Ақмола облысында көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру кезінде заң талаптарының сақталмауына қатысты дау сотта қаралып, маңызды құқықтық тұжырым жасалды. Азаматтық істер жөніндегі облыстық сот алқасы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының (ГАСК) ЖШС «А.»-ға қарсы талап арызы бойынша істі қарап, нысанды пайдалануға қабылдау актісін ішінара жарамсыз деп таныды.
Іс материалдарына үңілсек, дау көпқабатты тұрғын үйдің жобалық шешімдерден ауытқуына байланысты туындаған. Жобалық-сметалық құжаттамаға, сәулет-жоспарлау тапсырмасына, сондай-ақ мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес, аталған тұрғын үй 9 қабатты болып жоспарланған. Демек, нысанды пайдалануға беру және оны тіркеу де осы көрсеткішке сай жүзеге асырылуы тиіс еді.
Алайда іс жүзінде жағдай басқаша өрбіген. Уәкілетті орган тарапынан 9 қабатты үй ретінде келісілген актіге қарамастан, тіркеуші орган 10 қабатты тұрғын үйге құқықтарды рәсімдеген. Сөйтіп, техникалық қабатта орналасқан пәтерлер тұрғын үй ретінде заңдастырылған.
Бірінші сатыдағы сот бұл жайтты заң талаптарының өрескел бұзылуы деп танып, 2025 жылғы 29 тамыздағы шешімімен актіні толық көлемде жарамсыз деп тапқан. Дегенмен апелляциялық саты бұл шешімді қайта қарап, құқықтық бағасын нақтылады.
Облыстық сот алқасы нысанның толықтай емес, тек техникалық, яғни іс жүзіндегі оныншы қабаттағы тұрғын үй-жайлар бөлігінде ғана заң бұзушылықтарға жол берілгенін анықтады. Осыған байланысты акті аталған бөлігінде жарамсыз деп танылды.
Сот шешімінде атап өтілгендей, ғимараттың қабат саны тек сандық көрсеткіш қана емес, ол – қауіпсіздік талаптарының негізгі өлшемдерінің бірі. Өйткені 9 және 10 қабатты үйлерге қойылатын құрылыс нормалары әртүрлі. Әсіресе өрт қауіпсіздігі, эвакуациялық жолдардың саны, лифтілік жабдықтардың жеткіліктілігі секілді талаптар тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға тікелей бағытталған.
Осы ретте жобадан ауытқу тек қағаз жүзіндегі сәйкессіздік емес, нақты қауіпсіздік тәуекелдерін туындататыны анық. Сондықтан сот алқасы қабылдаған шешім құрылыс саласында заң талаптарын қатаң сақтаудың маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Бұл іс – құрылыс саласындағы жауапкершілік пен тәртіптің сақталуы қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсететін нақты мысал. Заң талаптарын елемеу түптің түбінде құқықтық салдарға әкелетіні сөзсіз.








