Қарағандының 22 жастағы тұрғыны Алика Мұхамадиева әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтарды «мәмбеттер, калбиттер» деп балағаттап, мұсылмандарды шошқаға теңеген. Оның бұл жазбасы көп адамдардың ашу-ызасына тиіп, белсенділер жедел құқық органдарына шағымданды.
Осыған орай, полициядан ескерту алған А.Мұхамадиева көз жасын көлдетіп халықтан кешірім сұраған еді. Тәубесіне түсіп, қатесін мойындаған шығар деген жұртшылықтың ойы дегенмен, ақталмады. Жауапкершіліктен қашқан Мұхамадиева шетелге ұшқалы тұрған жерінде ұсталып, сот шешімімен екі айға қамаққа алынды. Оның үстінен 174 баптың 1-тармағы бойынша ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін қылмыстық іс ашылды.
Қазақстанда тұрып, қазақтың нанын жеп жүріп, жергілікті ұлтты жеккөретіндер, оны айтасыз тіл тигізіп балағаттайтындар қатары көбейіп барады. Қазақтардың бар жазығы орыс тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінен түрлі қызметті мемлекеттік тілде көрсетуді талап етуінде болып тұр. Бұның өзі орысша сөйлейтіндердің арасында наразылық туғызып, тіпті сол үшін қазақтарды «ұлтшылдар» деп атап, айыптаушылар шықты.
«Бұрын бәрі тамаша еді, қазақтардың бәрі білсін-білмесін орысша сөйлейтін, ешкім тілге қатысты ештеңе айтпайтын, енді келіп, қазақша сөйле деп талап қоюды шығарыпты» дейтіндердің реніштері әлеуметтік желілерде көп айтылып, жазылуда. Қазақтар қазақ тілінде сөйле десе, бұл ең алдымен заңға сәйкес талап. Өйткені, Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сондықтан барлық қызмет мемлекеттік тілде көрсетілуі тиіс.
Бұның екінші бір себебі, соңғы жылдарда елімізде орыс тілін білмейтін қазақша білім алған адамдар қатары көбейіп барады. Мәселен, өткен жылы мектеп бітірген жастардың 70 пайыздан астамы қазақ мектептерінде оқығандар екен. Олар орыс тілін шетел тілі деңгейінде оқығандықтан, орысша дұрыс білмейді. Міне, сондай орысша білмейтін қазақтар өз елінде жүріп мемлекеттік тіл саналатын қазақ тілінде қызмет ала алмаса, бұл заң бұзушылық емес пе?
Мемлекеттік тілде қызмет көрсетіңіз деген талапқа сонша бұлданып, айқай шығаратын, тіпті аузына келгенді айтып балағаттайтындар бар. Олардың айтар уәжі: Қазақстанда екі мемлекеттік тіл бар, сондықтан орысша сөйлеу керек дегенге саяды. Шындығында Ата Заңда да, «Тіл туралы» Заңда да орыс тілі мемлекеттік тіл деп айтылмаған. Ата Заңның 7 бабында «мемлекеттік органдар мен мекемелерде орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады» делінген.
Яғни, орыс тілі тек мемлекеттік мекемелерде ғана қазақ тілімен бірдей қолданылуы тиіс. Ал жеке меншік сауда орындары мен басқа да мекемелерде міндетті түрде мемлекеттік тілде қызмет көрсетілуі қажет. Бірақ та, заңды білмейтін адамдар әлдебіреулерден естіген елімізде екі мемелкеттік тіл бар екен дегенді алға тартып, қазақша қызмет көрсетуден бас тартып жатады.
Ол аз десеңіз, қазақша сөйлегені үшін ғана адамды жазықты етіп жазғырып, тіл тигізіп, ар-намысына тиетін сөздер айтатын жағдайлар туралы видеолар әлеуметтік желілерде жиі кездеседі.
Бұл жағдайдың соңғы кезде ушыға бастағаны байқалады. Қазақ тілділер тарапынан орысша қызмет көрсететіндерге қазақша сөйлеңіз деген талап күшейе түскен. Бұның астарында қазақтар ұлтшыл болып кетті деген мәселе жатпағаны анық. Ең алдымен, бұған орыс тілділердің қазақ тілділерді айыптап, тіл тигізуі, ар-намысына тиюі себеп болып отырғаны белгілі.
Жоғарыда аталған қарағандылық келіншектің әлеуметтік желідегі жазбасы да сондай себептен туғаны айтпаса да түсінікті. Қазақстанда тұрса да қазақ тілін білмейтін, ең өкініштісі оны білуге еш талпынбайтын жандар қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткендері үшін қазақтарға жауығып, ебін тапса ар-намыстарына тиіп, мұқатып қалғылары келіп тұратыны байқалады. «Калбит, мәмбет» деген атаулардың астарында сондай ар-намысқа тию, кемсітушілік жатқаны дау туғызбас шындық.
Отыз жыл ел басқарған Назарбаев экономика, әлеуметтік мәселелерді былай қойып, заң жүзінде мемлекеттік мәртебе алған тілімізді өзінің заңды тұғырына қондыра алмай кетті. Заң жүзінде мемлекеттік деп қоқырайтқанымен, іс жүзінде өз елінде өгей баланың күйін кешіп, екінші сортты тіл болып отырған қазақ тілінің мүшкіл халіне қазақтардың ғана қабырғалары қайысады. Тілге қатысты айқай-шудың көбеюі де осыдан болса керек.
Қазақ тілін қорғаймын деп басы дауға қалған қазақ келіншегі таяуда сотталды. Емізулі баласының барлығы және аяғының ауырлығы ескеріліп, сот шешімінің орындалуы кейінге қалдырылды. Жас баласы жоқ кәсіпкер келіншек Мұхамадиева қазақтарға тіл тигізгені үшін соттала ма, жоқ, ақталып шыға ма? Қазір әлеуметтік желілерде осы мәселе қызу талқыға түсуде. Мұхамадиеваны ақтау керек деп ұрандатып жатқандар жетерлік. Қазақ тілі мен қазақ ұлтын қорлаушыларға сабақ болуы үшін қарағандылық келіншек қалай болғанда да заң алдында осы заң бұзушылық әрекеті үшін міндетті түрде жауап беруі тиіс.
Қалкөз Жүсіп.