16.3 C
Kokshetau
Басты бетКөзқарасҚазақ тілінің тағдыры – қазақтардың өз қолында

Қазақ тілінің тағдыры – қазақтардың өз қолында

Сондай-ақ, оқыңыз...

Қазақстан халықтары ассамблеясының кезекті құрылтайында Мемлекет басшысы  Қ.Тоқтаев  елімізде әрбір адам қалаған тілінде сөйлеуіне болады,  басқа тілде сөйлеуге ешкімнің мәжбүрлеуге құқы жоқ дегенді айтты. Президенттің биік мінберден айтқан бұл сөзі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, пікірталас тудыруда.

Соңғы жылдарда қызмет көрсету саласында қазақ тілінде қызмет ала алмағаны үшін құқық органына шағымданатындар және осындай жағдай туындағанда видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желілер арқылы тарататындар көбейді.  Бұндай жағдайдың орын алуына кеңес заманынан қалған еліміздегі тіл саясатының ықпалы тиіп отырғаны ешкімге құпия емес. Өз елінде өгей баланың күнін кешіп, отбасы-ошақ қасына ысырылып тасталған қазақ тілінің есіктегі басын заң негізінде мемлекеттік тіл мәртебесін беру арқылы төрге жеткізуге еліміз тәуелсіздігін алған отыз жылдың ішінде мүмкіндік болмады. Әлі күнге дейін Парламент, Үкімет, жергілікті әкімдіктер түгел орыс тілінде сөйлейді, негізгі құжаттардың бәрі орыс тілінде жүргізіледі. Яғни, сонау патша заманында қалыптасып, кеңес дәуірінде берік орныққан тілге қатысты мәселенің  сірескен  сеңі әлі сетінеген жоқ.

Қазақстанда тұрып, жұмыс істейтін көптеген жеке меншік компаниялар мен фирмалар мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілін мүлдем ескермейді. Үлкен сауда дүкендері мен орталықтарында, мейрамханаларда тауарлардың жазбасы мен ас мәзірлері бір ғана – орыс тілінде беріледі. Өз елінде тұрып, мемлекеттік тілде қызмет ала алмағанына назаланған қаны бар кейбір намысты азаматтар осы жайын ауызға ала бастаса, ұлтшыл атанып, қуғынға ұшырайды. Осы себепті, соңғы жылдарда орыс тілділер тарапынан  болып жататын мемлекеттік тілге қатысты заң бұзушылықтарды видеоға түсіретіндер көбейді.  Бұның өзі кейбір санасына  кеңестік түсінік сіңген адамдар тарапынан «ойбай, Қазақстанда русофобия таралуда, орыс ұлты өкілдері мен орыс тілділерді қуғындау жүріп жатыр» деген алыпқашты әңгімелердің көтерілуіне себеп болуда. Бұны ресейлік ақпарат құралдары іліп алып, құрыққа сырық жалғап үлкен мәселеге айналдыруда. Президенттің Қазақстан халықтары ассамблеясында жасаған мәлімдемесі дәл осындай жағдайларға байланысты  айтылғаны анық.

Ұзақ жылдар дипломатия саласында қызмет істеген мемлекетіміздің бүгінгі басшысының  Қазақстан халықтары ассамблеясында тілге қатысты осындай мәлімдеме жасауына бүгінгі қоғамда орын алып жатқан тілге қатысты шиеленісті жағдайды ықпалы болғандығы белгілі.  Украинаға Ресейдің басқыншылық  шабуылының негізгі себебі сол елдегі орыс тілділердің, ең алдымен орыс ұлтының мүддесін қорғаудан болды дегенді ресейдің аузы дуалы тұлғалары әржерде жасырмай айтып жүр. Егер Қазақстанда да орыс тіліне қарсы сондай әрекеттер болып жатса, оның болашақта теріс әсерін тигізетінінде дау жоқ. Қазір АҚШ президенті Д.Трамптың күш салуымен Украина мен Ресей арасында бейбіт мәміле жасау шаралары жүргізіліп жатыр. Егер соғыс бейбіт мәміле арқылы аяқталар болса, онда соғысқа үйренген Ресейдің  аздап ес жинап, демалған соң  іргелес басқа елдердің біріне шабуыл жасау қатері туатыны анық.  Осыған орай, Қазақстан екінші Украина болып, Ресейдің шабуылына ұшырамай ма деген қауіп бар.

Әлеуметтік желілерде президенттің сөзінен кейін онсыз да қазақ тіліне қырын қарайтын орыс тілді  кәсіпкерлер мен қызмет көрсету саласының өкілдері қазақ тіліне мүлдем пысқырмайтын болады деген мазмұндағы видеолар мен мақалалар жариялануда. Дегенмен де, президент сөзінің астарына үңіліп ақылға салып қарайтын болсақ, оны тілімізді пайдалану ауқымын кеңейтуге қолдануға да болатынын бағамдауға болады. Орыс тілі Конституцияда ұлтаралық тіл деп көрсетілген дегенді желеу етіп, қазақ тілін үйренгілері келмейтін, оны пайдалануға қарсы пиғылды жандардың қазақша сөйлеген адамға тіл тигізіп, тіпті балағаттап жатқандары жайындағы видеороликтер аз емес. Президенттің жоғарыда айтылған сөзінен кейін ендігі арада орыс тілділер қазақша сөйлеген адамға “неге қазақша сөйлейсің, орысша сөйле” деп айта алмайды. Кім қай тілде сөйлегісі келсе, сол тілде сөйлеуі керек. Басқа тілде сөйле деп біреуді мәжбүрлеуге болмайды.

Міне, осы себептен, алдағы уақытта қазақ тілді адам қазақша қызмет көрсетуді талап етсе, орыс тілді адам қазақша түсінбеймін, орысша сөйле деп бұрынғыдай талап қойып, оны орысша сөйлеуге мәжбүрлей алмайды. Қазақша түсінбесе, онда бұл сол адамның жеке басының проблемасы. Қазақ клиенттері тарапынан қазақ тілінде сұраған сауалға жауап бере алмай жатса, бұл орыс тілді қызметкердің атына кір келтірмек. Қазақша қызмет ала алмаған адам амалсыз ол мекемеден кетіп, басқа қазақ тілді маманы бар мекемеге баруға мәжбүр болады. Осылайша, тіл білмеудің салдарынан ондай мекемелер көптеген клиенттерін жоғалтпақ. Осыған сай, әлгі мекеме немесе ұйымның басшылығы өз қызметкерлерінен қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап етуі тиіс болады. Міне, президенттің мәлімдемесін осылайша   өз елінде қағажу көрген ана тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге пайдалануға болады.

Қалкөз Жүсіп.  

spot_img
spot_img
Мәселе
spot_img
Барлық мақалалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз