Соңғы апталарда Ақмола облысында екі бірдей Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы парамен ұсталып, қоғамды дүр сілкіндірді. Оның алдында білім беру саласында да жемқорлық деректері тіркелген болатын. Бұл оқиғалар кездейсоқ емес, жүйелі мәселенің беті ашылып жатқанын аңғартады.
Қоғамның сенімі қайда кетті?
Мемлекеттік кірістер басқармасы – салық түсімдерін басқарып, ел бюджетінің негізін қамтамасыз ететін орган. Бұл жүйеде басшы деңгейіндегі адамдардың пара алып ұсталуы – бүкіл салық жүйесінің тазалығына күмән туғызады. Яғни қарапайым салық төлеушінің есебінен жиналған қаржы жеке қалтаға құйылып жатса, мұны қоғам қалай қабылдауы тиіс?
Ал білім беру саласындағы жемқорлық – ұрпақ болашағына балта шабу. Мұғалімдерге бөлінген қаражаттың, білім беру жобаларының немесе мемлекеттік гранттардың пара арқылы шешіліп жатуы – келешекке деген үмітімізді күйрететіні айтпасада түсінікті. Ал мұғалімдерге «бюджетте ақша жоқ, еңбек демалысына тиесілі ақшаны кейін аласыңдар» деп кешіктіріліп жатқанда білім беру мекемелерінде ірі көлемде қаржының жымқырылу көп нәрсені аңғаратады.
Өткен жылдың күзінде Целиноград ауданы білім бөлімінің бухгалтері 5,8 млн теңгеге бюджет ақшасын жымқырса, жақында Жақсы ауданында балабақшаның бухгалтері өзіне және қызына 9 млн теңге бюджет ақшасын 2021–2023 жылдары аралығында заңсыз аударып келгені анықталды. Ең қызығы соңғысы сотта амнистияға ілініп, 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасымен оңай құтылды. Осыдан-ақ жемқорлық қылмыс деректерінің өңірде жиілеп, белең алып отырғанына куә боласын.
Бұл нені білдіреді?
Біріншіден, бұл – ішкі бақылаудың әлсіздігін көрсетеді. Жүйе ішінде өзін-өзі бақылау мен жауапкершіліктің төмен деңгейі, тиісті органдардың формалды жұмыс істеуі жемқорлықтың өршуіне мүмкіндік беріп отырған тәрізді.
Екіншіден, бұл – жемқорлықпен күрестің тек сыртқы формада жүргізілетінін көрсетеді. Кампаниялық сипаттағы күрес емес, нақты жүйелі өзгерістер қажет. Ашықтық, цифрландыру, қоғамдық бақылау – сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жұмыс істеуі тиіс.
Не істеу керек?
– Мемлекеттік органдарға толық аудит жүргізіп, ашық есеп беру жүйесін енгізу қажет.
– Басшылық лауазымдарға тағайындауда тек кәсіби біліктілік қана емес, этикалық тазалық та бағалануы керек.
– Қоғам тарапынан бақылау күшейіп, БАҚ пен белсенді азаматтар рөлін арттырған жөн.
Қорытынды
Парамен ұсталғандар – мәселенің беткі бөлігі ғана. Олардың жақын туыстары тергеу органдарына ықпал ететіндей жоғары лауазымдарда отыруы алаңдатады. Ертең олардың Жақсыдағы балабақша бухгалтері сияқты жеңіл құтылып кете ме деген қауіп бар. Дегенмен, негізгі қауіп – жемқорлықтың қалыпты, «үйреншікті» нәрсеге айналып кетуінде. Егер біз бұл жағдайды тағы да ұмытып, үнсіз қалсақ – ертең өз құқығымызды өзіміз құрметтемейтін елге айналамыз. Ақмола облысындағы бұл оқиғалар – ойланарлық, яғни, жемқорлықпен күресуде боссөздіктен, нақты әрекетке көшетін уақыттың келгенін білдіреді.