келетіні жоқ, содан да ерекшелігі көп. Онда түрлі мемлекеттік мекемелер, демалыс орындары, сан-алуан сауда орындары, тағы басқалары  орналасқан.

Қаланың шеткері жатқан көшелерін  абаттандыру, қысы-жазы  атқарылуға тиісті басқа да жұмыстар көңіл көншітпейді.  Шаһарымыздың ана шетінен, мына шетіне дейін созылып  жатқан Нұрсұлтан Назарбаев, Жамбыл, Интернационал, Пушкин көшелерінің өзінде  көркейтуге  қатысты жұмыстар  өз деңгейінде  тыңдырылмайды.

Конституция көшесін Пушкиннен бастап, Совет, Казахстанская  правда, Мағжан Жұмабаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Амангелді, Алтынсарин, Горький, Жамбыл, Парк, Васильев, Астана және  Егемен Қазақстан, барлығы – 12 көше қиып өтеді.

«Арбат» деген  атқа лайық көшенің басты ерекшеліктеріне  мыналарды жатқызуға болады. Қоғамдағы бар, басқалары бар, көлік атаулы   жүрмейді. Субұрқақ жайлы кеңірек  тоқталайын. Басқа көшелерде олар жұмыс істемесе, бұл  көшеде  жаз бойы тоқтамайды. Бұған  дейін біздің  қалада 15 шақты сұбұрқақ  болған. Бірақ бүгінде   олардың  көпшілігінің орны да жоқ. Мәселен,  академик-жазушы Сәбит  Мұқановтың  100 жасқа толуы қарсаңында атамыздың атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының алдында салынған субұрқақтың  ғұмыры  ұзаққа бармады. Интернационал және Сәтбаев көшелерінің қиылысында «АРС», Жамбыл, Горький көшелерінде «Айсберг», «Көктөбе» сауда  нүктелері бар. Өкінішке қарай, бұл жерлердегі субұрқақтардың  құрдымға кеткелі қанша уақыт?! Кезінде қалалық әкімдіктің алдында тап-тамаша  субұрқақ болды. Мен өз басым ол не себепті жермен-жексен етілді екен деп әлі күнге дейін таң  қаламын.  Қайтадан  қалпына келтірсе ғой деген ой да келеді басыңа.

2013 жылы Алматы қаласында 130-ға  жуық сұбұрқақ болыпты.  Солардың барлығы жұмыс істеген . Содан бері  арада 10 жылдан аса  уақыт  өткенін ескерсек, олардың саны – 150-ге жетіп, тіпті одан әрі арта түскенінде дау жоқ. Себебі,  әсем Алматыда оның  қадірін біледі.  Жаңаларын салуға, барын  күтіп ұстауға, жөндеуге  қаржыдан  тарыншылық  танытпайды. 2010 жылы  шаһарда ең  көрікті де сәнді субұрқақ  ашылған. Оның биіктігі – 31, ені – 5000 метр. Оған 1  миллиард  теңге жұмсалыпты. Жақсыдан  үйрене білгенге не жетсін!

Субұрқақ  қала келбетін  ашып қана қоймайды. Ол алдымен қолайлы  микроклимат туғызады, ауаны тазалауға өзіндік ықпалы бар, жайлы  ахуал жасайды, жасыл  желектерді  ылғалдандырады, дем алып жүрген  жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды, ал жас  бүлдіршіндердің көңіліне ерекше әсер етеді.

Мына жәйт та ойыма түрткі болды. Соңғы  жылдары қаламыздың сән-салтанаты жарасып, келбеті келісті бола  түсуде. Жаңадан бой көтерген қазақ театрын, Оқушылар және Спорт сарайларын, мектептер мен емханаларды  бертіңгі жылдардың үлесіне  жатқызған жөн. Бір  қызығы,  осылардың бірде-бірінің алдында субұрқақ жоқ. Неге? Н.Погодин атындағы орыс драма театрының, «Метро» Жастар сарайының алдында жазды күндері субұрқақтар істеп тұрса қандай тамаша!

Қаланың басқа көшелерінен табылмайтын дәретхананың 2-3-еуі Конституция көшесінде. Ол сол көшемен жүретіндер үшін ғана қажет сияқты. Полиция бекеттері де осыншама. Көше бойы дем алуға  ыңғайлы ұзынша орындықтар қойылғанын да  айта кетейік. Басқа көшелерге қойылса жел ұшырып әкетпейтін болар, сірә!

Қала көшелерінің тазалығы да  ұсақ-түйек жұмыс саналмайды. Бұған қаланың коммуналдық  шаруашылығының жұмысшылары тартылады. Осы  қызғылт кеудеше кигендерді таң атып алса Конституция көшесінен жиі көресің. Қолдарында қар тазартуға, мұз оюға арналған  саймандары бар, олар  қиыршықтас төселген көшені тықылдатады да жатады. Бейнебір қар осы көшеге ғана  жауып, мұз осы көшеде ғана  қататын  сияқты, қызыл кеудешедегілерді қаланың басқа көшелерінде сирек көресің.

Қалалық әкімдікке жетер-жетпес жерде жасы егде тартқан орыс  әйелінен алдағы кесіп өтетін көшенің қалай  аталатынын  сұрадым.  Білмейтіндігін білдірді. Жастарды  тоқтаттым. Олардың   жауабы да сол болды. Бұл – Амангелді көшесі еді. Бірақ көше атын білдіретін тақтайша  ілінбеген. Ерекше көшені кесіп өтетін көшелердің  барлығына осындай жағдай тән. Ал «Қазақстан Конституциясы  көшесі» деген  тақтайшаны Пушкиннен бастап Егемен Қазақстан көшесіне дейінгі әр үйдің  қабырғасынан көруге болады. Қызық па, қызық!

Таңдаулы көшедегі таңдандыратын жәйттар мұнымен де шектелмейді. «Көз көргенге, көңіл қызы» демекші, бұл тиісті басшылардың  назарын  аударуға тиіс. Алай да, былай да жүріп жатқан адамдардың бұл көшеде танымдық тақталар орнатылғанын көргендері анық, әрине! Олардан  даналарымыз бен батыр бабаларымыздың, көрнекті мемлекет және   қоғам қайраткерлерінің, ғалымдарымыздың, ағартушы,  ақындарымыздың суреттеріне қоса, өмірбаян деректерінен қысқаша мағлұмат ала  аламыз.

Енді мына «қызыққа» қараңыз. Ол Пушкин мен Назарбаев көшелерінің  аралығында жерлесіміз ақын, публицист, рәмізтанушы Ербол Шаймерденовтың ғана  тақтасының  тұрғандығы. Бұл екі аралықты үш бірдей – аты  өшпейтін Совет, Мағжан Жұмабаев және Казахстанская правда көшелері  қиып өтеді. Одан әрі Алтынсарин, Горький көшелері. Ол жерден бірде-бір  тақтаны көрмейсің. Ал, Горький мен Жамбыл көшелерінің  арасы 100 метрден сәл асады. Бұл жерде 8 бірдей тақта бар. Олар Абай Құнанбаев, Қүлеке батыр, Ахмет Байтұрсынов, Әлейхан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жұмабек Тәшенов, Евней Бөкетов және Мұрат Айтқожиндерге   арналып орнатылған тақталар. Алда тағы 4 тақта. Аттары  аңызға  айналған қас батырларымыз – Бауыржан  Момышұлы,  Рақымжан Қошқарбаевтар, кинорежиссер, актер, журналист жерлесіміз Аяған  Шәшімбаевтардың  тақталарын Жамбыл және Парк көшелерінің аралығында орын тепкен. Ербол Шәймерденовті  осы жерде екінші рет  жолықтырасың. Павлодар облысының тумасы,  әйгілі кинорежиссер Шәкен Аймановқа арналған тақта да тұрған. Қазір жоқ,  алынып тасталыпты, дұрыс болған.

Аты өзіне  лайық деп саналатын көшеден үш жүздің  басын қосқан ханы – Абылайдың, мемлекет және  қоғам қайраткері Смағұл Садуақасовтың, бас  сардар, батыр Қожаберген  жыраудың, 40-тан аса қала, 70-ке жуық жұмысшылар  кентін салдырған аңыз тұлға  Дінмұхамбет Қонаевтың, небары 15 жасында қан  майданға  аттатып, снайперінен талай жауды ажал  құштырған Әлия Молдағұлова, «шығыстың қос  шынарының» тағы бірі, пулеметші Мәншүк Мәметова, қаламыздың  тумасы, КСРО-ның  халық  артисі, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың, жерлес жазушыларымыз Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Сафуан Шаймерденовтің, Герольд Бельгердің және тағы басқа да  ардақтыларымыз бен  атақтыларымызға арналып  танымдық тақталар орнатылса, көше бойы жер жетпей  жатыр ма?!

Ескере кететін тағы бір жағдай  мынау. Әсіресе, мерекелік  шаралар кезінде   қала тұрғындары мен оның қонақтары серуендеп  Конституция көшесі басталатын  тұстан Қазақстан Республикасының  тұңғыш Президенті саябағына дейін барады. Олай болса, танымдық тақталарды көру  ыңғайлы болуы үшін олар көшенің бір  жағына ғана орнатылғаны  жөн сияқты. Танымдық  тақталар  қазіргідей қалай болса солай емес, рет-ретімен, ара-қашықтық сақтала орнатылса құба-құп.  Тоқетерін айтқанда,  алдағы уақытта, қаланың басқа көшелері  әңгімеге арқау болып отырған бас көшенің  тасасында қалып қоймауын ескерген жөн.

Қошан Қали,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қызылжар қаласы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

spot_img