Ақмола облысында республикалық маңызы бар автожолдар су тасқыны кезеңіне дайын. Қазіргі уақытта автомобиль жолдарындағы көпірлер мен су өткізгіш құбырлардың саңылаулары мен арналары тазартылып, арнайы қорғаныс жолақтары орнатылған.
Көктемгі жылынудың басталуымен жол қызметтері су тасқынына қарсы шараларды қолға алды. Атап айтқанда, су өткізгіш құбырлар, көпірлер мен жол өткелдері қар мен мұздан тазартылды. Бұл жұмыстардың барлығы тасқын судың шарықтау кезеңінде автожолдарды су басудың алдын алуға бағытталған. Себебі су өткізгіш құбырларды қар мен мұздан тазарту еріген судың кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді.
Бүгінде республикалық маңызы бар автожолдарда шамамен 1250 су өткізгіш құбыр бар. Оның барлығы толық тазартылды. Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын «Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы» РМК Ақмола облысы бойынша филиалының инженерлері бақылауда ұстап отыр.
«Біздің мамандар 1251 су өткізу нысанын тексерді. Қазіргі таңда «ҚАЖсервис» филиалы қалған су өткізгіш құрылыстарды тазалау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар өңірде республикалық автожолдарда 42 көпір бар. Оның барлығы тексерілді, 38-і қар мен мұздан тазартылды», – деді «Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы» РМК Ақмола облысы бойынша филиалы бөлім бастығы Игорь Стефан.
Су шайып кету қаупі бар учаскелерде жол қызметкерлері суағарлар жасап, қорғаныш біліктерін орнатты. Бұл жұмыстарға арнайы 500 техника жұмылдырылды.
«Қазір тасқын жолдарды шайып кетпеуі үшін барлық шаралар қолға алынған. Ағын сумен күресу үшін 9 мың шаршы метр құмдытас қоспасы, 7 мың шаршы метр қиыршық тас және 50 мың қап дайындалды.Қауіпті учаскелерде тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды», — деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Хамзат Сұлтанов.
Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Ақмола облысы бойынша филиалы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында қолда бар барлық арнайы техника мен жол жұмысшыларын жұмылдырып, автожолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде.








